Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Жұма, 22 қараша, 19:22

17 жылдан кейінгі жеңіс

23.05.2023

429

0

Бұған дейін жергілікті «Қайсар» футбол клубы Алматының «Қайратымен» бірнеше рет кездесу өткізген. Бірақ сырт алаңда Сыр клубының сыр алдырғанына жанкүйерлер талай куә болды. «Қайсар» соңғы рет Алматының орталық стадионында жергілікті клубты осыдан 17 жыл бұрын тізе бүктірген. Жексенбіде кезекті жеңісті қайталауға мүмкіндік туды.

Иә, қызылордалық команда ә дегеннен «Қайраттың» адымын аштырмады. Тіпті бірінші болып шабуылды үдеткен де Сыр клубы­ның аяқ доп шеберлері болатын.
Ойынның оныншы минутында жергілікті команданың қорғанысы сыр берді. Бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланған қорғаушы Ж.Оли­вейра бірінші болып есеп ашты. Арада 14 минут өткенде бас тө­реші Р.Сұлтанғалиев «Қайрат» қақпа­сына қарсы 11 метрлік айып добын белгіледі. Беларусьтық легионер Дмит­рий Бородин оны сәтті орын­дап, есепті еселеді.
«Бір айналдырса, шыр айнал­дырады» деген осы шығар, бәлкім. Бірінші таймның соңғы минут­та­рында «Қайрат» қақпасына қарсы тағы да 11 метерлік айып добы бел­гіленді. Оны сәтті орындаған Д.Боро­дин дубль атанды.
Екінші тайм басталысымен «Қай­рат» сапында ойыншылар ал­­­мас­ты. А.Ульшин алаңдағы ор­нын Д.Сергеевке босатса, А.Са­ды­бе­ковтың орнын Ғалым­жан Кен­жебек басты. Турнирлік кес­теде төртінші орынға жайғасқан «Қайраттың» алда әлі ойындары көп. Бірақ бұл кез­десуде 1 ұпай­дың өзі маңызды. Олардың қос таймда да шабуылды үдет­кені сондықтан. Алайда алаң қожайын­дары молдовалық Сте­пан Сикач күзеткен қақпадан 90 минут бойы саңылау таппады.
Осылайша өз алаңында сыр алдырған «Қайрат» турнирлік кес­теден бір саты төмен сырғыды. Ақтөбенің орталық стадионында «Каспий Ақтаумен» тең тарқасқан жергілікті клуб турнирлік кестеде «Қайраттың» орнын басты. Ал «То­был­дан» кейінгі тоғызыншы орында тұрған «Қайсар» жетінші орынға жайғасты.
Бұған дейін Сыр клубы өз ала­ңында «Тобылды» 1:0 есебімен тізе бүктірген. Осы жексенбіде «Ақ­төбе» Қызылордада қонақта бо­лады. «Ақтөбенің» қазіргі құра­мына көз жүгіртсек, «Қайсар» үшін 1 ұпай еншілеу де үлкен жеңіс. Алайда ойын­ның тағдыры алдағы уақытта белгілі болады. Бастысы, Сыр клубы өз алаңында сыр ал­дырмаса болғаны. Кешегідей қар­қын болса, толық 3 ұпайды алып алуы да ғажап емес.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: