Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Бейсенбі, 26 желтоқсан, 18:46

Токтоға талас тоқтай ма?

21.07.2023

283

0

Геосаяси мәселе Корея елі үшін де жат емес. Бұл мәселе жапон отаршылдығының ресми түрде аяқталғанына 78 жыл өткеніне қарамастан, әлі күнге дейін шешімі табылмай, екі ел арасындағы араздықтың себебі болып отыр

Жалпы, корей халқының тарихында жер мәселесіне қатысты екі үлкен жабылмаған гештальт бар. Олардың біріншісі, әрі ең ауыры – 1950-1953 жылдары капитализм мен социализм сияқты саяси-идеологиялық қақтығыстың кесірінен корей түбегінің екіге бөлінуіне әкеліп соққан 25 маусым оқиғасы болса, екіншісі – постимпериалды жарақат ретінде халықтың жанын жегідей жеп отырған Токто аралына қатысты жер дауы.

Токто дауын шешу мақсатында корей үкіметі мен халқы арал төңірегінде түрлі жобалар ұйымдастырып, сол арқылы Токто аралының ерте заманнан бері корей халқының жері болып келгендігін жариялап, ақиқат жолында күресіп келеді. Осындай жобалардың жыл сайын орын алып, тіпті салтқа айналуының себебі Токто мәселесі ХХ ғасырдың отаршылдық тарихына нүкте қоюына мүмкіндік бермеуіне байланысты.

Жалпы, Токто аралы төңірегіндегі дауды түсіну үшін тарих пен географияға біраз тоқталғанымыз жөн. Ол – Корея мен Жапонияның ортасында орналасқан, жер аумағы шамамен 19 гектар шағын арал. Дәлірек айтсақ, ол Кореяның Уллың аралынан 87 км, ал Жапонияның Оки аралдарынан 158 км қашықтықта орналасқан. Корей тілінде Токто сөзі «тасты арал» деген мағынаны білдіреді. Бұл арал б.з.б. 4.6~2.5 млн жылдар арасында жанартаудың атқылауы нәти­жесінде пайда болған.

Корей республикасының Жер, инфрақұрылым және транспорт министрлігінің мәлімдемесіне сүйенсек, Токто аралында қарапайым халық арасынан бір отбасы мен 44 мемлекеттік күзетші және 3 теңіз құралдарының навигация және маяк органдары қызметкерлері тұрады. Осыған орай жапон үкіметі «Такешима аралы (Токто аралының жапон тіліндегі атауы) жапон халқының жері екендігінде ешбір күмән жоқ, оған тарих та, халықаралық құқық та дәлел бола алады, алайда Оңтүстік Корея Токто аралына өзінің күзетшілерін жайғастыру арқылы заңсыз иемденіп отыр», – деп жала жауып келеді. Бұндай екі ел арасындағы үкіметтік деңгейдегі текетірес осы 2023 жылдың наурыз-сәуір айлары аралығында да жалғасын тапты. Корея сыртқы істер министрлігі жапондықтардың негізсіз жаласын кері алуын талап еткенімен, еш нәтиже шықпады. Бұл мәселеде жапон тарапы халықаралық құқықтың шешіміне сүйенсе, корей тарапы еш күмәнсіз ақиқат шет мемлекеттердің араласуын да, халықаралық құқықтың мойындауын да қажет етпейді деп қарастыруда.

Осы ретте Токто аралы төңірегіндегі дау Корей елі тәуелсіздік алғанына 78 жыл уақыт өткеніне қарамастан әлі күнге дейін шешілмей жатыр. Ал корей халқы жабылмай қалған гештальтты толықтай жабу үшін бар жан-тәнін беріп, күресіп келеді. Дегенмен АҚШ пен Қытай арасындағы әлемдік үстемдік үшін шайқас ушығып тұрған қазіргі таңда АҚШ бірқатар салада Кореядан гөрі Жапонияны серіктес ретінде таңдап, Кореяның Қытай нарығына шығуын тежеуді талап етіп отыр. Бұл – Кореяның экономикасына көрсетілген қысым.

Жалпы, геосаяси қақтығыс Корея мен Жапония арасында ғана болып жатқан мәселе емес. Бұл ХХІ ғасырда да әлемнің түпкір-түпкірінде бой көрсетіп отыр. Мәселенің себебі әр елде әр түрлі. Дегенмен өткеннің тарихын бұрмалап отырған саясат – қай елде болсын ақтауға жатпайтын мәселе. Алып державалар өздерінің мүддесі мен пайдасын ғана ойламай, көрші елдермен тату тұруға тырысуы керек. Сонда ғана әлемде бейбітшілік орнамақ.

Меруерт НҰРПЕЙІС,

Сеул университеті

корей тілі мен әдебиеті

факультетінің докторы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: