Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Жұма, 27 желтоқсан, 04:35

Қызылорда облысында 900-ден аса кәсіпкердің құқығы қорғалған

11.12.2022

243

0

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мамандары 11 айда 900-ден аса кәсіпкердің құқығын қорғап, 1 млрд теңгеге жуық ақшасын сақтап қалған. Кәсіпкерлер құқығын қорғау үшін үш айдан жылға дейін сот табылдырығын тоздырған. Кәсіпкерлер палатасы қызметінің басты бағыттарының бірі – кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүддесін қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту болып табылады. Биыл 11 айда Палата заңгерлері құқығын қорғауды сұраған 464 өтінішті қарапты. Оның 129-ын нақты шешіп, 87-сі әлі де зерттелу үстінде екен. Ал қалған өтініштер бойынша кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Проблемаға айналған үш сала

Кәсіпкерлерден түскен өтініштерге жасалған сараптама Қызылорда облысында бизнесті алаңдататын үш саланы көрсетіп отыр. Олар: мемлекеттік сатып алу, ауыл шаруашылығы және салыққа қатысты мәселелер болып табылады.

Сатып алу бойынша мемлекеттік орган өкілдері жасалған жұмыс, жеткізілген тауар, көрсетілген қызметтердің актілерін бекітпей, уақытылы төлем жүргізбеген. Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салават Құлмахан бұл мәселе бойынша Палата жүзден аса өтінішті қарағанын айтады. Ондағы қаржы көлемі 50 мың теңгеден 15 млн теңгеге дейін жетеді екен. Нәтижесінде әзірге оларға 27 млн теңгесі мемлекеттен өндіріп берілген.

Ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп жүрген кәсіпкерлерді субсидия проблемасы жиі мазалай бастапты. Бақылаушы-қадағалаушы органдар ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау заңдылықтарына тексеру жүргізіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден мемлекеттен берілген қолдау қаржысын бюджетке кері қайтару туралы талап қойған. Осы сұрақ бойынша Палата заңгерлері 80-нен аса кәсіпкердің құқығын сотта қорғап, нәтижесінде 200 млн теңгеге жуық қаржысын сақтап қалған.

Негізгі проблемалардың үштігін салыққа қатысты мәселе, соның ішінде мәмілелерді жарамсыз деп тану түйіндейді. Облыс көлемінде сотқа мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы түскен талап-арыздардың 99 пайызы мемлекеттік кірістер органдарымен берілгені белгілі болып отыр. Былтыр сотта 145 арыз қаралса, биыл олардың саны 225-ке жеткен.

Әр іс бойынша сотқа кем дегенде екіден төрт кәсіпкерге дейін тартылып жатқан көрінеді. Соттың тек бірінші сатысында қаралу мерзімі 3 айды құрайтынын ескерсек, апелляциялық, кассациялық сатыларын қоса есептегенде кәсіпкердің аталған дау үшін 3 айдан 1 жылға дейінгі уақыты кетеді екен. Қазір мемлекеттік кірістер органдарымен сотқа мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қою бойынша Қызылорда республика көлемінде Алматы, Астана қалаларынан кейін 3-ші орында тұр.

Бұл күрделі сұрақты кәсіпкерлер өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов пен «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміровтің алдында да көтерген болатын. Осы жеке қабылдауда Рустам Жүрсінов проблеманы шешудің маңыздылығына тоқталды. Ол бұл мәселені елдің ұлттық экономикалық қауіпсіздігіне қатысты аса маңызды мәселе деп есептейді. Сондықтан мәселені Президенттің қарауына ұсынатынын айтып отыр.

Қазір Кәсіпкерлер палатасы облыстық сот, прокуратура, мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесе отырып, мәселені зерттеп, шешу жолдарын қарастырып жатыр. Бұдан бөлек Палатаға түскен арыздарда жер, құрылыс, сәулет және табиғи монополиялар салаларына қатысты проблемалар да бар.

Түскен өтініштерге палата басшысының пікірі қалай?

Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов кәсіпкерлерден түскен өтініштерге талдау жасалғанын атап өтті. Ол талдау барысында 46 арыз бойынша мемлекеттік органдар рұқсат беруді рәсімдеу барысында заңнамада қаралмаған қосымша құжаттарды талап еткенін жасырмайды. Сондай-ақ оның 44-інде кәсіпкерлердің арызын салғырт қарағаны анықталған. Ал, өтініштердің 40 пайызы кәсіппен айналысатын азаматтардың заң талаптарын толық біле бермейтінін көрсеткен.

– Әріптестерімізбен ақылдаса келе, алдағы уақытта кәсіпкерлікке қатысы бар заң талаптарын әртүрлі алаңды пайдаланып, түсіндіруге басымдық бермекпіз, – деді Пірмұхаммед Сыздықов.

Кеңесте 200-ден аса кәсіпкердің құқығы қорғалған

Палата жанында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Осы жылы кеңестің 10 отырысы өтіпті. Онда кеңес мүшелері 18 мәселені қарап, мемлекеттік органдарға 55 ұсыныс берген. Оның ішінде 17 ұсыныс орындалып, 13-ін зерделеп, жатыр. Нәтижесінде 200-ден аса кәсіпкердің құқығы мен заңды мүддесі қорғалды,  5 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылыпты.

Әкімшілік кедергілермен жұмыс, ұсыныстар

Палата заңгерлері биыл кәсіпкерлер жиі кездескен, әкімшілік кедергі келтіретін жүйелі 17 мәселені арнайы тізілімге енгізген. Оның 8-і оң шешімін тапса, қалғанын әзірге мемлекеттік органдар қарап жатыр екен. Сонымен бірге, Палата мамандары жергілікті атқарушы органдар ұсынған 94 қаулы және шешім жобасына сараптамалық қорытынды беріпті. Қолданыстағы заң талаптарына қайшы келетін немесе кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіретін талаптарды анықтап, 24-не өзгерістер енгізу ұсынылған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: