Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Сенбі, 21 желтоқсан, 20:41

Кенеден келер қауіп көп

28.03.2023

716

0

Конго-Қырым қанды қызбасы – табиғи ошақтары бар, вирустар арқылы берілетін, кең тараған аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Бұл ауру кененің шағуы арқылы немесе ауру адамнан сау адамға жұғады. Негізінен ол көктем және жаз мезгілдерінде көптеп кездеседі. Осы мезгілдерде кене өсіп-өнуі үшін аса белсенділік танытып, жан-жануарларға, малдарға және адамдарға қан сору үшін шабуыл жасайды. БАҚ өкілдерімен өткен брифингте аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бөлімшесінің сан эпид қызмет маманы М.Ажарбаева осылай деді.
Спикер адам денесіне кене біл­діртпей және ауыртпай терінің жұмсақ жеріне жабысып, қан соратынын ай­тады. Кене Конго-қырым қанды қыз­басы ауруы қоздырғышының негізгі тасымалдаушысы екен. Сон­дай-ақ ол ұрпақтан-ұрпаққа осы қоздыр­ғыш­тар­дың тұқымын сақтап, таратып оты­рады екен.
Басқарма маманы аурудың бел­гілерін де назардан тыс қалдырған жоқ. Яғни кене шаққаннан кейін ол 7-14 күн ішінде білінеді екен. Науқас адам дер кезінде дәрігерге көрінбесе, ауру асқынып, өліп кетуі де мумкін, сонымен қатар қасындағы адамдарға да жұқтырады.
– Егер кене денеге қадалып үлгерген болса, оны пинцетпен немесе киім тігетін жіппен байлап, жайлап ырғап алып тастау керек. Кене шаққан орнын йод ерітіндісімен өңдеп, алынған кенені өртеп жіберген дұрыс. Кенені жалаңаш қолмен ұстауға, езіп мыжуға, қой қырқым кезінде қолғапсыз жұмыс істеуге болмайды. Табиғат аясында, саяжайда демалғанда кенеден қорғану шараларын мұқият сақтау қажет, – дейді М.Ажарбаева.
Айта кетейік, Қызылорда облысы Конго-қырым қанды безгегінің табиғи ошағы болып табылады. Соңғы жылдары Қырым қанды безгегін тасымалдайтын кенелер саны едәуір өскен. Алдын ала барлау, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде конго-қырым геморрагиялық қызбасының 2023 жылы серопозитивті кенелер анықталған қолайсыз елді мекендер қатарына біздің ауданның 12 елді ме­кені кіріп отыр.
Осы зерттеулердің нәтижесі көр­сетіп отырғандай, жұқпалы індетті кенелердің аймағы кеңейіп, қауіп ту­дыруда. Сондықтан жылма-жыл кене санының көбеюі, ол кенелердің адамға, малға шабуылы, адамдар арасында қырым қанды безгегінің таралуына ықпал етуде.
Оның басты себебі кенелер қыс айында көңнің астында жатып жұмыртқалап, одан пайда болған кенелер ерте көктемде адамға, малға шабуыл жасайды. Ал көктем, күз айларында мал қоралардағы күл-қоқыстар, қилар уақытылы жиналып, өртеніп отырса, кене саны азаяды. Конго-Қырым қанды безгегіне оң нәтиже берген елді мекендерде санитарлық қорғаныс аймағына, мал басына және мал қораларға залалсыздандыру жұмыстары екі кезеңде жасалады екен.

Ерлан АНУАРҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: