Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 22:18

«Мұрагері» бар мектеп

09.02.2021

991

0

Мұра – біздің ұғымымызда атадан балаға қалатын құндылық. Ата мұрасына бала ие бола алса игі. Ал ұлт мұрасына мұрагерлік ету үшін жас ұрпақтың зердесі зерек, көкірегі ояу, санасы сергек болуы тиіс. Осы үш қасиет бойына дарыған баланың болашағынан үлкен үміт күтуге болады. Олардан білімді, өнерлі, намысты, рухты, тәрбиелі, жаңашыл тұлға қалыптасады.

Аудан орталығындағы таяуда ғана ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің атын иеленген №201 мектеп-лицейге барып, ондағы оқушылармен жүздескен сайын көз алдыма кешегі ұлтының келешегі, халқының болашағы үшін қызмет қылған білімі мен өнері кемерінен асып төгілген ұлт жанашырлары, алаш арыстары елестейді. Өйткені бұл білім ордасы шәкірттердің жүрегіне тек білім шұғыласын түсіріп қана қоймай, бірнеше буын ұрпақты ұлттық өнерге баулып келе жатыр. Есігінен енгенде қоңыраудың сыңғырынан бөлек, қара домбырадан төгілген күйдің күмбірі қарсы алады. Оған сәл кейінірек тоқталамыз.

Талғат Садықов басшылық жасайтын аудан орталығындағы бұл мектептің отыз жылдан аса тарихы бар. Жаңа да емес, ескі де емес. Осы жылдар ішінде өзіне тән тәртібі және баршаға бірдей стандартты білім беру жүйесінен бөлек өзіндік оқыту методикасы қалыптасқан. «Мұғалім – мектептің жүрегі». Соның ішінде білікті мұғалім – сапалы білімнің кепілі. №201 мектеп-лицейдегі мұғалімдердің дені біліктілігі жоғары педагог мамандардан жасақталған. Оған мектептің бірнеше жылдан бері жыл қортындысында «Білім бәйтерегі», «Білім шыңы», «Білімнің биік тұғыры», «Үздік ұйым», «Табысты мектеп», «Үздік жаңашыл мектеп», «Үздік иновациялық мектеп», «Ең үздік ауыл мектебі» секілді номинацияларын иеленіп келе жатқаны дәлел. Расында жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде, ілім беруде бұл мектеп жаңашыл бағыт ұстанған. Алдымен білім берудегі жетістігіне тоқталайық…

Қандай да бір ұжымның алға басуы немесе кері кетуі бір сәттік үдеріс емес, биікке көтерілсе де, төменге түссе де сол межеге сатылап аяңдайды. Сондықтан мектеп-лицейдің жетістігін айтарда сәл шегініс жасауымызға тура келеді.

Мәселен, 2017-2018 оқу жылы мектепті 37 бала бітірсе, 2 оқушы (Жалғас Сәкен, Кулдейева Пердехан) «Алтын белгі» иеленіп, 1 оқушы (Тыныс Айдана) «Үздік аттестат» алған. ҰБТ-дан орташа 95 ұпай жинап, 26 оқушы мемлекеттік грнат бойынша жоғары оқу орнына түскен. Ал 2018-2019 оқу жылы 31 бала мектеп бітіріп, 2 оқушы (Абдықали Бақдәулет, Тобжанова Арай) «Алтын белгі» иеленіп, 5 оқушы (Бекенова Әлия, Балтабай Аружан, Сисенбай Индира, Тәңірберген Әдемі, Шәмші Гүлнұр) «Үздік аттестат» алыпты. ҰБТ-дан орташа 97,4 ұпай жинап, 30 бала мемлекеттік грант негізінде жоғары оқу орнына түсті. 2019-2020 оқу жылы мектепті 28 бала бітіріп, 5 оқушы (Ғалым Жансая, Жұмағали Ақерке, Меңлібай Рамазан, Тәңірбергенқызы Гүлназ, Тұрғанбай Дамир) «Алтын белгі» иеленсе, 2 оқушы (Әбузар Жадыра, Тұрар Маржан) «Үздік аттестат» алған. Бұл оқу жылында мектеп бітіруші түлектер ҰБТ-дан орташа 91,5 ұпай жинап, 23 оқушы мемлекеттік грант негізінде жоғары оқу орнына түсіпті. Әрине білім бәсекесінде мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шыққан бұл оқушылармен мақтанғанда оларды таңдау пәндері бойынша баптап, дайындаған Аңсаған Нұрмаханова, Гүлбаршын Шаекеева, Бағия Әлібаева, Айгүл Шілдебаева, Алмагүл Қуатова, Гүлдана Ермаханова, Алтын Дүйсенова, Гүлайхан Нұрылдаева сынды мұғалімдердің де аттары қоса аталады. Өйткені талапты оқушының кеудесіндегі жылтыраған отты жалынға айналдыратын – ұстаз.

Бұл мектеп білім сапасымен бірге тәрбие беру ісіне де қатты мән береді. Мектеп ұжымының ұстанатын негізгі қағидасы: мақсат, талап, жаңашылдық. Бұл барлық мектепте де бар, әрине. Алайда, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегенді айтқан Әл-Фараби еді. Осындай ғұламаның атын иеленген білім ошағы жоғарыда тізіп кеткен қағиданың барлығын заман талабына сай жаңа бағытта жүргізіп келеді. Әсіресе жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеп, оны тәрбие берудің басты бағдары етіп алуы қуантады. Бұл орайда мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айқын Жақсылықованың есімі еріксіз еске түседі.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы негізінде ұлттық құндылыққа бағдарланған тәрбие жүйесі жасалды. Бұл аты айтып тұрғандай, «Мәңгілік Елдің» ертеңін жасайтын жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымыздың нәрін сіңіріп, бағыт-бағдар беруде таптырмайтын педагогикалық әдіс. Озық тәжірибені тарату мақсатында Педагогикалық шеберлік орталығында жалпы білім беру ұйымдары басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына арналған біліктілік арттыру бағдарламасы әзірленді. Осы бағдарлама аясында 2015 жылдан бастап Қызылорда қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығының филиалында өңірдегі мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары біліктілік арттыру курстарынан өтті. Солардың қатарында Айқын Жақсылықова да бар.

Аталған бағытта алғашқылардың бірі болып 2015-2016 оқу жылы №201 инновациялық мектеп-лицей ұжымы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін орта мектеп жағдайына бейімдеп, өз тәжірибелерін аудан, облыс көлемінде таратып, насихаттай бастады. Мектепте «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы құрылып, жұмыс істеп келеді. «Шаңыраққа» аймағымызға белгілі кісілер жиі қонақ болып, оқушылармен түрлі тақырыпта сұқбаттасады. Бұдан бөлек, рухани саланың белді өкілдерімен де кездесулер өткізіп, әдеби-музыкалық кештер ұйымдастырылады. «Шаңырақта» өтіп тұратын мұндай шаралар әлбетте, оқушылардың рухани әлемін байытып, танымын тереңдетіп, елжандылық сезімін оятып, өмірлік ұстанымын қалыптастырады. Сонымен бірге «Қазақтың 100 әні» жобасын да балаларға ұлттық өнерді насихаттаудың қарапайым түрі десек болады. Егер ұлттық тәрбиенің қайнар көзі қазақтың қара өлеңі мен халық әндері десек, бұл орайда да оқушылар ел жадынан ұмтылып бара жатқан халық әндері және оны шығарушылар мен орындаушыларды танып, біледі. Рухани мұрамызды түгендеуді мектептен бастауға мүмкіндік тудырған «Шаңырақтың» жұмысы жалғасып келе жатыр.

Көп оқығанның көзі – ашық, көкірегі – ояу. «Көп оқып, көп білуге ұмтыл: лицей шәкірттері оқуға міндетті 30 кітап» жобасының да нәтижесі жоқ емес. Барлық сынып бұрыштарында үш тілде жазылған 30 кітаптың тізімі ілініп, мектеп кітапханасында арнайы көрме әзірленген. Жыл бойы акция аясында оқылған кітаптардан апталықтар мен онкүндіктер ұйымдастырылып, қорытындысы жарияланып отырады екен. Аталған жоба оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятып, сөздік қорын байытқан. Оқушылардың өздері оқыған көркем әдебиеттері төңірегінде ой бөлісіп, кейіпкерлердің іс-әрекеттерін талдау арқылы өзіндік көзқарастарын қалыптастырғанын да аталған жобаның оң нәтижесі деп білсек болады. Осы орайда оқушыларды түрлі шаралар арқылы кітап оқуға шақырып жүрген мектеп кітапханашысы Феруза Досанованың тынымсыз еңбегін айналып өтуге болмайды.

Жетекшілер жыл соңында жоба жеңімпаздарын анықтап, «Туған жерге тағзым» саяхатына жолдама беруді дәстүрге айналдырыпты. Жолдаманы жеңіп алған оқушылар жазғы демалыста туған өлкесінің табиғаты және ондағы тарихи мұралар, қасиетті орындармен танысып, өздерін толықтыра түсері сөзсіз. Сонымен бірге мектепте «Мен әлемге домбыраны танытамын!», «Ата-ананың жұмыс орнындағы 3 күн», «Туған жерге тағзым!» атты өлкетану саяхаты және «Балалар әлеміндегі игі істер» деп аталатын әлеуметтік жобалар бар. Бұлардың барлығы да тақырыптарына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді.

Осы жұмыстардың жалғасы іспеттес 2020-2025 жылдарға арналған «Құндылықтарға негізделген білім беру» жобасын іске асыру мақсатында мектепте ата-аналармен өзара бірлескен іс-қимылының жаңа форматы еніп жатыр. Бұл жоба пәндер мен қосымша білім беруді, тәрбие мен білім беру процестерін біріктіретін бірыңғай мәдени, білім беру және рухани-адамгершілік кеңістікті білім берудің барлық деңгейін қалыптастыруды көздейді. Сонымен бірге қазірде «READx», «Kitapp» қосымшасы, «QRkitap» жобалары да қолға алынды.

Мектеп-лицейдің бірнеше жылдан бері иеленіп келе жатқан номинацияларын жоғарыда жаздық. Әрине ол жетістіктердің барлығы аталған жобалардың жүзеге асуының нәтижесі және талапшыл, жаңашыл мұғалімдер мен білім алуға ынталы, талапты оқушылардың арасындағы балталап бұза алмайтын байланыстың айқын көрінісі. Сонымен бірге мектеп оқушыларының шығармашылық, өнер байқаулары мен спорттық жарыстардан да көрсеткіштері жоғары.

Жалпы және техникалық білім беру ұйымдарының оқушылары мен студенттері арасында «Жау жүрек полк» тақырыбында ҰОС ардагерлерінің ерліктерін насихаттау бойынша қашықтықтан облыстық бейнеролик конкурсында 5 сынып оқушысы Көшер Қуаныш ІІ орын алып, облыстық білім басқармасының дипломымен мараптталды. Сонымен бірге Қызылорда облысының білім басқармасы «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығындағы «Табиғатты аяла» тақырыбындағы қашықтықтан өткізілген облыстық бейнеролик байқауында 6 сынып оқушысы Шаймерден Нұрханым мен 5 сынып оқушысы Жұмағұл Мәдина ІІІ орын, «Туған елге саяхат» тақырыбындағы қашықтықтан өткізілген облыстық бейнеролик байқауында 6 сынып оқушысы Жалғас Ақжібек ІІІ орын, «Менің елім – Қазақстан» тақырыбындағы қашықтықтан өткізілген облыстық бейнеролик байқауында 5 сынып оқушысы Әлімбет Ермұхамед ІІ орын, «Ұлы даланың ұлы есімдері» тақырыбындағы қашықтықтан өткізілген облыстық бейнеролик байқауында 9 сынып оқушысы Сайфулла Нұрай ІІІ орын және 6 сынып оқушысы Сүлеймен Жанел І орын, «Жас ғалым» тақырыбындағы қашықтықтан өткізілген облыстық бейнеролик байқауында 2 сынып оқушысы Виктор Балжан ІІ орын, «Табиғат – тал бесігім» атты қашықтан әлеуметтік желі арқылы өткізілген бейнеролик байқауының облыстық кезеңінде 5 сынып оқушысы Ықылас Асылхан ІІІ орын және 5 сынып оқушысы Аубакирова Жанель ІІІ орын, жалпы және техникалық білім беру ұйымдарының 8-9 сынып оқушылары арасында қашықтан өткізілген республикалық юниорлық олимпиаданың облыстық кезеңінде 9 сынып оқушысы Жұмағали Гүлназ ІІ орын және 8 сынып оқушысы Өтеш Балнұр І орын иеленді. Ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалардың арасында қашықтықтан облыстық жобалық байқауға қатысқаны үшін Тәуірбай Арсен, Медет Сымбат, Жоламанов Қайрат, Қауынбай Ердәулет, Амангелді Мадияр алғыс хат алса, жалпы білім беру ұйымдарының 5-10 сынып оқушылары арасында «Мектебің – алтын ұя жарқыраған, Ұстазың – бұлақ көзі сарқыраған» тақырыбында қашықтан өткізілген облыстық бейнероликтер конкурсында 8 сынып оқушысы Өтеш Балнұр І орын, жалпы білім беру ұйымдарының 1-9 сынып оқушылары арасында «Рақмет саған, дәрігер» тақырыбында қашықтан әлеуметтік желі арқылы өткізілген облыстық бейнероликтер конкурсында 8 сынып оқушысы Қаршыға Нұрайым ІІ орын, «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялардың республикалық байқауының облыстық кезеңінде «Өндіріс саласындағы техникалық құрастыру» номинациясы бойынша 9 сынып оқушысы Раушанбек Бақдаулет ІІ орын және осы байқаудың «Ауыл шаруашылық техникалар мен жабдықтар саласындағы техникалық құрастыру» номинациясы бойынша 8 сынып оқушысы Нұрат Гүлжаз І орын, жалпы білім беру ұйымдарының 5-10 сынып оқушылары арасында «Елін сүйген Елбасы» тақырыбындағы облыстық ақындар мүшәйрасында 9 сынып оқушысы Жоламан Нұрсила ІІ орын, жалпы білім беру ұйымдарының 1-9 сынып оқушылары арасында «Рахмет саған, дәрігер» тақырыбында қашықтан әлеуметтік желі арқылы өткізілген облыстық бейнероликтер конкурсында 9 сынып оқушысы Төлеш Айберген ІІІ орын, жалпы білім беру ұйымдарының 7-10 сынып оқушылары арасында «Тәуелсіздік – тұғырым» тақырыбындағы қашықтан өткізілген облыстық жас суретшілер конкурсында 10 сынып оқушысы Серік Мадина І орын және 8 сынып оқушысы Өтеш Балнұр І орын, 10 сынып оқушысы Түгел Дәулет ІІІ орын, 8 сынып оқушысы Пердебек Бейбіт ІІІ орын, Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аясында жалпы білім беру ұйымдарының 8-11 сынып оқушыларына арналған Әл-Фараби атындағы республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде 11 сынып оқушысы Батырханқызы Жадыра ІІ орынды иеленді. Жалпы білім беру ұйымдарының 5-11 сынып оқушылары арасында Қадір Мырза Әлі оқуларының облыстық кезеңінде Батырханқызы Жадыра ІІІ орын, жалпы білім беру ұйымдарының 8-10 сынып оқушылары арасында Лингвистикадан республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде 9 сынып оқушысы Еркінова Назия ІІ орын, «Абай әлемі» шығармашылық байқауының облыстық кезеңінде 8 сынып оқушысы Оңғар Нұртөре ІІ орын, шығармашыл оқушылар арасында VII республикалық «Ақберен» өнер байқауының облыстық кезеңінде 8 сынып оқушысы Жамбылқызы Ақмоншақ ІІІ орын, 1-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының республикалық «Зерде» конкурсының облыстық кезеңінде 4 сынып оқушысы Кажмахан Мадина ІІ орын, 5-6 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде 5 сынып оқушысы Ықылас Асылхан ІІІ орын, жаратылыстану-математика циклы пәндері бойынша Президенттік Олимпиаданың І аймақтық кезеңінде 11 сынып оқушысы Қаршыға Айкерім І орынды қанжығалады. «Абай әлемі» атты І республикалық шығармашылық байқауында 8 сынып оқушысы Оңғар Нұртөре ІІІ орын, 1-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының республикалық «Зерде» конкурсының республикалық кезеңінде 4 сынып оқушысы Кажмахан Мадина ІІ орын, жалпы және техникалық білім беру ұйымдарының 8-9 сынып оқушылары арасында қашықтан өткізілген республикалық юниорлық олимпиаданың республикалық кезеңінде 8 сынып оқушысы Өтеш Балнұр І орын иеленіп, арнайы дипломмен марапатталды. Оқушылардың мұндай жетістікке қол жеткізуіне үлес қосып жүрген Ербол Айғалиев, Әлия Жүсіпова, Назерке Баймаханова, Алтынай Қанзадаева, Гүлдана Ермаханова, Алтын Жаңашева, Сәбира Балбырова, Кәмшат Қоңырбаева, Гүлдана Сейітқасымова, Айгүл Шілдебаева, Айқын Жақсылықова, Ербол Ыдырыс, Шолпан Қанбаева, Айдана Әбілда, Салтанат Есенәлиева, Аңсаған Нұрмаханова, Гүлбаршын Шаекеева, Ақәділ Пазылбеков сынды ізденімпаз мұғалімдерге мектеп ұжымы құрметпен қарайды.

Сондай-ақ Серікгүл Құлысбаева, Жазира Бекжанова, Венера Өтегенова, Меруерт Ертуғанова, Нәзира Әбдіраманова, Әдемі Тоғызбаева, Кәмшат Қоңырбаева, Гүлжан Ержанова, Гүлфариза Ержанова, Ұлмекен Ембергенова, Гүлдана Сейітқасымова, Роза Абдрахманова, Алтынай Қанзада, Гүлманат Тұрғанова, Жанат Тұрсынбаева, Гүлнәр Смайлова, Махмуд Ермақ, Марал Ниетқұлова сынды ұстаздар өз пәндері бойынша аудандық, облыстық, республикалық байқауларда білімдері мен өнерлерін таразылап, жеңімпаз ұстаз атанып жүр. Ал мектепте ғана емес, өз пәні бойынша аудандағы үздік мұғалімдердің алдыңғы қатарынан көрінетін Гүлдана Ермаханованың таяуда ғана «Жылдың үздік мұғалімі» атанып, облыс әкімінің сыйақысына ие болғаны ауданымыз үшін үлкен абырой.

Алматы қаласындағы Әбдулхамит Райымбер­генұлының ұйымдастыруымен жұмыс істеп келе жатқан «Көкіл» мектебі бар. Ұлттық құндылық­тарымызды, соның ішінде мәдени мұрамызды дәріптеу мақсатында ашылған аталған мектеп еліміздің әр өңірінен домбырашылар сыныбын ұйымдастырды. Соның негізінде біздің аймақтағы орта білім беретін мектептерден де арнайы сыныптар ашылды. Алайда бүгінгі күні облыс бойынша тек №201 мектеп-лицейінің жанынан құрылған «Мұрагер» домбырашылар сыныптары ғана бар. «Мұрагердің» тұсауын 2006 жылы өнертанушы, ұстаз Абдулхамит Райымбергеновтың өзі арнайы келіп кескен еді. Қазірде Серікгүл Құлысбаева, Алтын Жаңашева сынды педагог мамандар дәріс беретін «Мұрагердің» балғын өнерпаздары үшінші буын ауыстырды. Он бес жылдың ішінде республиалық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі оралды. Ұлттық өнерді насихаттауда қазіргі таңда бұл оқушылар қазақтың 100 күйі бойынша «Мен әлемге домбыраны танытамын!» жобасымен жұмыс жасап келеді.

Мақаламыздың басында аталған мектептің таяуда Әбу Насыр әл-Фарабидің атын иеленгенін жаздық және оны анықтамалық үшін сүйкей салғанымыз жоқ, сол атауға лайық болған соң сүйіншіледік. Қазақта «Атына заты сай» деген сөз бар. Шығысқа шұғыласын түсірген ғұламаның білім-ғылымнан бөлек, жетпіс өнерді үйренгенін ескерсек, ауданымыздағы бұл іргелі білім ордасы да Фарабидің мұрагерлерін дайындап жатыр деп айтуға әбден болады.

Қуат АХЕТОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: