Еліміз бір айдан бері тілсіз жаумен күресіп жатыр. Арнасынан тасыған өзен суы жан-жақтан қаумалап, елді мекенге кіріп, тұрғын үйлерді топан су басты. Қауіпті аймақтардағы тұрғындар қанша күннен бері ұйықтамай бөгеттерді нығайтып, топан суға тосқауыл болуда. Алайда бөгеттер қатты ағын суға шыдас бермей бұзылып жатыр. Қазір тасқын сумен күреске Үкімет, Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері, полиция, жергілікті атқарушы орган, әскери қызметшілер, жалпы ел жұмылдырылған.
Нақты деректерге тоқталсақ, 21 сәуір күні таңертең Жайық өзеніндегі су деңгейі қауіпті межеден асып, 8,5 метрге жеткен. Өзен суы жайылған жерге орналасқан саяжай алаптары су астында қалып, Жайық және Шаған өзендерінің маңындағы шағын аудандарға су жеткен. Бүгінде Орал қаласында су тасқынына қарсы іс-шаралар күшейтілген режимде жүргізілуде.
Қорғаныс құрылыстарын нығайту шараларына облыс бойынша 10,6 мыңнан астам және қала бойынша 6,4 мың адам, сондай-ақ елдің басқа өңірлерінен тартылған 2 мыңнан астам техника жұмылдырылған. Осы орайда вице-премьер Қанат Бозымбаев шарықтау шегіне жеткен су тасқынымен күресу үшін Маңғыстау, Ақтөбе облыстарынан, Астана мен Алматыдан тағы 500 әскери қызметші мен құтқарушыны БҚО-ға жіберуді тапсырған. Қазіргі таңда Оралға ТЖМ және Қорғаныс министрлігі бойынша 200 адам келіп, жұмысқа кірісіп кетті. Оралдың периметрі бойынша су тасқынына қарсы қорғаныс құрылыстарын тексерген Қанат Бозымбаев су тасқынының шарықтау шегі ұзарады деген болжам бар екенін ескеріп, топырақ бөгеттерін тағы бірнеше метрге көтеруді тапсырды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Асқар Шәріп Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында Жайық өзенінде туындайтын су тасқынының екінші толқыны ерекше бақылауға алынғанын жеткізді. Оның мәліметінше, БҚО-да 81 523 қапшық және 2 770 тонна инертті материал төселген, бөгеттердің іргесін көтеру және нығайту жұмыстары жалғасуда. Атырау облысында 824 мың қапшық және 2 700 тонна инертті материал төселген, 4 424 шақырым бөгет тұрғызылып, іргесі нығайтылған. Сондай-ақ әлі күнге дейін Жайық өзенінің су деңгейіне мониторинг жалғасып жатыр, азаматтарды құлақтандыру және телерадио арқылы хабарландыру әр 4 сағат сайын жүргізілуде. Қазіргі таңда 22 734 адам өз үйлеріне оралған. Ал уақытша паналау бекеттерінде 8 809 адам, оның ішінде 3 828 бала тұрып жатыр.
Атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, елді мекендерден 11,2 млн астам текше метр еріген қар суы шығарылып, 4,6 млн қапшық және 1,4 млн тоннадан астам инертті материал төселген. Нәтижесінде судың бағыты 4 536 тұрғын үй және 2 767 аула аумағынан бұрылған.
Бұл жұмыстарға, яғни авариялық-құтқару және тасқынға қарсы жұмыстарға 36 484 адам, 5 083 техника, 888 су алу құралы, 381 жүзу құралы, 16 әуе кемесі жұмылдырылып отыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қиын-қыстау заманда су басқан аймақтарға көмек беруге еліміздің түкпір-түкпірінен қаншама азамат барып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Оксана Голованова 10-15 көрші жиналып, әскери қызметшілерді, көмекке келген еріктілерді тамақтандырып жатқанын айтады.
– Қанша адамды қамтығанымызды айта алмаймын. Өйткені күні бойы кезекпен тамақтандырып жатырмыз. Басқа адамдар да азық-түлік, картоп, рожки, түрлі жармалар әкеліп жатыр, оны осы жерде пісіреміз. Кейбірі дайын тамақ әкеліп қалдырып жатыр. Мен осы ауылда туғанмын. 40 жылдың ішінде мұндай топан суды көрмеппін. Су үйге келіп тұр, бірақ жігіттер бар күшін салып жатыр. Басында қорықтым, жыладым, енді қазір ешқандай сезім қалмады. Бірліктің арқасында бұл қиындықты да жеңіп шығамыз. Бұл күндер де артта қалады, – дейді Оксана Голованова.
Ел басына күн туса, ер етігімен күн кешер. Иә, табиғи апат айтып келмесі анық, десе де осындай қиын-қыстау уақытта елдігіміз сыналатын кезең деп айта аламын. Жұмыла жасаған істің нәтижесінде көптеген қасыретті артта қалдырған ұлы халықтың ұрпағымыз. Десе де бұл мәселемен еліміз бірінші рет бетпе-бет келіп отырған жоқ. Сондықтан Президент айтқандай, алдағы уақытта әбігерге салған су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруға міндеттіміз.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!