Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Сәрсенбі, 27 қараша, 08:21

Ішімдік ішу – Алланың тыйым салған
амалдарының бірі

11.04.2023

5185

0

Алланың рақымы түскен айлардың сұлтаны Рамазанның да орта шенінен астық. Күллі мұсылман қауымына қасиетті саналған ұлық айда барлығымыз шама-шарқымызша оразамызды тұтып, құлшылығымызды жасаудамыз. Біле білгенге әлемдердің Жаратушысы, он сегіз мың ғаламның иесінің адамзатқа парыз еткен амалдарының кез келгені рухани кемелденуге және денсаулыққа өте үлкен пайда әкеледі. Хақтың бұйрығына бойұсынып, айлардың сұлтаны рамазанда таза ниетпен ауыз бекіткен адам бес парызына бекем болса, күндердің сұлтаны жұмада жамағатпен бірге намазға тұрса, ақыретте жақсылыққа кенеледі.

Жалпы, адамзат баласының Рамазан айындағы күллі амалдары қалған айларда адам бойынан көрініп тұрады. Яғни қасиетті айда барынша күнәлардан, қателіктерден тыйылса, барлық амалын ерекше ықыласпен, Алланың разылығы үшін және ақыреттегі мол сауаптан үміт ете отырып жасайтын болса, ол пенденің құлшылығы қабыл болары анық. Бірақ адам баласы ауыз бекітіп, ораза ұстағанда тек ас ішуден тыйылып қана қоймай, денсаулыққа зиянды алкогольдік заттардан, шылым сынды жағымсыз дүниелерден де тыйылғаны абзал. Өйткені арақ-шарап барлық жамандықтың бастауы екені белгілі. Арақ ішу тек ішкен адамға ғана емес, оның отбасына, ортасына да кері әсерін тигізеді.


Арақ – мың бәленің бастауы. Ол ішкен адамды есінен алжастырып, адамдықтан аттатып қана қоймай, талай отбасының шырқын бұзып та отыр. Еліміздегі ажы­расулар, отбасындағы айқай-шу, қолай­сыз отбасылардың көбеюі, тұрмыстық зорлық-зомбылық, қылмыс, осының көбі ащы судың кесірінен орын алып жатады.


Қазіргі таңда бұл улы суды кейде кәрілер де, жастар да, еркектер де, әйелдер де ұрттап қоятынына көзіміз куә болып жүр. Тіпті кейбір жанұялардың жағдайы бала-шағасы әкелерінің бір күн арақ ішпей, мас болмай, сау келуін армандайтындай жағдайға жеткен. Әкелері көшеде құлап жатып, құрбы-құрдастарына күлкі етпесе, үйге келіп ұрыс-керіс шығарып, отбасының берекесін алмаса, бір күн болса да айқай-шусыз, тыныштықта отырып тамақтанса, бейкүнә балалар үшін ең үлкен бақыт сол.


Қаншама адам осы тентек судың сал­дарынан зардап шегуде. Дініміз Исламның арақ ішуге қатаң тыйым салуы да осы секілді озбыр қылықтардың орын алмауының алдын алуы болса керек. Шынында да, бұл дүниеде арақ ішуге құмартқан адамдар бала-шағасы, туған-туыс, дос-жаран, тіпті қоғам алдында абыройы айрандай төгіледі. Мұның арғы жағы пендені үмітсіздікке ұрындырып, харамның шырмауына әбден түсіруі мүмкін.


Адамзаттың асыл тәжі, адамзаттың ар­дақ­тысы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да арақ-шарапқа қатысты, оның зияны туралы ай­тып кеткен еді. Әнәс ибн Малик (р.ғ) жет­кізген бір хадисте «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) араққа қатысты он нәрсеге лағынет айтты: жасау­шыға, жасатушыға, ішкенге, ішкізгенге, кө­тер­генге, көтерткенге, сатушыға, сатып алу­шыға, сыйға тартушыға, арақты сатып, ақша­сын пай­даланғанға» делінген. Қарап отырғаны­мыздай, мұның бәрі лағынеттелген іс екені даусыз.

Ішімдік ішу – Алланың тыйым салған амал­дарының бірі. Ал бұл амалдарды орындаған адамдар екі дүниеде де бақытсыз болады. Расында құмар ойындар, арақ-шарап ішу, өлген малдың еті мен кез келген масайтатын ішімдіктер шайтанның нәжіс амалдарынан болғандықтан, оның зияны болмаса, пайдасы болмайтыны ақиқат. Көздеріңіз көріп жүргендей, қанша шаңырақ осы арақтың кесірінен шайқалуда. Қанша отбасы қайғыға душар болып та жүр. Қанша жан арақтың кесірінен өмірімен де қоштасып жатыр. Қанша қылмыс осы ішімдік ішкендердің қатысуымен орын алуда. Ең өкініштісі, қазір қасиетті Рамазан айы болса да сауда орындарында, дүкен сөрелерінде арақ-шарап түрлері самсап тұр. Ащы суға сұраныс болғандықтан әкеліп сататынын да білеміз. Бірақ сұранысты өтеуден бұрын, Алланың алдында бойұсыну, шариғатта тыйым салынғандардан бас тарту және ең бастысы жастардың болашағына алаңдауымыз керек еді. Бұлай айтқанымызбен, елді, жастарды ойлайтыны аз болып тұр. Мұны өндірушілер де, оны әкеліп сатушылар да жұмысын тоқтатпайтынын білеміз. Алайда ең болмаса қасиетті айда күллі мұсылманға деген сый-құрметпен, Алланың дініне деген мызғымас, берік иманымызды көрсетіп, өзгеге үлгі бола отырып, бір ай арақ-шараптың сатылымына тосқауыл болсақ, нұр үстіне нұр болар еді. қолдан келер іс қой, егер ықыласымыз болса… Шариғат мұсылман адамға арақ ішілетін жерге баруға, арақ ішетіндермен бірге отыруға, оны сатуға, сатып алуға тыйым салады.


Негізі асыл дінімізде мас қылатын ішімдіктерге тыйым салынған. Арақ-шарап, ішімдік ризық-несібенің берекесін қашырып, қорлық пен уайым-қайғыға, қиындық пен жоқшылыққа тап қылады. Арақтың мінез-құлыққа, тіпті қоғамға, денсаулыққа тигізер кері әсері орасан. Сол себепті біз оны «шайтанның суы» деп атаймыз. Осылай айта тұра, онан тыйыла алмайтын, бас тарта алмайтын тәуелді жандардың қатары артпаса, кемімей тұрғанын да айта кету керек. Сондықтан мұсылман бауырлар, қасиетті Рамазан айында және басқа айларда да алкогольдік өнімдерден түбегейлі бас тартып, Ислам дінінде тыйым салынған харамнан бойымызды аулақ ұстасақ, Рамазан айында оразамызды ұстап, лайықты түрде құлшылығымызды жасасақ, мәңгі өмірде Алланың уәде еткен, адамның өлшеміне сый­майтын нығметтерге ие боламыз.

Айбек МӘДИЕВ,
аудандық «Иманқұл»
мешітінің бас имамы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: