Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Сенбі, 21 желтоқсан, 21:37

Сыр елінің Сұлтаны

21.07.2023

2160

0

Сұлтан Амановты бұрын сырттай білмегеніммен, онымен 1973-1975 жылдары бір мекемеде қызмет істеуім, оның талай жақсы қасиеттерін аңғаруыма мүмкіндік берді. Содан бері отыз жеті жылдан астам уакыт артта қалыпты. Осы уақыт ішінде жеке адам өмірінде де, қоғам өмірінде де айтулы өзгерістер болды. Жалпақ тілмен айтқанда, пойызша зырғиды екен. Сол пойызбен келе жатқанда қаншама жол, қаншама тау-тас, қаншама өзен-көл, қаншама ауыл мен қала артта қалып жатады десеңізші?! Бірақ соның бәрі есте қала ма? Әрине жоқ. Тек өз өміріңе қатысы барлары мәңгі сақталады екен. Бұл – әркімнің-ақ өмірінде кездесетін жайт.

І

Сондай есте сақталған тарихи тұл­ғалардың бірі Сұлтан Шаханұлы бо­латын. Енді сол жайлы өмір дерек­терін сөйлетсек…
Сұлтан Аманов 1932 жылы Қазалы ауданының қазіргі Жанқожа батыр ауы­лында дүниеге келген. 1951 жылы Қаза­лыдағы №7 орта мектебін күміс ме­­дальмен бітіргеннен кейін Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетіне тү­сіп, оның «Экономика» факультетін 1957 жылы үздік бітіріп шығады.
Еңбек жолын Қазалыдағы ауыл ша­руашылығы техникумында 1957-1959 жылдары ұстаздық етуден бас­тайды. Алымды, сауатты, іскер кадр ретінде 1959-1963 жылдары аралығында Қы­зылорда облыстық комсомол комите­тінде әуелі бөлім меңгерушісі, кейін екін­ші және бірінші хатшылығына дейін көтеріледі.
Жұмыс ұйымдастырудағы қабілет­тілігімен көзге түскен ол 1963 жылдың желтоқсан айында Шиелі аудандық партия комитетінің екінші хатшысы бо­лып сайланып, бұл қызметті 1967 жыл­дың қаңтарына дейін атқарады. Мұнда да жақсы жағынан көрініп, 1967 жылы Жалағаш аудандық Советі ат­қару комитетінің төрағасы болып жоға­рылайды.
Оның өсу жолы мұнымен тоқтал­майды, біртіндеп жоғарылай береді. Мәселен, Сұлтан Шаханұлы 1966-1972 жылдары ішінде, үзбестен алты жыл бойы Қызылорда облыстық халықтық ба­қылау комитетінің төрағасы болып жұмыс істейді. 1972 жылдың маусым айынан 1975 жылдың наурыз айына дейінгі мерзім ішінде Жалағаш ау­дан­дық партия комитетінің бірінші хат­шысы болып қызмет атқарады. Сол жылы ол облыстық партия комитетіне хатшы болып ауысады.
Мұнда ол бұл қызметте 1978 жылға дейін болып, сол жылдың қыркүйек айында Москва қаласындағы Орталық пар­тия комитетінің жанындағы Қо­ғам­дық Ғылымдар Академиясына оқуға жіберіледі.
Бұдан кейінгі оның өмірі Алматы қаласында өтті. Қоғамдық Ғылымдар Академиясын бітіргеннен кейін ол рес­­публикалық мемлекеттік кәсіптік-тех­ни­калық оқу комитеті төрағасының орын­­басары, республикалық халықты ең­­бекке тарту, орналастыру жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орын­басары болып, 1990 жылы дүние салды.

II

Сұлтекеңнің жүрегі ізгі адамгершілік пен сүйіспеншілік сезімге толы болатын. Ол – халықтан шығып, барлық өмірін еліне қызмет етуге арнаған, жан-тәнімен адал еңбек еткен азамат, Сыр елінің санаулы азаматтарының бірі еді.
Ол қашанда бітірген ісіне көңілі көн­шей қоймайтын. Ол өзінің қызмет атқарған кезінде көп нәрсені тындырды және көп нәрсені тындырмақшы еді. Оның қандай бір мәселені талқылау кезіндегі сол сала бойынша жан-жақты терең білімдарлығы онымен қызметтес болған барлығымызды тәнті етуші еді. Тосыннан қараған адамға оның ойлы да өткір, мөлдір қара көзі көзәйнектің астынан бір түрлі от шашатындай, кейде кейігенде қаһарлы, зәрлі ұшқын, кө­­біне жылы жұмсақ мейірім назар аң­ғартатын. Жұмсақ қоңыр дауысы бір түрлі даналықтан, мейірбандықтан ха­бар беретіндей әсер қалдыратын. Оты­рыстарда өзін еркін ұстайтын және бас­қаларды да еркін отыруға ша­қы­ратын. Қолына домбыра алып, шер­тіп-шертіп жіберіп, «Қаракесек» атты әнді айтқанда кім-кімді болса да тамсан­дыратын-ды.
Бірде Сұлтекең: – Мен Мәдидің «Қаракесек» әнін айтқанымда бойыма бір күш пайда болғандай сезінемін. Міне­кей, ән жолдарының өзінен-ақ оның адамды елдікке, ерлікке шақырып тұр­ғанын аңғаруға болады, – дейтін. Сондағысы:
«Сұрасаң, руымды Қаракесек,
Досымнан дұшпаным көп қылған өсек.
Үстінде шәйі мамықтың толықсушы ем,
Жатқаным қу қара жер болып төсек.
Міндім де қара көкпен жылыстадым,
Бардым да қара өткелге жыл қыстадым.
Науқасым жанға батып жатқан кезде,
Болмады жаны ашитын туысқаным» деген өлең жолдары еді.
Сұлтекең осы әнді айтқан кезде тың­даушысы әнмен бірге толқып, әнмен бірге балқып, әнмен бірге көңіл-күйін кө­теріп, әнмен бірге рахатқа кенел­ген­дерінің талай рет куәсі болғаным бар.
«Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы бол­сын» деген нақыл сөз осындай тұлға­ларға айтылса керек-ті. Өйткені ол бі­рінші хатшымын деп бәлсінбей, осындай отырыстарда әнді-әнге қосатын және де оны:
«Жігіттің қайда қалмас жиған мүлкі,
Жақсының жүрген жері ойын-күлкі» деп аяқтайтын.

ІІІ

Еткен еңбек, төккен тер кезінде мем­­лекет тарапынан өз бағасын алды да. Соның куәсі ретінде оның кеу­десіне 1966 жылы «Құрмет белгісі» ор­дені, ал 1971 жылы екінші рет тағы да «Құрмет белгісі» ордені, 1973 жылы 10 желтоқсанда Кеңестік дәуір­дің ең жо­ғарғы наградасының бірі «Ленин» ордені тағылды. «Қазақстан Респуб­ли­касының еңбек сіңірген құрметті эко­номисті» деген атаққа ие болды.
Әсіресе оның «Ленин» орденін Жа­лағаш ауданында аудандық партия ко­митетінің бірінші хатшысы болып жүргенде алғанын айырықша атауға тура келеді. Себеп аудан 1973 жылы облыс бойынша мемлекетке күріш тап­сыру міндеттемесін артығымен орын­дап, күріштің өнімділігінен бірін­ші орынға шыққан-ды. Әрине қан­дай та­­бысты да жалғыз адамның ең­бегі деуден аулақпыз. Көпшіліктің қа­жыр-қайраты дей отырып, жеке адам­дардың ұйымдастырушылық рөлі мен еңбегін айтпай кетуге болмайды. Ау­­данның бірінші хатшысы ретінде Сұлтан Амановтың осындай дәрежеге кө­терілуіне, құрметке бөленуіне, мем­лекет тарапынан жоғары наградаға ие болуына, қазіргі заманның тілімен айт­қанда, оның командасындағы азамат­тардың ауызбіршілікпен ұйымдасқан түрде еңбек еткенін көрсетеді. Ен­деше олардың да аттарын атаудың артықшылығы бола қоймас. Осындай еңбегімен үлгі болғандар қатарында аудандық Советі атқару комитетінің төрағасы Сейтнәби Мұқашев, орын­ба­сарлары Темірхан Бекжанов, Мәди Әбдіраманов, аудандық партия ко­ми­тетінің екінші хатшысы Қаһар­ман Табынбаев, хатшысы Нәзтай Сер­ма­ханова, аудандық ауыл шаруа­шы­лы­ғы басқармасының бастығы Ойшы Ыс­қақов, Мәдениет совхозының ди­рек­торы Ұзақ Еспанов, Жаңаталап сов­хозының директоры Шатбек Ер­жанов, Қазақстанның Ленин комсомолы атындағы совхоздың директоры Мол­дағали Сариев, Коммунизм совхозының директоры Мөрәлі Шәменов, «Аққұм» совхозының директоры Нағымар Наз­ма­ханов, Калинин атындағы совхоздың директоры Төлеген Сүлеев, Таң совхо­зының директоры Молдаш Мусаев, Жаңа­дария совхозының директоры Қап­пар Ысқақов, Жалағаш совхозының дирек­торы Өмірзақ Тұңғышбаев, аудан­дық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Телжан Ес­ния­зов және басқалар болатын.
Бұлардың әрқайсысы бір-бір тұлға еді. Бұлар ынтымақтастығы және ха­лықтың қамын ойлайтын басшылар іріктелген жерде алынбайтынды алатын, еңбектің жемісін көрсете білетін, күштің пайда болатынын дәлелдеп бергендер.
Мен қызметтес болған бұл адам­дардың іскерлігін, олардың аттарын атау арқылы толық аша алмайтынымды жақсы түсінемін. Алайда ондай дәрежеге жету мүмкін емес шығар. Бірақ өздерінің барлық күш-қайратын еліне, Отанына сарқып бергендерін жоққа шығаруға болмас. Мұны айтып отырған себебім қазіргі ұрпақ жаңарудың тетігі істеген ісімізде, сөйлеген сөзімізде, жүрген жүрісімізде, берік топтасқанымызда еке­­нін аз да болса білсін деген ой еді.

IV

Ол кезде хатшының сөйлейтін қандай сөзі болсын тиісті бөлімдер дайын­дайтын да, ең соңында менің редакциялауымнан өтіп барып, хатшыға жететін. Мұндай қажет дегендердің бір данасын алып отыратынмын. Осы материалды дайындау барысында жеке архивімді қарап отырғанда Сұл­текеңнің 1974 жылы мұғалімдердің тамыз кеңесінде сөйлеген сөзі қолыма түсті. Енді содан үзінді келтірейін.
– Ауылдағы алдыңғы қатарлы ин­тел­лигенция – мұғалімдер. Село тұр­ғындары мұғалімдерге қарап бой түзейді, мұғалімдерден үлгі алады, мұғалімге қарап өзінің білім, мәдениет дәрежесін өлшейді. Ендеше ауыл мұғалімдеріне, ауыл интеллигенциясына қойылатын талап зор. Амал не, кейде мұғалімдер арасында кір-қожалақ киінетін, сақал-мұртын алып жүрмейтін, ішімдік десе соның соңына түсіп кететін адамдар әлі де бар. Ондайлар халықты озық үлгіге тәрбиелей алмайды. Күнделікті жаңалықты біліп отырмайды, газет-журнал, кітап оқуды ұмытады. Сөйтіп өмірден артта қалады, болашақ ұр­паққа тәрбие беруде орны толмас ол­қылықтарға жол береді. Қазіргі кезде толғандыратын жайлардың бірі – осы­лар, – деген еді.
Ол кезде басшылардың көпшілігі сөзді жазып алып сөйлейтін. Ондағы негізгі мақсат айтайын дегенін әрі қысқа, әрі нұсқа етіп сөйлеп, алатын уақытты босқа жібермеу еді. Сұлтекең де сондай басшылардың бірі емес, біре­гейі болды.

V

Сұлтан Аманов жайындағы мақалада оның кісілік келбетін, адамгершілік қасиетін еске алмау мүмкін емес. Ол туралы ләм-мим демеу тіптен күпірлік сияқты. Бұл адамның бауырмалдылығы мен мейірбандылығында шек жоқ десе болғандай. Турасын айтқанда, ол кең пейілді, қайырымды, досқа бүкпесіз, ашық та адал, дұшпанына ымырасыз, қатал да әділ, әлсіздерге басынып кеуде көтермейтін, күштілерге бағынып бас имейтін, өзін көзінше мақтағанды, өзгені сырттан даттағанды ұнатпайтын, ай­қайлап дауыс көтермейтін, үні майда, сөзі маңызды, сөйлескен адамын еріксіз өзіне баурап алатын дарын иесі еді.
Қолыңда билік тұрған кезде жолдас та көп, дос та көп болады. Жасы үлкен аға болсын, жасы кіші іні болсын, бәрі-бәрі айналаңа топтаса түседі. Олардың бәрі де қымбат, бәрі де қадірменді болып көрінеді. Елпілдегенде етек-жеңіңді көтеріп жүреді, қабағыңның қи­мылына қарап қозғалатын болады. Бертін келе, қиын-қыстау, тар кезең­дерде олардың да қатары азайып, сиреп достық көңілдерін суытпағандар ғана арагідік кездеседі. Бұл – өмірдің жазылмаған заңдылығы. Сондықтан оған өкінуге болмас.
Осы орайда бір кездері қолында үлкен билік тұрған Сұлтан Амановтың аялы алақанынан талай азаматтардың үлкен өмірге жолдама алғанын айта отырып, оның қарымын қайтарған кадрлардың да бар екенін айтсам, әруағы риза болар деген ойдамыз.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» деген. Иә, енді оның түйін жа­ғына келейік. Біз айтқан өткен-кеткен әң­гімелерге қызығатындар да, қызық­пай­тындар да болуы мүмкін. Ой деген бірін-бірі қозғайтын энергия көзі сияқты ғой. Асылы өмірдің өзі адамдардың ой жарысы, өсу жарысы сияқты.
Ауданды басқарып тұрған ке­зінде Сұлтан Аманов өзінің тікелей қол­дауы­мен бір топ жас маманды өсу жа­ры­сына қосқан-ды. Мәселен, Өмірзақ Тұңғышбаевты Жалағаш совхозына ди­ректор, Садық Әлиевті аудандық «Қазсель­хозтехника» бірлестігіне бастық, Зордан Салықбаевты «Жаңадария» га­зетіне редактор, Көптілеу Тоқсановты Аққыр совхозына партком хатшысы, Балғабай Имашевты аудандық ауыл шаруашылық басқармасы бастығының бірінші орынбасарлығына, Ғазиз Ержа­новты жол жөндеу мекемесіне бастық етіп жоғарылатқан.
Әрине бұл тізімді одан әрі тізбектей берудің қажеті бола қояр ма екен деген тоқтамға келдік. Бірінші хатшының кадр таңдауда қателеспегеніне жоғарыда аты аталған азаматтардың өмір жолдары дәлел бола алады. Бір сөзбен айтқанда, Сұлтекеңнің тәрбиелеген кадрлары сол дәуірдің белді азаматтары, білікті бас­шылары болып өсті. Шаруашылық, ау­дан, облыс, тіпті республика дең­гейіндегі жауапты қызметтерге көтерілді.
Мәңгілік өмір жоқ. Адамның ғұмыры қанша болса, соншалықты тіршілік ағы­мындағы сан түрлі оқиғалардың куәсі боларың даусыз. Өмір болған соң жақ­сыны да, жаманды да көресің. Сұлте­кең сенім артқан інілерінің бірі Балғабай Имашев кезінде оған былай деп өлең жолдарын арнаған-ды.
Өмір-өзен тулаған орынды ағын,
Тағдырдың мен көрмедім бағынғанын.
Сұлтеке, елден шалғай кеттің бе алыс!?
Туған жер, өскен елден табылмадың…
Сұлтеке, жан едіңіз сырың бөлек,
Жастарға сенім арттың елден ерек.
Рухыңмен жатсың ба, асыл аға?
Сыр мінез Сырдың елін желеп-жебеп.

VI

Әңгіме арасында Сұлтекең әкеден жалғыз екенін айтып отыратын. «Ар­тыңда інің, алдыңда арқа сүйер ағаң болғанға не жетсін» дейтін-ді. Құдайға шүкір, жұбайы Лиза екеуі 36 жыл бірге өмір сүріп, үш қыз, бір ер бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде Мұраты Алматыда тех­никалық училищенің директоры, қызы Алма Қарағанды қаласында мектеп ди­ректоры, Айнасы Алматы қаласының әкімшілігінде сектор меңгерушісі, Анары республикалық кітапханада бөлім мең­герушісі қызметін атқарады.
Бүгінде бұлардың барлығы зейнет­керлікке шыққан. Туған ауыл, кіндік қан тамған жер кімге болса да ыстық, жа­ныңа жақын тұрады. Соның белгісі ре­тінде туған жері оның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында 1998 жылы Қазалы қаласындағы өзі тұрған, балалық шағын өткізген үйдің көшесіне Сұлтан Аманов аты беріліп, ескерткіш орнатылды.
Менің өмірімнің тұтас бір үлкен кезеңі аудандық партия комитетінде, оның қа­бырғасында өтіпті. Сұлтан Аманов жайлы толғаныс-мақала жазуымның өзі соның бір дәлелі іспеттес. Ал аудандық партия комитеті дегеніміз сол тұстағы билікті ешкіммен бөліспейтін, бүгінгі әкімшіліктің атасы мен анасы деуге болады. Әрине қоғамның бір орында тұрып қалмайтын жансыз дүние емес екеніне тарих куә. Ол әрдайым өзгерумен, дамумен даралану сияқты кезеңдерді бастан кешіреді. Бү­гінде біздің еліміз көршілес елдерге қарағанда даралану сатысына түсіп, әлем­­дегі бәсекесі жоғары, өркениетті 50 елдің қатарына қосылу бағытында тір­шілік кезеңін бастан кешіруде. Оған біздер, алдыңғы буын ағалар куә бол­ғанымызға мақтаныш сезіммен шүкір­шілік етеміз.
Жаңа дәуірдің, жаңа заманның, өркен­деуіміздің, елдігіміз бен егемен­дігі­міздің бүгінгі ұрпақтың пешенесіне жа­зылғанына олар мақтаныш сезіммен қарауы тиіс.
Бүгінде алдыңғы буын ағалар біз болып қалдық. Олардың әрқайсысының өмірі өзгеше бір ғажайып құпия. Оның ар жағында он тоғызыншы ғасырда туып, елдің тұлғалы азаматтары ата­нып, өздерінің өмірімен тарихты жа­сауға үлесін қосқан біздің тұрғы­ластарымыздың бірсыпырасы бүгінде ара­­мызда жоқ. Олар жайлы айту емес, жазба түрде дерек қалдыру біздің үле­сімізде. Сол борышты, сол аманатты атқару мақсатында Сыр топырағының түлегі Сұлтан Аманов жайлы және осы сияқты тұлғалар туралы сыр шерту, олардың азаматтығын әр қырынан сы­наптай болса да бүгінгі ұрпаққа айтып беру қиынның қиыны екеніне дүйім жұрт мән бере бермеуі ықтимал. Бірақ мұны қалай болғанда да біреу атқаруы тиіс.
Өмірдің осындай сәтінің азды-көпті менің үлесіме тиюі, олар жайлы білген де­ректерді айтуым, олармен үзеңгілес еңбек етуден ғой деймін. Ендеше әр нәрсе өз дәуіріне қарай сипатталады деген тұ­жы­рым осындай негізден туса керек. Алайда менің осы айтқандарымның ішін­де қалдырып кеткен жерлерім болса, оны қызметтес болған азаматтар айта жатар.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: