Сыр өңірі – ғасырдан-ғасырға атадан балаға мирас болып келе жатқан жыраулық өнердің дәулеті қонған киелі топырақ. Заманында небір даңғайыр жыраулар өмір сүрген. Қазақ – жаратылысынан қашанда өнерге өте жақын халық. Өз заманында талай сал-сері, күміс көмей әнші, жыр жампозы, жыршыларды туғызған халықтың бүгінгі ұрпағы да бұл салаға келгенде қара жаяу емес. Қазіргі таңда дәстүрлі әнді дәріптеп, халық арасында насихаттап, өткен мен бүгінді жалғап, оны жастар санасында жаңғыртқан өнер жанашырларының бірі – республикаға белгілі жырау, жыршы, термеші Жұмабек Аққұлов.
Аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен ауыз әдебиетінің жауһарларын ұрпақтар арасында сабақтастырған жыршы, термеші Жұмабек Аққұловтың өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында «Дәстүрлі әннің дарабозы» атты музыкалық сағат өтті.
Жыраулық өнер – ұлттық мәдениетіміздің алтын діңгегі. Жыршы – жыр айтушы, таратушы. Жыраулық дәстүрдің мақам-саздары поэзиядағы ақындық дарын, дауыс тембріндегі көмеймен, таңдаймен, көкірек пен көмейді байланыстыра айтудағы орындаушылық ерекшеліктер, аспаптағы қағыстық, құрылымдық, пернелік, әуендік орындаушылық ерекшеліктер, орындаушылық дәстүрлердің үндестігінен туады. Осы орайда мақамның да түр-түрі туындайды.
Қазақ ауыз әдебиетінде өлең, жыр шығаратын, қисса, толғау, дастан айтатын адамдарды жырау, жыршы, ақын, термеші деп атаған. Олардың орындаушылық ерекшеліктерінде ұқсастықтармен қатар айырмашылықтар да бар. Жыраулар жырды домбыраның не қобыздың сүйемелдеуімен, мақаммен, әнмен айтады, сондай-ақ эпикалық шығармаларды да орындайды. Олар бұрыннан белгілі халық дастандарын, поэмаларды айтып таратады. Кейбір жыраулар өз жанынан өлең-жыр да шығарады. Жыршыны халық ақынмен, әншімен, шешендермен қатар қадірлеген. Қазақ эпосының сақталып, өркендеуі үшін жыраулар зор еңбек сіңірді. Ауыз әдебиетінің көптеген үлгілері солардың арқасында бүгінгі заманымыздың игі мұрасына айналды.
Кейіпкеріміз Жұмабек Жарылқасынұлы 1943 жылы 1 мамырда Жалағаш ауданы Мәдениет ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың «Музыка және ән» бөлімін бітірген.
Ол 1995 жылдан осы күнге дейін Сыр сүлейлері шығармаларын насихаттап, зерттеумен келеді. 1840 жылдарда жазылған Сайыпназар ахунның «Мұхаммед-Ханафия» дастанын, халық ауыз әдебиетінің 100 жылдығына арнап қиссаны өз орындауында ноталық жазбасын күйші Төлепберген Тоқжанмен бірлесе отырып баспаға ұсынды.
1981 жылы Жалағаш аудандық «Алтын Арай» халық ән-би ансамблі құрамында Мәскеу қаласында Халық шаруашылығы жетістіктерінің Бүкілодақтық көрмесінде өнер көрсетіп, қола медалмен марапатталған.
1983 жылы КСРО композиторлар Одағының «Құрмет» грамотасымен, облыс әкімінің, университет ректорының алғыс хаттарымен марапатталған. 1994 жылға дейін Жалағаш ауданында балалар музыка мектебінде оқытушы, директор, аудандық оқу бөлімінде әдіскер болып қызмет атқарған. 1994 жылдан бері Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, жырау. Сыр сүлейлерінің жыраулық дәстүрін насихаттап, кейінгі ұрпаққа үйреткен білікті маман. ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісінің, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалінің иегері.
Атпал азаматтың 2008 жылы бірнеше шығармасы «Сыр сүлейін сұрасаң…» атты музыкалық альманахқа енгізіліп, жинақ таспаға түсірілді. Облыстық мәдениет саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы атанды.
Бүгінде Қазақтың жыраулық дәстүрі сынды өлмес өнерін насихаттау бағытында 1955 жылдан бері еңбектеніп келеді. Әйгілі «Шаһнаманы» таспаға түсірген 23 жыраудың бірі. Бір ғана Тұрмағамбет мұраларын насихаттау мақсатында жыраудың 400-ден астам туындысын таспаға жаздырып, 23 сағаттық таспа жасаған.
Жыршының «Қайталанбас дауыстар», «Сыр әуендері», «Сыр саңлақтары» және тағы да басқа жинақтарға шығармалары енген. Жұмабек Аққұловтың жыр қоржынында талай дүние бар. Дегенмен де жырау ең алдымен мақамның сақталуына мән береді. Себебі бір мақам ұмыт қалса, бір жырау тарихтан өшеді. Жоғалған мақамды қайта таба алмайсың. Жұмабек Аққұлов – өзіндік мақамы бар қайталанбас тұлға. Жыраудың «Жұртымнан жыр жинадым» деген атпен тағы бір кітабы жуырда облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен жарық көрмек.
Шараға жыршы Жұмабек атаның замандасы Кенжеғали Жалғасбаев қатысып, естеліктерімен бөліссе, дәстүрлі жыраулық өнердің додасына қатысып, алқалы жиындарда өз өнерін көрсетіп жүрген арқалы жырау Думан Ахметов пен аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі жанындағы «Ғибрат» жыр-терме үйірмесінің оқушысы, өнерлі жас Інжу Сейдолла жырдан шашу шашты.
Дәстүрлі өнер – өткен дәуірдегі ата-бабамыздың үні, сыры мен мұңы, тарихы. Қазақ руханиятының асыл мұрасы, баға жетпес рухани қазынамыз, шоқтығы биік бір саласы – жыраулық өнер. Жыршы-жыраудың әрқайсысының көкірегі толған қазына. Ұлттық кодымыздай болған төл өнеріміздің жанашыры Жұмабек атамыздың халқына жасаған еңбегі ерен.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!