Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Сенбі, 23 қараша, 14:34

МЫРЗАБАЙ АХУН

18.04.2023

3967

0

zhalagash-zharshysy.kz Үлкені кішісіне ізет, кішісі үлкеніне құрмет көрсетуді өмірлік ұстанымға айналдырған Жалағаш жұрты киелі қасиетті санайтын орындар мен әулие-әнбиелер баршылық. Ең бастысы, соларды жазып, теріп, оқырманға ой салатындай етіп ұсына алсақ, біз мақсатымызға жеткеніміз.Бүгінгі әңгімені мақаланың тақырыбы айтып тұрғандай Мырзабай ахуннан бастағанды жөн көрдік. Өйткені бұл кісі дін жолында жүрген, айналасына өз білімдерінің шапағатын тигізген, өнегелі өмірлері арқылы көпке үлгі болған жан.

Дүйім жұрт киелі мекен санайтын Жалағаш жері – Алашқа ана болған Сыр өңірінің қастерлі де, қасиетті орындарға бай аудандарының бірі. Түп тарихы тереңде жатқан өңір бұрыннан құт дарып, бақ қонған өлке. Шығысы Сырдария, батысы Қармақшы ауданымен, теріскейі Жез­қазғанға жал­ғасып, түстігі Қара­қал­пақпен қабат­та­сып жатыр. Бұл жерден еліміздің кемел келешегі үшін аянбай еңбек еткен, сол жолға саналы ғұмырын арнаған мем­лекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ағар­­тушы-ұстаздар мен көптеген ға­лым­дар шыққан. Сәрке, Бұқарбай, Бәйтік, Тоғанас батырлар ел қорғаны болса, бабаларымыз Сырман қожа, Түмен, Мәмбет, Беркімбай әулие­лер, Мырзабай, Дәулетназар, Тоқсан­бай, Шаймағамбет пен екі ауданда ортақ тұлға Қалжан ахун өмір сүрген, әруақ қонған киелі өлке талай берекелі істердің бастауында тұр. Бұл өңірде өмір сүрген ақын, күйші, жыршы, ғалым мен ерекше дарын иелері аз емес. Қара сөзден дес бермеген Құба би, Бекіш, Бостай, Өмірбай шешен, Үбіс, Мысық, Алданазар, Асан, Шор­танбай, Тынымбай билерден аталы сөз қалған. Ұлт болашағы, ел келешегі үшін елеулі еңбек етіп, ізгілік туын жоғары ұстаған абзал азаматтар да осында. Сыр сүлейлерінің шоқтығы биік шоғыры шыққан қасиетті жерлердің бірі де осы Жалағаш өңірі. Керейт, Даңмұрын, Нысанбай, Жарылқасын қожа, Шоңбай ақын жыр төккен, Төлеубай Үркім­баев, Әбдікәрім Оңалбаев, Әбілда Жүрген­баев, Зордан Салықбаев отты өлеңдерімен нұр құйған аймақ бұл. Белгілі қоғам қайраткерлері Те­мірбек Жүргенов, Ілияс Қабылов, Шекер Ермағанбетованың, белгілі жур­на­лис­тер Кеңесбай Үсебаевтың, Әбдіра­шит Бердәулетовтің, Зейнолла Жар­қын­баевтың, әдебиет зерттеушісі Мар­­дан Байділдаевтың кіндік қаны там­ған жер. Еңбектің ерен үлгісін көр­сеткен Исатай Әбдікәрімов, Несіпбай Әпрезов, Алда­берген Бисенов, Ұзақ Еспанов, Қазына Жүсіпова, Тұршабек Елеусінов, Ысқақ Жолмырзаевтар Еңбек ері атаған аймақ та осы өлке. Ауыл ша­руашылығының білгір ұйымдас­тыру­шылары тұрған же­рінде еңбегінің ізі қалған Мөрәлі Шәме­нов, Далдабай Жалтынов, Камал Бердәу­летов, Өмірзақ Тұңғышбаевтар туып-өскен жер де осы Жалағаш екенін айта кеткен жөн.

