Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Жексенбі, 24 қараша, 07:14

Білім ордасының бәсі биік

02.02.2021

892

0

Ауданда соңғы жылдары тың серпінмен ілгерілеген бірден-бір сала болса, ол – білім. ҰБТ көрсеткіші бойынша Жалағаш жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр. Бұл тұста ұлағатты ұстаздардың еңбегі ерен. Олар шәкірт тәрбиелеуде ауқымды іс тындырды. Өйткені бүгінгі жас ұрпақ білімді болса, елдің келешегі кемел болары ақиқат. Жастардың білімді болуы жаһандық дәуірде бәсекеге қабілетті мемлекеттің негізін қалауына жол ашады. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар – әркімнің алға басуына жол ашатын заманауи талаптар. Мұндағы негізгі ой – білім бәйгесінде биіктен көрінетін білікті маман, уақыт талабына сай, кез келген кезеңде бәсекеге дайын тұлға қалыптастыру.

Шүкір, біздің аудан білім саласында көштен ілгері. Бірнеше жылдан бері жыл қорытындысымен үздіктер қатарынан көрініп келеді. Аудан мерейінің асып, абыройының асқақтауында осы сала қызметкерлерінің еңбегі зор. Жыл сайын білікті де білімді, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастырып, талай шәкіртті ұядан ұшырып отырған жұмысы жүйелі мектептердің бірі – аудан орталығындағы №31 мектеп-гимназиясы.

Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім. Сондықтан жас ұрпаққа сапалы, өнегелі тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің басты талабы. Білімнің дамуы – адамзат өркениетінің өлшемі. Сондықтан бұл сала үнемі жетіліп, жаңарып отыруды талап етеді. Жаңа көзқарасты, жаңашылдықты қажет ететін кезеңде жас ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп қалыптастыруда негізгі сын да, салмақ та ұстаздар қауымына түсетіні анық. Ал осындай білікті де білімді ұстаздар жұмыс істейтін білім ошағының қашанда мерейі үстем. Орыс мектебінің жыл сайын білім саласындағы жетістіктері үшін берілетін аудан әкімінің «Жеңістің биік тұғыры» номинациясын ерекше атап өтуге болады. Білім мазмұнын жаңарту идеясын іске асыруда, саланы дамытуға адал еңбектері мен жоғары кәсіби шеберліктері үшін де №31 мектеп-гимназиясының ұжымы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Алғыс хатымен» де марапатталған. Мектеп директоры Айнұр Мыханова да салада жетістікке жеткен білікті ұстаз. Ол облыстық білім басқармасы тарапынан ел келешегі жастарға сапалы білім, өнегелі тәрбие бергені үшін, Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген жетістіктері және білім беру саласына қосқан үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағанбетовтің «Құрмет» грамотасын иеленген.

Біздің мақалаға арқау болған білім ордасының жетістіктері мұнымен толастамақ емес. «Педагогикалық идеялар фестивалі» тақырыбындағы республикалық конкурстың І кезеңінде «Білім беру жүйесіндегі менеджмент» номинациясы бойынша мектеп-гимназиясының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұржамал Еркебаева ІІІ орын, «Үздік бастауыш сынып мұғалімі – 2020» аудандық байқауда бастауыш сынып пәні мұғалімі Гүлфайруз Пірманова ІІІ орын, аудандық «Үздік психолог маманы – 2020» байқауында мектеп-гимназияның психологі Ләйла Ешниязова ІІІ орын, аудандык «Үздік тәрбие маманы – 2020» байқауында мектеп тәлімгері Ақмарал Төлеуова ІІ орын, аудандық «Үздік математика пәнінің мұғалімі – 2020» байқауында математика пәнінің мұғалімі Гүлнар Ташенова ІІ орын, Технология пәнінің мұғалімі Цой Марина облыстық «Алтын қазына» қолданбалы бұйымдардың шығармашылық көрмесінде жүлделі ІІ орын, «Шеберлер қаласы» аудандық шығармашылық көрмесінде І орын иеленген. Сонымен қатар «Үздік тренер» аудандық байқауында математика пәнінің мұғалімі Лаззат Әбдреимова І орын алса, аудандық «Үздік сынып жетекші – 2020» байқауында бастауыш сынып мұғалімі Айзада Данабекқызы марапатталып, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Динара Омар аудан әкімінің «Жалын» жастар сыйлығының иегері атанған.

Мектеп ұжымының әр жетістігінде әр ұстаздың еңбегі мен оқушының қарым-қабілеті жатқанын білеміз. Аталған мектепте салауатты өмір салтын қолдайтын, қолдап қана қоймай дүбірлі додаларда, спорттық сайыстарда бақ сынап, жүлделі орыннан көрініп жүргендер де баршылық. Мәселен, Қазақстан Республикасы бойынша жеңіл атлетика найза лақтырудан 11 сынып оқушысы Ларина Людмила екі дүркін жеңімпаз атанса, Қазақстан Республикасы біріншілігінде Алматы қаласында бокстан өткен сайыста 7 сынып оқушысы Қалдан Нұрлыхан І орынды, Қазақстан Республикасының біріншілігінде дзюдодан 11 сынып оқушысы Жарылқасын Қайсар ІІ орынды иеленген. Сондай-ақ облыстық біріншіліктен футболдан жонглирование жанры бойынша 11 сынып оқушысы Махмуд Азиз ІІ дүркін күміс жүлдегері, қыздар арасында футболдан өткен жарыста мектеп командасы ІІ дүркін жеңімпаз, шахмат ойынынан 9 сынып оқушысы Куватбек Шынгыс ІІ орын иегері атанған.

Қазақтың Һас батыры Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» дегеніндей, ертеңгі ел тұтқасы болатын жас буынды тәрбиелеу міндеті бүгінгі ұстаздар қауымының мойнында. Мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Қиын да маңызды міндеттерді жүзеге асыра алатын, тек ұлағатты ұстаз. Осындай ауыр жүкті алып жүріп, барша адамзатты терең біліммен қаруландырып, үлкен өмірге дайындау тек білікті ұстаздардың қолынан келмек.

Айта кету керек, мектеп-гимназиясында түрлі патриоттық және әлеуметтік бағытта балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты «Қасиетті домбыра», «Әке ұлағаты, аналар өсиеті», «Ұлттық ойындар», «Қазақ халқының дәстүрлері», «Ерлікке тағзым», «Буллинг және кибербуллинг», «Менің өміріме қажетті мақал-мәтелдер», «Өз мектебімнің тарихы» атты жобалар ұйымдастырылып отырады.

Бұл жетістіктердің барлығы мектеп ұжымы үшін зор мақтаныш, ұстаздардың тынымсыз еңбегінің, оқушылардың қабілетінің жемісі деуге болады. Мектептің мұғалімдері бала бойына білім дарытуда, заманның өзгерісіне бейімделе алатын бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда бар білім-біліктерін аяған емес. Ұстаздық жолдың жауапты әрі қиын екенін жете түсінген мектеп ұжымы қай істе болсын ауызбіршілікпен жұмыс жасайды.

Талай таланттың талабын шыңдаған білім ордасының алар асуы, шығар биігі, бағындырар белесі әлі алда деп ойлаймыз.

Нұржамила Алмас

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: