Сұлтан Амановты бұрын сырттай білмегеніммен, онымен 1973-1975 жылдары бір мекемеде қызмет істеуім, оның талай жақсы қасиеттерін аңғаруыма мүмкіндік берді. Содан бері отыз жеті жылдан астам уакыт артта қалыпты. Осы уақыт ішінде жеке адам өмірінде де, қоғам өмірінде де айтулы өзгерістер болды. Жалпақ тілмен айтқанда, пойызша зырғиды екен. Сол пойызбен келе жатқанда қаншама жол, қаншама тау-тас, қаншама өзен-көл, қаншама ауыл мен қала артта қалып жатады десеңізші?! Бірақ соның бәрі есте қала ма? Әрине жоқ. Тек өз өміріңе қатысы барлары мәңгі сақталады екен. Бұл – әркімнің-ақ өмірінде кездесетін жайт.
І
Сондай есте сақталған тарихи тұлғалардың бірі Сұлтан Шаханұлы болатын. Енді сол жайлы өмір деректерін сөйлетсек…
Сұлтан Аманов 1932 жылы Қазалы ауданының қазіргі Жанқожа батыр ауылында дүниеге келген. 1951 жылы Қазалыдағы №7 орта мектебін күміс медальмен бітіргеннен кейін Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетіне түсіп, оның «Экономика» факультетін 1957 жылы үздік бітіріп шығады.
Еңбек жолын Қазалыдағы ауыл шаруашылығы техникумында 1957-1959 жылдары ұстаздық етуден бастайды. Алымды, сауатты, іскер кадр ретінде 1959-1963 жылдары аралығында Қызылорда облыстық комсомол комитетінде әуелі бөлім меңгерушісі, кейін екінші және бірінші хатшылығына дейін көтеріледі.
Жұмыс ұйымдастырудағы қабілеттілігімен көзге түскен ол 1963 жылдың желтоқсан айында Шиелі аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланып, бұл қызметті 1967 жылдың қаңтарына дейін атқарады. Мұнда да жақсы жағынан көрініп, 1967 жылы Жалағаш аудандық Советі атқару комитетінің төрағасы болып жоғарылайды.
Оның өсу жолы мұнымен тоқталмайды, біртіндеп жоғарылай береді. Мәселен, Сұлтан Шаханұлы 1966-1972 жылдары ішінде, үзбестен алты жыл бойы Қызылорда облыстық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып жұмыс істейді. 1972 жылдың маусым айынан 1975 жылдың наурыз айына дейінгі мерзім ішінде Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарады. Сол жылы ол облыстық партия комитетіне хатшы болып ауысады.
Мұнда ол бұл қызметте 1978 жылға дейін болып, сол жылдың қыркүйек айында Москва қаласындағы Орталық партия комитетінің жанындағы Қоғамдық Ғылымдар Академиясына оқуға жіберіледі.
Бұдан кейінгі оның өмірі Алматы қаласында өтті. Қоғамдық Ғылымдар Академиясын бітіргеннен кейін ол республикалық мемлекеттік кәсіптік-техникалық оқу комитеті төрағасының орынбасары, республикалық халықты еңбекке тарту, орналастыру жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып, 1990 жылы дүние салды.
II
Сұлтекеңнің жүрегі ізгі адамгершілік пен сүйіспеншілік сезімге толы болатын. Ол – халықтан шығып, барлық өмірін еліне қызмет етуге арнаған, жан-тәнімен адал еңбек еткен азамат, Сыр елінің санаулы азаматтарының бірі еді.
Ол қашанда бітірген ісіне көңілі көншей қоймайтын. Ол өзінің қызмет атқарған кезінде көп нәрсені тындырды және көп нәрсені тындырмақшы еді. Оның қандай бір мәселені талқылау кезіндегі сол сала бойынша жан-жақты терең білімдарлығы онымен қызметтес болған барлығымызды тәнті етуші еді. Тосыннан қараған адамға оның ойлы да өткір, мөлдір қара көзі көзәйнектің астынан бір түрлі от шашатындай, кейде кейігенде қаһарлы, зәрлі ұшқын, көбіне жылы жұмсақ мейірім назар аңғартатын. Жұмсақ қоңыр дауысы бір түрлі даналықтан, мейірбандықтан хабар беретіндей әсер қалдыратын. Отырыстарда өзін еркін ұстайтын және басқаларды да еркін отыруға шақыратын. Қолына домбыра алып, шертіп-шертіп жіберіп, «Қаракесек» атты әнді айтқанда кім-кімді болса да тамсандыратын-ды.
Бірде Сұлтекең: – Мен Мәдидің «Қаракесек» әнін айтқанымда бойыма бір күш пайда болғандай сезінемін. Мінекей, ән жолдарының өзінен-ақ оның адамды елдікке, ерлікке шақырып тұрғанын аңғаруға болады, – дейтін. Сондағысы:
«Сұрасаң, руымды Қаракесек,
Досымнан дұшпаным көп қылған өсек.
Үстінде шәйі мамықтың толықсушы ем,
Жатқаным қу қара жер болып төсек.
Міндім де қара көкпен жылыстадым,
Бардым да қара өткелге жыл қыстадым.
Науқасым жанға батып жатқан кезде,
Болмады жаны ашитын туысқаным» деген өлең жолдары еді.
Сұлтекең осы әнді айтқан кезде тыңдаушысы әнмен бірге толқып, әнмен бірге балқып, әнмен бірге көңіл-күйін көтеріп, әнмен бірге рахатқа кенелгендерінің талай рет куәсі болғаным бар.
«Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болсын» деген нақыл сөз осындай тұлғаларға айтылса керек-ті. Өйткені ол бірінші хатшымын деп бәлсінбей, осындай отырыстарда әнді-әнге қосатын және де оны:
«Жігіттің қайда қалмас жиған мүлкі,
Жақсының жүрген жері ойын-күлкі» деп аяқтайтын.
ІІІ
Еткен еңбек, төккен тер кезінде мемлекет тарапынан өз бағасын алды да. Соның куәсі ретінде оның кеудесіне 1966 жылы «Құрмет белгісі» ордені, ал 1971 жылы екінші рет тағы да «Құрмет белгісі» ордені, 1973 жылы 10 желтоқсанда Кеңестік дәуірдің ең жоғарғы наградасының бірі «Ленин» ордені тағылды. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген құрметті экономисті» деген атаққа ие болды.
Әсіресе оның «Ленин» орденін Жалағаш ауданында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жүргенде алғанын айырықша атауға тура келеді. Себеп аудан 1973 жылы облыс бойынша мемлекетке күріш тапсыру міндеттемесін артығымен орындап, күріштің өнімділігінен бірінші орынға шыққан-ды. Әрине қандай табысты да жалғыз адамның еңбегі деуден аулақпыз. Көпшіліктің қажыр-қайраты дей отырып, жеке адамдардың ұйымдастырушылық рөлі мен еңбегін айтпай кетуге болмайды. Ауданның бірінші хатшысы ретінде Сұлтан Амановтың осындай дәрежеге көтерілуіне, құрметке бөленуіне, мемлекет тарапынан жоғары наградаға ие болуына, қазіргі заманның тілімен айтқанда, оның командасындағы азаматтардың ауызбіршілікпен ұйымдасқан түрде еңбек еткенін көрсетеді. Ендеше олардың да аттарын атаудың артықшылығы бола қоймас. Осындай еңбегімен үлгі болғандар қатарында аудандық Советі атқару комитетінің төрағасы Сейтнәби Мұқашев, орынбасарлары Темірхан Бекжанов, Мәди Әбдіраманов, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Қаһарман Табынбаев, хатшысы Нәзтай Сермаханова, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Ойшы Ысқақов, Мәдениет совхозының директоры Ұзақ Еспанов, Жаңаталап совхозының директоры Шатбек Ержанов, Қазақстанның Ленин комсомолы атындағы совхоздың директоры Молдағали Сариев, Коммунизм совхозының директоры Мөрәлі Шәменов, «Аққұм» совхозының директоры Нағымар Назмаханов, Калинин атындағы совхоздың директоры Төлеген Сүлеев, Таң совхозының директоры Молдаш Мусаев, Жаңадария совхозының директоры Қаппар Ысқақов, Жалағаш совхозының директоры Өмірзақ Тұңғышбаев, аудандық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Телжан Есниязов және басқалар болатын.
Бұлардың әрқайсысы бір-бір тұлға еді. Бұлар ынтымақтастығы және халықтың қамын ойлайтын басшылар іріктелген жерде алынбайтынды алатын, еңбектің жемісін көрсете білетін, күштің пайда болатынын дәлелдеп бергендер.
Мен қызметтес болған бұл адамдардың іскерлігін, олардың аттарын атау арқылы толық аша алмайтынымды жақсы түсінемін. Алайда ондай дәрежеге жету мүмкін емес шығар. Бірақ өздерінің барлық күш-қайратын еліне, Отанына сарқып бергендерін жоққа шығаруға болмас. Мұны айтып отырған себебім қазіргі ұрпақ жаңарудың тетігі істеген ісімізде, сөйлеген сөзімізде, жүрген жүрісімізде, берік топтасқанымызда екенін аз да болса білсін деген ой еді.
IV
Ол кезде хатшының сөйлейтін қандай сөзі болсын тиісті бөлімдер дайындайтын да, ең соңында менің редакциялауымнан өтіп барып, хатшыға жететін. Мұндай қажет дегендердің бір данасын алып отыратынмын. Осы материалды дайындау барысында жеке архивімді қарап отырғанда Сұлтекеңнің 1974 жылы мұғалімдердің тамыз кеңесінде сөйлеген сөзі қолыма түсті. Енді содан үзінді келтірейін.
– Ауылдағы алдыңғы қатарлы интеллигенция – мұғалімдер. Село тұрғындары мұғалімдерге қарап бой түзейді, мұғалімдерден үлгі алады, мұғалімге қарап өзінің білім, мәдениет дәрежесін өлшейді. Ендеше ауыл мұғалімдеріне, ауыл интеллигенциясына қойылатын талап зор. Амал не, кейде мұғалімдер арасында кір-қожалақ киінетін, сақал-мұртын алып жүрмейтін, ішімдік десе соның соңына түсіп кететін адамдар әлі де бар. Ондайлар халықты озық үлгіге тәрбиелей алмайды. Күнделікті жаңалықты біліп отырмайды, газет-журнал, кітап оқуды ұмытады. Сөйтіп өмірден артта қалады, болашақ ұрпаққа тәрбие беруде орны толмас олқылықтарға жол береді. Қазіргі кезде толғандыратын жайлардың бірі – осылар, – деген еді.
Ол кезде басшылардың көпшілігі сөзді жазып алып сөйлейтін. Ондағы негізгі мақсат айтайын дегенін әрі қысқа, әрі нұсқа етіп сөйлеп, алатын уақытты босқа жібермеу еді. Сұлтекең де сондай басшылардың бірі емес, бірегейі болды.
V
Сұлтан Аманов жайындағы мақалада оның кісілік келбетін, адамгершілік қасиетін еске алмау мүмкін емес. Ол туралы ләм-мим демеу тіптен күпірлік сияқты. Бұл адамның бауырмалдылығы мен мейірбандылығында шек жоқ десе болғандай. Турасын айтқанда, ол кең пейілді, қайырымды, досқа бүкпесіз, ашық та адал, дұшпанына ымырасыз, қатал да әділ, әлсіздерге басынып кеуде көтермейтін, күштілерге бағынып бас имейтін, өзін көзінше мақтағанды, өзгені сырттан даттағанды ұнатпайтын, айқайлап дауыс көтермейтін, үні майда, сөзі маңызды, сөйлескен адамын еріксіз өзіне баурап алатын дарын иесі еді.
Қолыңда билік тұрған кезде жолдас та көп, дос та көп болады. Жасы үлкен аға болсын, жасы кіші іні болсын, бәрі-бәрі айналаңа топтаса түседі. Олардың бәрі де қымбат, бәрі де қадірменді болып көрінеді. Елпілдегенде етек-жеңіңді көтеріп жүреді, қабағыңның қимылына қарап қозғалатын болады. Бертін келе, қиын-қыстау, тар кезеңдерде олардың да қатары азайып, сиреп достық көңілдерін суытпағандар ғана арагідік кездеседі. Бұл – өмірдің жазылмаған заңдылығы. Сондықтан оған өкінуге болмас.
Осы орайда бір кездері қолында үлкен билік тұрған Сұлтан Амановтың аялы алақанынан талай азаматтардың үлкен өмірге жолдама алғанын айта отырып, оның қарымын қайтарған кадрлардың да бар екенін айтсам, әруағы риза болар деген ойдамыз.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» деген. Иә, енді оның түйін жағына келейік. Біз айтқан өткен-кеткен әңгімелерге қызығатындар да, қызықпайтындар да болуы мүмкін. Ой деген бірін-бірі қозғайтын энергия көзі сияқты ғой. Асылы өмірдің өзі адамдардың ой жарысы, өсу жарысы сияқты.
Ауданды басқарып тұрған кезінде Сұлтан Аманов өзінің тікелей қолдауымен бір топ жас маманды өсу жарысына қосқан-ды. Мәселен, Өмірзақ Тұңғышбаевты Жалағаш совхозына директор, Садық Әлиевті аудандық «Қазсельхозтехника» бірлестігіне бастық, Зордан Салықбаевты «Жаңадария» газетіне редактор, Көптілеу Тоқсановты Аққыр совхозына партком хатшысы, Балғабай Имашевты аудандық ауыл шаруашылық басқармасы бастығының бірінші орынбасарлығына, Ғазиз Ержановты жол жөндеу мекемесіне бастық етіп жоғарылатқан.
Әрине бұл тізімді одан әрі тізбектей берудің қажеті бола қояр ма екен деген тоқтамға келдік. Бірінші хатшының кадр таңдауда қателеспегеніне жоғарыда аты аталған азаматтардың өмір жолдары дәлел бола алады. Бір сөзбен айтқанда, Сұлтекеңнің тәрбиелеген кадрлары сол дәуірдің белді азаматтары, білікті басшылары болып өсті. Шаруашылық, аудан, облыс, тіпті республика деңгейіндегі жауапты қызметтерге көтерілді.
Мәңгілік өмір жоқ. Адамның ғұмыры қанша болса, соншалықты тіршілік ағымындағы сан түрлі оқиғалардың куәсі боларың даусыз. Өмір болған соң жақсыны да, жаманды да көресің. Сұлтекең сенім артқан інілерінің бірі Балғабай Имашев кезінде оған былай деп өлең жолдарын арнаған-ды.
Өмір-өзен тулаған орынды ағын,
Тағдырдың мен көрмедім бағынғанын.
Сұлтеке, елден шалғай кеттің бе алыс!?
Туған жер, өскен елден табылмадың…
Сұлтеке, жан едіңіз сырың бөлек,
Жастарға сенім арттың елден ерек.
Рухыңмен жатсың ба, асыл аға?
Сыр мінез Сырдың елін желеп-жебеп.
VI
Әңгіме арасында Сұлтекең әкеден жалғыз екенін айтып отыратын. «Артыңда інің, алдыңда арқа сүйер ағаң болғанға не жетсін» дейтін-ді. Құдайға шүкір, жұбайы Лиза екеуі 36 жыл бірге өмір сүріп, үш қыз, бір ер бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде Мұраты Алматыда техникалық училищенің директоры, қызы Алма Қарағанды қаласында мектеп директоры, Айнасы Алматы қаласының әкімшілігінде сектор меңгерушісі, Анары республикалық кітапханада бөлім меңгерушісі қызметін атқарады.
Бүгінде бұлардың барлығы зейнеткерлікке шыққан. Туған ауыл, кіндік қан тамған жер кімге болса да ыстық, жаныңа жақын тұрады. Соның белгісі ретінде туған жері оның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында 1998 жылы Қазалы қаласындағы өзі тұрған, балалық шағын өткізген үйдің көшесіне Сұлтан Аманов аты беріліп, ескерткіш орнатылды.
Менің өмірімнің тұтас бір үлкен кезеңі аудандық партия комитетінде, оның қабырғасында өтіпті. Сұлтан Аманов жайлы толғаныс-мақала жазуымның өзі соның бір дәлелі іспеттес. Ал аудандық партия комитеті дегеніміз сол тұстағы билікті ешкіммен бөліспейтін, бүгінгі әкімшіліктің атасы мен анасы деуге болады. Әрине қоғамның бір орында тұрып қалмайтын жансыз дүние емес екеніне тарих куә. Ол әрдайым өзгерумен, дамумен даралану сияқты кезеңдерді бастан кешіреді. Бүгінде біздің еліміз көршілес елдерге қарағанда даралану сатысына түсіп, әлемдегі бәсекесі жоғары, өркениетті 50 елдің қатарына қосылу бағытында тіршілік кезеңін бастан кешіруде. Оған біздер, алдыңғы буын ағалар куә болғанымызға мақтаныш сезіммен шүкіршілік етеміз.
Жаңа дәуірдің, жаңа заманның, өркендеуіміздің, елдігіміз бен егемендігіміздің бүгінгі ұрпақтың пешенесіне жазылғанына олар мақтаныш сезіммен қарауы тиіс.
Бүгінде алдыңғы буын ағалар біз болып қалдық. Олардың әрқайсысының өмірі өзгеше бір ғажайып құпия. Оның ар жағында он тоғызыншы ғасырда туып, елдің тұлғалы азаматтары атанып, өздерінің өмірімен тарихты жасауға үлесін қосқан біздің тұрғыластарымыздың бірсыпырасы бүгінде арамызда жоқ. Олар жайлы айту емес, жазба түрде дерек қалдыру біздің үлесімізде. Сол борышты, сол аманатты атқару мақсатында Сыр топырағының түлегі Сұлтан Аманов жайлы және осы сияқты тұлғалар туралы сыр шерту, олардың азаматтығын әр қырынан сынаптай болса да бүгінгі ұрпаққа айтып беру қиынның қиыны екеніне дүйім жұрт мән бере бермеуі ықтимал. Бірақ мұны қалай болғанда да біреу атқаруы тиіс.
Өмірдің осындай сәтінің азды-көпті менің үлесіме тиюі, олар жайлы білген деректерді айтуым, олармен үзеңгілес еңбек етуден ғой деймін. Ендеше әр нәрсе өз дәуіріне қарай сипатталады деген тұжырым осындай негізден туса керек. Алайда менің осы айтқандарымның ішінде қалдырып кеткен жерлерім болса, оны қызметтес болған азаматтар айта жатар.
Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!