Осындай жақсылар мен жайсаңдар туған жерде жұмыс жасаудың өзі түсін­генге бір бақыт. Тарихты адамдар жа­сайды, ал адамдардың саналы ғұмыры келер ұрпаққа өнеге.

Дүние жаратылысына дін арқылы бойлаған

Осылай терең ойдың жетегімен келе жатқанымызда “Мырзабай ахун” меші­тіне қалай жеткенімізді де аңғармай қалдық. Алдымен баба мешітінің жанына отырып, Құран оқыдық. Сонан соң сәл әріректе орналасқан мазарына барып, дұға жасадық. Ел ішінде Мырзабай ахун жайлы аңызға айналған әңгімелер көп. Сол кезде айтқандары кейін орындала бастаған соң оны діни алымдылығымен қоса көріпкелділігі де бар деп санайды. Алайда мына жалғанда алдын ала болжауы және айтқандарының нақ келуі неден? Оны бұрынғы ақсақалдар «Ілім білімнің күшімен болжауы, немесе Алла әмірімен келетін ақиқат түсті жоруы» деп отыратын. Ал ахун жайлы зерттеу мақала дайындаған Ыдырыс Жұмағұлов бұл кісіні білімі асқан данышпан, терең ойға, дүние жаратылысына дін ілімі арқылы сүңги алған жан деп санайды.

Мырзабай ахун Азаматұлы шама­мен 1832 жылы Жалағаш ауданына қа­расты Мәдениет ауылы маңындағы елді мекенде дүниеге келеді. Шыққан тегі Кіші жүздің Керейт руы, оның ішінде Арбалы, Абыз болып тарайтын тармағынан. Мырзабай ахунның нақты өмірдерегі ешқандай жазба архивтерде сақталмаған. Тек, ахунның немерелері Салхадин, Ғафура, Тельмандардың шамалауынша 85 жасында қайтыс болған. Ұрпағы мен ел аузындағы әңгімелерді жинақтап, зерттеп, кітапқа ендірген ғалым Н.Жалғасовтың ай­туынша ауылда мұсылманша сауат аш­қан Мырзабай « Көкілташ» медре­се­сіне 16 жасында оқуға түсіп, оны 1854 жылы үздік бітіріп, «Ахун» атағын алып шыққан. Қазіргі зерттеушілердің айтуынша Ахун- жеті ілімді меңгерген адам немесе қазіргі тілмен айтқанда жеті ғылыми жұмысын қорғаған. Бұлай айтуларының да себебі бар секілді: «Сол кездерде «Көкілташ» медресесінде аспан әлемі, математика, медицина, жағрафия, фи­ло­софия, жаратылыстану және дін ілімі тереңдетіліп берілген» дейді. Осы­лардың барлығын меңгеріп шыққан маманға «Ахун» атағы беріледі екен. Осыншама ғылымды меңгеріп шыққан Мырзабай ахун 4 жыл сол «Көкілташ» медресесінде сабақ береді. Содан кейін білім нұрын өзге аймақтарға тара­тайын деген ол Сыр өңіріне келмес бұрын, Амудария жағасына қоныс теп­кен, Беруни қаласының маңындағы тақ­такөпір деген жерге келіп, Қалжан ахунның әкесі Бөлекбай батырдың ауы­лын сағалаған екен. Өйткені, Сыр бойын­дағы халық отырықшылдыққа бейімделе қоймаған, бала оқытуға мешіт салмаған екен. Ал, Қарақалпақ жерінде мешіттер болыпты. «Оның сол жақта білім беріп жүргенін естіп қалған Ораз ахун оны елге алып келу үшін барады. Сонда Сыр өңірінде мешіттердің салынғалы жатқанын, жалынды жастардың бар екенін, байлардың оған қаржы құятынын естіген. Сөйтіп елге алып келеді.

Ұстаз һәм диқан

Туған жерге оралған ол дереу білім берумен айналысып кетсе де өзінің ерекше ұстанымды мінезімен өзінің ахун екенін айтпайды. Өйткені ол мақтануды, асып-тасуды өзінің бойынан аулақ ұстаған. Тек оның ахундық дәрежеге дейін жеткенін өз замандастары Ораз ахун, Қалжан ахун және Алданазар билер айтады. Мырзабай ахун елге діни білім беріп, мал-мүлік жинамай, өзіне дарыған сахилық, әулиелік, емшілік етумен қатар игерген ғылымдарының да жемісін жегізеді. Ешқандай құрылғысыз жұлдыздардың күн сәулесінің түсуінің құпияларын пайдалана отырып, «Пірман арығы», «Жоламан арығы» және өзге көптеген су жолдарын қаздырып, егін салдырады. Сол арықтарды ел күні бүгінге дейін пайдаланып отыр.

Облыстық тарихи-мәдени ескерт­кіштерді қорғау мекемесінің қызметкері Еркебұлан Елеуов Мырзабай ахунның айтқандары дәл келгенін жеткізеді. Аңыз бойынша, көріпкел әулие бабамыз ХХ ғасырдың басында Сырдарияның теріскейінде салынып біткен теміржолға қарап, ойға батып тұрып: «Мағырып пен Машырық (батыс пен шығыс) байланысатын болды деп қуануға ертерек шығар, осы жолдармен бөтен түрлі зиянды әдеттер ел ішіне ендеп кіріп кете ме деп қорқып тұрмын»,– деген екен. Алдағы күндерді болжап айтқан мына бір сөздерін де ел әлі күнге дейін аузынан тастамай айтып жүр. Бірде ахун таң намазын оқып бол­ғаннан кейін шәкірттерін жинап алып: «Маған бүгін әулиелер аян берді. Патша да емес, хан да емес, заманның өзі үш қайтара өзгеріске ұшырайтын болды. Кейбір халықтарға ғылымнан, сезімнен, сергектіктен айрылар күн туады. Көздері кіреукеленіп, медресе үйлері мен аспанмен астасқан мешіт мұнараларын көрмей қалмаса болар еді. Мен бұл кезеңде бақилық дүниеде жүрермін, қиыншылыққа сендер душар болатын болдыңдар-ау», – деп мұңға батып тұрып қалыпты.

Мырзабай ахун өте еңбекқор жан болған. Төңірегіндегілерге суармалы егіс пен бақша дақылдарын егуді үйрет­кен. Қолы бос кезінде үнемі бақша егіс басында болады екен.Бірде атының мойны кетіңкіреп жүрген бір жігіт, ағайын­дарының ақылымен Мырзабай ахуннан бата алуға келеді. Келсе ол кісі бақша жұмысымен айналысып жатыр екен. Сәлем беріп, келген шаруасын айтады.Сонда Мырзабай ахун кетпеніне сүйеніп тұрып, қолыңды жай дейді. – Әуелден ақырына дейін берсін – дейді де «аллаһуаһбар» деп бетін сипап, қайтадан жұмысына кірісіп кете береді. Атына қонған жігіт едәуір жерге барғасын ойланып, «япыр-ау, мен бата алу үшін соншама жерден келгенімде бұл кісі маған жөнді бата бермеді-ау» деп, қайтадан кері оралады. Қайта келіп ренішін айтқан жігітке «мен саған әуелден ақырына дейін сұрап едім, сол саған аз болды ма?» деп аздаған кейістік білдіріпті. Сол жігіт жағдайы түзеліп, шаруасы оңға басып, қазаны оттан түспейтін, келім-кетімі көп ауқатты отбасының бірі болған екен.

Денсаулық сақтау саласының арда­гері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Раушанбек Смағұлов Мырзабай ахунның келген-кеткен кісілердің пейіл-ниетін де білген әулиешілдігі болғанын айтады. Бірде ауқатты үш адам Мыр­забай ахун қандай адам екен көрелік деп, ахунға келеді. Олар келгенде де, ол кісі бақша басында жер шауып жүр екен. Үстінде көйлек-дамбал, басына байлап алған орамал, күнге тотыққан шаруаны көрген ауқаттылар , ахунды мен­сінбей, үйге жүріп дәм татыңдар дегеніне қарамай жүріп кетеді. Біршама уақыттан кейін әлгі үшеудің үстіне қара бұлт үйіріліп, дауыл соғып, нөсерлетіп жаңбыр жауып ілгері жүргізбейді. Бол­мағасын кейін қайтып ахунға келеді. Келсе ешқандай дауыл, жаңбыр жоқ, жайма шуақ. Әлгілер ахуннан кешірім сұрап, жайған дастарханнан дәм татып, қайта жолға шығып, баратын жерлеріне аман-есен жеткен көрінеді.
Мырзабай ахун бірыңғай оқыту­шылық пен айналысып қоймай, фило­софия, астрономия, психология, меди­ци­наны меңгерген сыңайлы.

Қызылқұмда жайлаған Шобдар Шәріптің ұлы Нұржан біраздан бері науқастанып, Мырзабай ахунға алып келеді. Баланың тамырын ұстап, көз жанарын бағдарлаған ахун: «Шырағым, анау өтіп бара жатқан малды қайтарып кел» – деп баланы жұмсайды. Сонда баланың әкесі: «Тақсыр, бұл бала оған жара­майтын шығар?» деген. Сонда ахун: «Шырақ, сабыр түбі – сары алтын, сабырлы жетер мұратқа деген бар. «Әліп » әл береді, «Би» берекесін кел­ті­реді, «Си» сенім ұялатады барсын бала» дейді.
Бала орнынан тұрып, малдың бетін қайтарып, біршама уақыттан кейін үйге келеді.Көптен дене қозғалысынан ауыр­дым деп, шектен келген баланың өңі кіріп, маңдайы жіпсіп, бет ажары еніп, өңі келіп қалған екен.

Емнің басын осындай дене қимы­лынан бастау алып, ақыл-кеңесін беріп шығарып салған. Сол бала кейін­нен құлан-таза айығып кеткен көрі­неді. Бұл дене қимылы мен үздіксіз еңбектің денсаулыққа тигізер орасан пайдасының бір сарасын көрсетіп отыр. Бірде үш-төрт игі жақсылармен әулие Жәрімбеттің басына барып қайту үшін жолға шығады. Жолай бір ауылда түстеніп отырғанда жара шығып қатты ауырып жатқан баланы көр­се­теді. Баланың әлі өте ауыр есең­гіреп сандырықтап жатқан, денесі қол тигізбейтін ыстық екен. Сонда ахун: «жалбызымның жоқтығынан жалғы­зым­нан айрылдым» деген, баладан айы­рылып қала жаздапсыңдар ғой, жараға таңатын шөпті алдырып таңып бергеннен кейін, «енді көп ұзамай аяғынан тұрып кетер» дейді. Кейін қайтар жолда әлгі баланың шауып ойнап жүргенін көреді.

Мырзабай ахунның Бұхарада медре­седе оқып жатқан ұлы дүние салып, соны ахунға естірту үшін Қалжан ахун, Қайқы батыр мен Алданазар би барады. Амандық-саулық сұрасып жайғасқан соң Алданазар би сөз бастайды:

– Тақсыр, Алланың ісіне шүкіршілік кімнен мирас болып қалып еді, – деген.
– Е, Алданазаржан, шүкіршілік Дәуіт пайғамбардан қалды емес пе.
– Тақсыр, сабырлылық кімнен қалып еді?
– Сабырлық Аюб пайғамбардан қалып еді, – дейді ахун.
– Тақсыр «шейіт» деген сөзді тәржі­малап берсеңіз.
– Шейіттер Алланың бұйрығымен, патшаның әмірімен ел-жұртын жаудан, не тосын апаттан қорғауда, әділет жо­лында қаза болғандар және осы топқа білім жолында жүрген, сапарда, жырақта жүріп қаза болғандар да жатады, – дейді ахун.
– Төреңізге құлдық тақсыр, білім жолында жүрген балаңыз қайтыс болды деген хабар алып отырмыз. Алла ақы­рын берсін, – деп көңіл қос айтады.
Сонда Мырзабай ахун көзіне жас алып, ұзақ отырып қалған екен.
Алданазар би: – Уа тақсыр, Дәуіт пай­ғамбар отыз ұлдан айырылғанда Аллаға шүкіршілік еткенін әлгінде айттыңыз, һәм өзіңіз де сабыр, шүкіршілік иесі едіңіз ғой, – дейді. Мырзабай ахун:
–Уа, игі жақсылар, кешірім өтінемін, бөгетім жығылып кетіп, еркімнен айы­рылып қалдым ғой, – деп жауап қайырыпты.

Осындай ерекше қасиетті жандар, халықтың жүрегінде сақталып қалды. Өйткені оларды халық аса құрметтеген, қадірлеген, пір тұтқан. Мырзабай ахун жайлы осындай деректерді саралап, Әбжәли ишанның мешіті орналасқан Таң ауылына қарай бет түзедік. Бұл жайын­да келесі мақаламызда айтатын боламыз.

АХУННАН ҚАЛҒАН АМАНАТ

Бірде ардагер-журналист, ақын, Қазақ­стан Журналистер одағының мү­шесі, аудандық “Жалағаш жаршысы” газетінің байырғы редакторы Серік Бертаев ағамыз Мырзабай ахунның өзі қолданған бас жастық пен Құран кітапты Шегебай есімді кісіге аманаттағанын, ахуннан қалған мұраны бүгінде Айтбай атты Жалағаш кентінің тұрғыны сақтап отырғанын жеткізді. Дүйім жұрт киелі мекен санайтын Жалағаш жері – Алашқа ана болған Сыр өңірінің қастерлі де, қасиетті орындарға бай аудандарының бірі. Мен бұл жердің түп тарихы тереңде жатқан өңір екенін жақсы білемін. Бұрыннан құт дарып, бақ қонған өл­ке­нің тұлғалы азаматы Мырзабай ахуннан қалған аманатты көру үшін ақын Серік Бертаевты асықтыра түстім. Аудандық кітапхананың ашылуынан кейін Шегебай ақсақалдың кенже ұлы Айтбай ағаның шаңырағына тарттық. Қасымызда суретке түсірудің кәнігі шебері Махамбет Ахметов бар.

Бірде ардагер-журналист Серік Бер­таев Жалағаш өңірінің арғы-бергі та­ри­хынан сөз қозғады. Шығысы Сыр­дария, батысы Қармақшы ауданымен, теріскейі Жезқазғанға жалғасып, түстігі Қарақалпақпен қабаттасып жатқан Жалағаштан саналы ғұмырын ел мен жерге арнаған ерлер көптеп шыққанын айтты. “Бұл жерден еліміздің кемел келешегі үшін аянбай еңбек еткен, сол жолға саналы ғұмырын арнаған мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ағартушы-ұстаздар мен көптеген ғалымдар шыққан. Сәрке, Бұқарбай, Бәйтік, Тоғанас батырлар ел қорғаны болса, бабаларымыз Сырман қожа, Түмен, Мәмбет, Беркімбай әулие­лер, Мырзабай, Дәулетназар, Тоқсан­бай, Шаймағамбет пен екі ауданға ортақ тұлға Қалжан ахун өмір сүрген, әруақ қонған киелі өлке талай берекелі істің бастауында тұр. Бұл өңірде өмір сүрген ақын, күйші, жыршы, ғалым мен ерекше дарын иелері аз емес. Қара сөзден дес бермеген Құба би, Бекіш, Бостай, Өмірбай шешен, Үбіс, Мысық, Алданазар, Асан, Шортанбай, Тынымбай билерден аталы сөз қалған. Ұлт болашағы, ел келешегі үшін елеулі еңбек етіп, ізгілік туын жоғары ұстаған абзал азаматтар да осында. Сыр сүлейлерінің шоқтығы биік шоғыры шыққан қасиетті жерлердің бірі де осы Жалағаш өңірі. Керейт, Даңмұрын, Нысанбай, Жарылқасын қожа, Шоңбай ақын жыр төккен, Төлеубай Үркім­баев, Әбдікәрім Оңалбаев, Әбілда Жүр­ген­баев, Зордан Салықбаев отты өлең­дерімен нұр құйған аймақ бұл” деп туған жердің атақты адамдарын тізіп келеді. Арасында менде сөзге араласып қоғам қайраткерлері Темір­бек Жүргенов, Ілияс Қабылов, Шекер Ермағанбетованың, белгілі журна­листер Кеңесбай Үсебаевтың, Әбді­рашит Бердәулетовтің, Зейнолла Жар­қын­баевтың, әдебиет зерттеушісі Мардан Байділдаевтың кіндік қаны тамған жердің топырағы да қасиетті, адамдары да өнегелі екенін айттым. Менің бұлай сөз саптағаныма ерекше қуанған Серік ағамыз: “Сен бұл жердің тарихын Жалағашта туғандардан да артық білетін сияқтысың” деп, арқамнан қақты. Иә, еңбектің ерен үлгісін көрсеткен Исатай Әбдікәрімов, Несіпбай Әпрезов, Алдаберген Бисенов, Ұзақ Еспанов, Қазына Жүсіпова, Тұршабек Елеусінов, Ысқақ Жолмырзаевтар Еңбек ері атаған өлкенің тарихын қалай ғана санаңа тоқымайсың?! Ауыл шаруашылығының білгір ұйымдастырушылары тұрған же­рінде еңбегінің ізі қалған Мөрәлі Шәменов, Далдабай Жалтынов, Камал Бердәулетов, Өмірзақ Тұңғышбаевтар туып-өскен жер де осы Жалағаш екенін айтып, Серік ағамыздың маған берген бағасын айғақтай түстім.
Сүт пісірім уақытта межелі орынған жеттік. Бізді есіктің алдынан үй иесі Айтбай Шегебайұлының өзі күтіп алды. Өзі ішкі істер саласының ардагері болса да тарихи дүниелерге аса ұқып­тылықпен қарайды екен. Оның үстіне аңыз әңгімелердің бірсыпырасын біле­тінін де аңғардық.

Сөзді Айтбай Шегебаевтың өзі бас­­тады. Алдымен осы өңірдің арғы-бергі тарихынан сөз қозғап, Мырзабай ахун­ның өмір жолына үңілді. Сонан соң өзі көізінің қарашығындай сақтап отырған ахуннан қалған Құран кітап пен бас жастықты алып келді. “Менің әкем Шегебай Мырзабай ахунның хатшысы болған адам. Мына құран кітапқа қанша жыл болғанын білмеймін, бірақ көненің көзі екені анық. Әкем Шегебай 1888 жылы өмірге келген. Атам Еснияз Дүзелбаев 1910 жылы Пе­ре­возский уезіндегі Қышбөгет болы­сының 7 ауылын басқарған. Әкем бұрынғы Бірлік колхозында парторг болған. Сондай-ақ Мырзабай ахун ата­мыз­дың атқосшысы, іс-қағаздарын жүр­г­ізушісі қызметін атқарған. 1917 жыл­­дан 1924 жылға дейін 8 ауылда ауыл­­дық кеңес төрағасы болып жұмыс жа­саған. 1924 -1938 жылдар арасында Ақтікен селпосына қарасты Мырзабай ауылында дүкенші болған. Әкеміз Мә­дениет каналының жағасында мұрап та болып жұмыс істеген.Тіпті отбасын да сол жерге көшіріп апарған. Анам Жа­ңылша Серманова екеуі сол жерге ағаш егіп, бау-бақшаға айналдырған. Жұрт күні бүгінге дейін сол жерді “Шеге­бай талы” деп атайды. Осы жерге ҚазССр Жоғары Кеңесінің төрағасы Аши­мов пен Бисебаев келіп, үйіміздің қа­­дір­лі қонағы болған” – деп сөзін рас­тай­тын құжаттарды көрсетті. Одан әрі Мыр­за­бай ахун Шегебай ақсақалға “Мы­наны кен­же ұлыңа тапсырарсың” деп біз әң­гіме арқауына айналдырған Құран кі­табы мен бас жастықты бергенін айтты.
Қызыл масатымен қапталған Мырза­бай бабамыз жастанған жастық бүгінгі күнгі біз қолданып жүрген жастықтардан анағұрлым ауыр. Қолымызбен ұстап көтеріп көргенде оған көзіміз жетті. Ал Құран кітаптың парақтары сарғайып кетсе де әріптері тайға таңба басқандай анық екен. Оны да Айтбай ағамыз әке­сінен қалған былғары қол сөмкеге салып, оның сыртын матамен орып, сонан барып Шегебай ақсақал ұстаған был­ғары портфельге салып сақтап отыр.

Әңгіме арқауына айналған Мырзабай ахун Азаматұлы шамамен 1830 жылы Жалағаш ауданына қарасты Мәдениет ауылы маңындағы елді мекенде дүниеге келген. Шыққан тегі Кіші жүздің Керейт руы, оның ішінде Арбалы, Абыз болып тарайтын тармағынан. Мырзабай ахунның нақты өмірдерегі ешқандай жазба архивтерде сақталмаған. Те, ахунның немерелері Салхадин, Ғафура, Тельмандардың шамалауынша 85 жа­сында қайтыс болған. Ұрпағы мен ел аузындағы әңгімелерді жинақтап, зерттеп, кітапқа ендірген ғалым Н.Жалғасовтың айтуынша, ауылда мұсыл­манша сауат ашқан Мырзабай «Көкілташ» медресесіне 16 жасында оқуға түсіп, оны 1854 жылы үздік бітіріп, «Ахун» атағын алып шыққан. Қазіргі зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, Ахун – жеті ілімді меңгерген адам немесе қазіргі тілмен айтқанда, жеті ғылыми жұмысты қорғаған. Мырзабай ахун 4 жыл сол «Көкілташ» медресесінде сабақ береді. Содан кейін білім нұрын өзге аймақтарға таратайын деген ол Сыр өңіріне келмес бұрын Амудария жағасына қоныс тепкен, Беруни қала­сының маңындағы Тақтакөпір деген жерге келіп, Қалжан ахунның әкесі Бөлекбай батырдың ауылын саға­лайды. Өйткені Сыр бойындағы халық оты­рық­шылдыққа бейімделе қоймаған, бала оқытуға мешіт салмаған екен. Ал Қарақалпақ жерінде мешіттер бо­лыпты. Оның сол жақта білім беріп жүргенін естіп қалған Ораз ахун оны елге алып келу үшін барады. Сонда Сыр өңірінде мешіттердің салынғалы жатқанын, жалынды жастардың бар екенін, байлардың оған қаржы құятынын естіген. Сөйтіп елге алып келеді. Қазір Мырзабай бабамызға қатысты аңыз-әңгімелер баршылық. Оның әулиелігі, көріпкелдігі, елге жасаған жақсылығы ешқашан ұмыт болмайды.

Қарап отырсақ, ескі Құран кітап та, баба жастанған жастық та 100 жыл­дан аса уақыт сақталған жәдігер екен. Құртпай, жыртпай, бүлдірмей сақтап отырғанын көрген біз Айтбай Шеге­байұлының әрбір затқа ұқып­ты­лықпен қарайтынын аңғардық. Өзінің айтуынша, ахунның аманатын әкесінен қабылдап алғанына да елу жыл уақыт болған. Алла қаласа ұлдарының біріне тапсырмақ екен.

Бұл шаңырақта Шегебай ақсақалдан қалған ер-тұрман да бар. Тіпті әбзел­дері күмістен соғылған заттың да еш жері бүлінбеген. Әкесінен қалған ерді Айтбай ағамыз қатты бағалайтынын, бұл мұраларды балаларына да асқан ұқыптылықпен сақтау қажеттігін үнемі айтып отыратын көрінеді. Біз аманатқа адалдық танытып отырған азаматқа разы болдық.

А.Жұмаділда,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: