Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 22:10

Ата кәсіпті қолға алған

11.07.2023

668

0

Қолға алған кәсіпті дөңгелентіп әкету үшін оның қыр-сырын меңгерумен қатар нақты жоспарың болуы қажет. Бастапқыда қиындықтар кезігер. Бастысы, жобаңызды зерделеп, қаржыны мақсатты жұмсай білсеңіз, еңбегіңіз зая кетпесі анық.

Иә, бүгінде кез келген қарапайым шаруа үшін кәсіпкерлікті мемлекет қаржылай қолдауға дайын. Жеңіл­детілген пайызбен несие, қайта­рым­сыз грант алып, жұмыс істеп жат­қандар көп. Соның бірі Мәде­ниет ауы­лының тұрғыны Абай Қыстау­байұлы өткен жылы мемлекеттен 1 млн 225 мың теңге қайтарымсыз грант алып, мал бордақылауды бас­тады. Бала кезінен ата кәсіптің қыр-сырын үйренген ол тәуе­кел етіп, жылқы шаруашылығын қолға алыпты.
Әбекеңнің бұл кәсіпті бастаудағы мақсаты ет бағытында ауыл­ды өз өнімімен қамтамасыз ету. Таңдауы төрт түліктің ішіндегі жылқыға түскен. Ата-бабаларымыздың түліктің ішіндегі ең жақсы көргені де жылқы. Ішсең, сусын, кисең, киім, мінсең, көлік. Бүгінде кәсіпкер қораға 4 бас жылқыны байлапты.


– Жылқы – атам қазақ баққан мал, оны барлық қазақ бағуы тиіс. Мен осы атакәсіп арқылы отбасымды асы­рап отырмын. Мына жылқыларды бордақылап, ауыл тұрғындарына ке­лісін 2000-2200 теңгеден өткіземін. Тіпті кейде аудан орталығынан, Қы­зыл­орда қаласынан етке сұраныс түсіп жатады. Ет жеймін деген азамат болса, етпен қамтамасыз етуге дайынмын. Ешқандай қиындығы жоқ. Мемлекеттен барлық қолдауды алып отырмыз. Соның арқасында өсіп-өніп отырған жайымыз бар. Мен осы кәсіпті бастағаныма қуанамын. Жа­сы­ратыны жоқ, қайтарымсыз грант ақшасын ешқайда жұмсамай, тек осы кәсібіме салдым. Қазір жыл­қыларым қоңды. Біреуін жа­қында өткіздім, түскен қаржыға тағы бір жылқы сатып алдым, – дейді Абай Рүстемов.
Кәсіпкердің айтуынша, малға ке­­рек жем-шөптен мәселе жоқ, ауыл шаруаларынан сатып ала­ды.
Шы­ны керек, жоңышқаның баға­сы жыл­дағыдан қымбаттаған, мәсе­лен, 1 пресс жоңышқа 800-1000 теңге ара­лығында бағалануда. Өткен жылы 600-650 теңге маңайында са­ты­­­лыпты. Дегенмен Әбе­кең бұ­ған еңсесін түсірмей, кері­сін­ше жұмысты ширата түскен. Мемле­кеттен қосымша қаржылай қолдау болып жатса, тағы несие алу ойында бар. Сөйтіп келешекте мал басын ұлғайта бермек. Сондай-ақ сауын жылқыларын әкеліп, қы­мыз өндірісін де дамытуды жос­пар­лап отыр. Ауылда өске­сін бо­лар, кәсіпкер атакәсіптің қыр-сырын бес саусағындай біледі. Бізге бай­лау­дағы жылқыларын көрсетіп, бор­дақылаудың ерекшеліктері мен біз білмейтін әдіс-тәсілдерін түсінді­ру­мен әлек болды.
Жалпы, бордақылауда малды са­­палы ет пен майды көп алу үшін сояр алдында жемге байлап, қолдан семіртеді. Бордақылау мерзімінің ұзақтығы түліктің түріне, малдың жа­сына, бастапқы салмағы мен қоңды­лығына байланысты. Мысалы, қоңы орташаларын 35-45 күн, қоңы төмен­дерін 50-60 күн бордақылайды. Бұл кезде жылқы тәулігіне орта есеппен 1-1,5 келі үстеме салмақ қосады. Мал бордақылаудың тиім­ділігін арттыру үшін түліктің бар­лық түрлеріне ортақ өсіп-даму заң­ды­лықтары басшы­лық­қа алынуы керек. Жас малды борда­қы­лағанда ал­ғашқы кезде оның салмағы ет пен сүйегінің толысуына байланысты жүреді де, үстеме салмаққа азық аз жұмсалады, ал одан кейінгі сал­мақ­тың артуы денедегі майдың тү­зілуіне байланысты болғандықтан, азық шы­ғыны көп жұмсалады. Дені сау мал ғана тез қоң алып семіреді. Сондықтан бор­дақылауға қойылған мал бақылауда болуы қажет. Бор­дақылайтын табын құ­ра­мындағы мал­дың тұқымы, жасы, жы­нысы, салмағы, қоңы бірдей болғаны дұрыс.


Иә, Мәдениет ауылында кәсіппен айналысып, оны отбасылық биз­неске айналдырғандар саны жыл сайын артуда. Негізінен шағын кәсіп иеле­рінің басым бөлігі атакәсіп – мал ша­руа­шылығына ден қойғандар. Құс ша­руашылығы, кондитер өнімдері, нау­бай­хана, көлік жөндеу қызметі, шаш­­тараз секілді кәсіп түрлерімен айналы­суды жоспарлап отырғандары да бар.
Әрине кәсіпке бейім­делу – бүгінгі заман талабы. Ауыл тұрғындарының бұл бағыттағы қозға­лысы көз қуантады.

Жандос Жазкен

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: