Апта аяғында аудан әкімі Асылбек Шаменов Аққыр ауылына жұмыс сапарымен барды. Негізгі мақсат ауылдың дамуынан, тыныс-тіршілігінен хабардар болып, аққырлық ағайынның айтарына құлақ түру еді. Елді мекендегі бірнеше әлеуметтік нысандар жұмысымен танысқан өңір басшысы тұрғындар сауалына да жауап берді.
Бірнеше жылдан бері ауданға қарасты барлық елді мекен таза ауыз сумен қамтылып, бұл тұрғыдағы мәселенің оң шешімін тапқанын білеміз. Аудан басшысы сапарының басын тіршілік көзі ауыз су жайын білуден бастады. Нысан жұмысымен танысқаннан соң, атбасын дәрігерлік емханаға тіреді. Мұндағы ақ халаттылардың хал-жайын сұраған соң, аты жаман індеттің алдын алу, қайтадан өршіген жағдайда қалай ауыздықтауға болатынын сұрады. Емхана қызметкерлерімен сұхбат барысында ауылдық дәрігерлік нысанға тиесілі жедел жәрдем көлігінің тозығы жеткенінен хабардар болды. Ауылдың іші, шалғайдағы шаруашылықпен, мал шаруашылығымен айналысып отырғандарға үздіксіз көмек көрсетіп келген көлік әлсін-әлсін бұзылып, қиындық тудыратын көрінеді. Бұл мәселені шешу жолдарын қарастыруға болатынын айтқан өңір басшысы №188 орта мектепке жол тартты. Айта кету керек, аталған білім ошағы жуырда жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енген болатын. Биыл «Жұмыспен қамту – 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген мектептің 2 жылу қазандығы қатты отынмен жылытылады. Жарық әрі жылы ғимаратта оқушыларға емін-еркін білім алуға, зейінін ашуға мүмкіндік бар. Мектепте ауыл балаларына сапалы білім беруді, салаға үлес қосуды мақсат еткен жас мамандар да жұмыс істейді екен.
Айта кетейік, мектептің жанынан ашылған «Балбөбек» шағын орталығы да ауылдағы мектепке дейінгі жастағы бүлдіршіндерді тәрбиелеп отыр. 25 балаға арналған шағын орталықта 5 адам жұмыспен қамтылған. Аудан әкімі бастаған азаматтар орталыққа кіргеннен бүлдіршіндердің ойыншығы жоқтығын байқады. Мұндағы тәрбиешілер де баланың зейінін ашып, қоршаған ортаны танытуда, өзін-өзі дамытуына да жасына сай ойыншықтардың, құралдардың маңыздылығы зор екенін айтуда. Асылбек Шаменов бұл ретте ауыл кәсіпкерлерін жұмылдыруға болатынын, айналдырған 25 орындық шағын орталыққа қажетті құралдарды, ойыншықтарды алып беру қиындық туғыза қоймайтынын жеткізді.
Бұрындары келеңсіздік орын алып, ауылдық клубтың өртенгенін білеміз. Ауыл орталығынан жаңадан клуб ғимаратын салу жұмыстары жоспарлануда. Нысанның құрылысына жоба-сметалық құжаттар әзірлеу мақсатында жобалау-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нақты жоспар бойынша жүзеге аспақ. Аудан әкімі Асылбек Өмірбекұлы Аққыр ауылына сапары барысында жөндеуді қажет ететін ауылдық округтегі көшелермен танысты, ауылдық клубтың ескі ғимаратына да аялдады.
Бұдан бөлек сапар аяғында аққырлық ағайындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, аяқсу, жұмыссыздық мәселелері бойынша ұсыныс-пікірлерін айта келгендерге бұл жұмыстарды күн тәртібіне қоятынын, осы бағытта жұмыстар жүргізілетінін айтты. Қай кезде де ауылдың ахуалын жақсарту, әлеуметтің әлеуетін көтеру бірінші кезектегі мәселе екенін жеткізді.
Нұржамила Алмасқызы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!