Отбасы – кіші мемлекет. Өйткені мемлекет сол отбасыдан құралады. Ал сол әр отбасының шаңырағының биік, іргесінің беріктігі ондағы әрбір мүшесінің өз міндетін орындап, терең түсініктері арқылы үйлесім тауып күн кешуінде. Отбасының бірлігін, шаңырақтың шаттығын бірінші орынға қоятын ақылы келіскен ана мен түздің тірлігін түзеп жүрген әкеден өнеге алған ұл-қыздың да иба мен инабатымен, тәрбиесі мен тәлімімен көз сүйсіндірері анық. Ата-ана үлгі, ұл мен қыз тәрбиемен сусындап тұрған шаңырақтың бақыты баянды, береке-бірлігі де жарасымды боларын қоса кету керек. Ал қоғамның тұрақтылығы әр отбасындағы тыныштықтан басталады.
Өнегесімен көпке үлгі қыларлықтай, өсіп-өніп, саялы бәйтерекке айналған отбасылар көп-ақ. Олардың осындай күнге жетуінде, әрине қазыналы қарттардың қажыр-қайраты, пайым-парасаты жатыр. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген халықтың бүгінгі ұрпағы да отбасы деген қасиетті мекеннің қадірін қашырмауға тырысып келеді. Тіпті отбасында, ошақ қасында үйдің үлкендерінен көрген-білгенін бойына сіңіріп, отбасылық құндылыққа айналдырып жүрген ер азаматтар да, өзі түскен елдің керегесін алтынға балап жүрген келіндер де бар. Мұндай жас отбасылардың бірі – Бұқарбай батыр ауылында тұрады. Бір қызығы, бұл отбасы тәртіп сақшыларынан құралған. Олардың өмірлерін бір арнада тоғыстырған осы жұмыс. Осы мамандыққа деген сүйіспеншілік екі жасты бір көзқараспен, бір мақсатқа жұмыс жасап, бір мүддені көздеуге, бір арманға қадам басуға талпындырды. Бұған дейін қасиетті қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған мерейі тасып, берекесі артқан отбасының шаңырағына бас сұғып, отбасы құндылықтары туралы сөз еткен едік. Сол кездің өзінде отбасындағы үйлесімділік пен жарасымдылыққа куә болған болатынбыз.
Осы ауылдың тумасы Олжас Садықұлы Шымкенттегі Заң университетінде жоғары білім алыпты. Бала кезгі армандары жетелеген қос жас осы жоғарғы оқу орнында білім алып, кейіннен Қызылорда қаласындағы мамандандырылған күзет қызметі басқармасында алғаш рет біліктіліктерін арттырады. Шиелі ауданы, Тартоғай ауылында дүниеге келген Қаршыға Әбуқадыр осында жұмысқа орналасады, ал жолдасы Олжас Садықов аудандық полиция бөлімінде жедел тергеу тобында техник-криминалисті болып қызметін бастайды.
«Жолдасым екеумізде ішкі істер саласында қызмет жасаймыз. Жұмыстың ауыры, жеңілі болмайды. Әр қызметтің өзіне тән ерекшелігі, қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Әрине полиция бөлімінде ерлермен қатар қызметте жүрген соң, барлық жауапкершілікті де ерлермен бірдей көтеруге тырысамыз. Өйткені біздің қызметтегі негізгі міндет қоғамның тыныштығы, тәртіптің тұрақтылығы. Осы жолда қызмет етеміз, күні-түні тәртіпті күзетеміз.
Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан, жолдасым екеуміздің арамызда ешқандай түсініспеушілік болған емес. Себебі біз жұмысымызды түсінеміз, екеумізде осы салада жүргендіктен бір-бірімізге ауырлық түсірмеуге тырысамыз. Мен өзім қазір балаларымыздың күтімі, анамыздың жағдайының жақсы болып, шаңырағымыздың әрқашан берекелі болуы үшін келіндік қызметімді де мүлтіксіз атқаруға күш саламын. Өйткені мен өзімді ең алдымен ана, келін ретінде есептеп, отбасымның ұйтқысы болуға талпынамын» дейді Қаршыға.
Иә, расымен бүгінде полиция қызметкерлерінің қатарынан нәзікжандарды көру таңсық дүние емес. Өйткені қазір қай салада болмасын әйел адамдар бой көрсетіп жатады. Тіпті уақыт өткен сайын тәртіп сақшысы мамандығын жетік меңгерген қыз-келіншектердің қатары артуда. Қоғам тыныштығын күзету, оны асқан жауапкершілікпен атқару оңай емес екендігі бәрімізге белгілі. Бұл сала ішкі істер органы болғасын ерлер немесе әйелдер деп бөлінбейді. Ереже, тәртіп бәріне бірдей. Осындай қырағы жандардың қатарындағы Қаршыға да жұмыс пен отбасының жауапкершілігін қатар арқалап жүрген жан. Ол облыстағы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полиция батальонының полиция аға сержанты. Ал Олжас Садықұлы бүгінде аудандық полиция бөліміндегі криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі болып жұмыс жасайды. Олжаспен сұхбаттасып отырып, оның өз ісіне берілгендігіне, кәсібилігіне күмәнің болмайды екен. Жедел тергеу тобындағы жұмыстың жауапкершілігінің өте ауыр екенін айтқан ол, тіпті бірнеше күн қатарынан қызмет бабымен сыртта жүретінін жеткізді. Аудандағы үлкен, кіші қылмыстарды дер кезінде ашу, қылмыскерлерді ізін суытпай анықтау тәртіп сақшыларының қырағылығына тікелей байланысты деген кейіпкеріміз ең бастысы халықтың амандығы дейді.
Шаңырақтың бірлігі мен шаттығын келістіріп отырған жас жұбайлардың қызметі қаталдық пен қатаң тәртіпті талап еткенімен, өздері күнделікті өмірде жайдары, жаны жаз жандар екенін байқадық. Тіпті есік алдындағы шағын егінжайында түрлі жеміс ағаштары, түрлі бау-бақша өнімдері көзге түседі. Бәрінен бұрын алдымыздан иіліп сәлемін беріп жүгіріп шыққан осы үйдің келіні ауылдың, ауыл тұрғындарының кеңпейіл болмысы мен қонақжай қалпын есіңе салатын киелі қара шаңырақтың берекесін айшықтап тұрғандай болды. «Осы қызметке келгендіктен, абыроймен атқаруға, халыққа пайдалы іс жасауға, тәртіптің орнауына күш саламыз. Жұмысымызды абыроймен атқару, жауапкершілікті сезініп, нәтижеге жұмыс жасаймыз. Ең бастысы халықтың сенімінен шығу, елдің қорғаны болу, тәртіп сақшысына тән барлық қасиеттерге лайық болу біздің міндет» дейді Олжас Садықов.
Әр саланың, әр мамандықтың өзіне тән қызығы да, қиын тұсы да болады. Оны тек сол салада жүргендер ғана сезінеді. Дәлірек айтсақ, мамандық нағыз маманын, адам да сол сияқты өзінің бейіміне қарай жұмысын тапса ғана сол жолдың биігін де бағындырады, бедерінен де сүрінбей өтеді. Аудандағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға және қылмыспен күресу ісіне, әлеуметтік-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге де атсалысып келе жатқан полиция бөлімінің қызметкері алда әлі талай тәжірибе жинақтап, өзінен кейінгі жаңа толқынға үлгі боларлықтай азамат болады деп сенеміз.
Жалпы, әр аймақтағы полиция бөлімдері жергілікті жердегі құқық бұзушылықтардың алдын алуда, қоғамдағы қылмыстардың азайып, ел дамуына кедергі келтіретін олқылықтарды болдырмауда табандылық танытып, нәтижеге жұмыс жасауға күш салып келеді. Әсіресе, осы салада жүрген, ауданның тыныштығын, қоғамның тұрақтылығын күзеткен тәртіп сақшыларының еңбегі елеусіз қалмайды. Олар осы уақытқа дейін аудандық полиция бөлімінде де ахуалдың тұрақты болуы үшін жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Қоғам тыныштығын басты назарда ұстайтын сала қызметкерлерінің жұмыстарына сәттілік тілейміз.
Нұр НАУАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!