Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 04 мамыр, 01:38

22 734 адам үйлеріне оралған

23.04.2024

140

0

Еліміз бір айдан бері тілсіз жаумен күресіп жатыр. Арнасынан тасыған өзен суы жан-жақтан қаумалап, елді мекенге кіріп, тұрғын үйлерді топан су басты. Қауіпті аймақтардағы тұрғындар қанша күннен бері ұйықтамай бөгеттерді нығайтып, топан суға тосқауыл болуда. Алайда бөгеттер қатты ағын суға шыдас бермей бұзылып жатыр. Қазір тасқын сумен күреске Үкімет, Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері, полиция, жергілікті атқарушы орган, әскери қызметшілер, жалпы ел жұмылдырылған.

Нақты деректерге тоқталсақ, 21 сәуір күні таңертең Жайық өзеніндегі су деңгейі қауіпті межеден асып, 8,5 метр­ге жеткен. Өзен суы жайылған жерге орналасқан саяжай алаптары су астында қалып, Жайық және Ша­ған өзен­дерінің маңындағы шағын ау­дан­дарға су жеткен. Бүгінде Орал қа­­­ласында су тасқынына қарсы іс-­ша­­ра­лар күшейтілген режимде жүр­гізілуде.
Қорғаныс құрылыстарын нығайту шараларына облыс бойынша 10,6 мың­нан астам және қала бойынша 6,4 мың адам, сондай-ақ елдің басқа өңірлерінен тартылған 2 мыңнан ас­там техника жұмылдырылған. Осы орайда вице-премьер Қанат Бозым­баев шарықтау шегіне жеткен су тасқынымен күресу үшін Маңғыстау, Ақтөбе облыстарынан, Астана мен Алматыдан тағы 500 әскери қызметші мен құтқарушыны БҚО-ға жіберуді тап­сырған. Қазіргі таңда Оралға ТЖМ және Қорғаныс министрлігі бойынша 200 адам келіп, жұмысқа кірісіп кет­ті. Оралдың периметрі бойынша су тасқынына қарсы қорғаныс құрылыс­тарын тексерген Қанат Бозымбаев су тасқынының шарықтау шегі ұзарады деген болжам бар екенін ескеріп, то­пырақ бөгеттерін тағы бірнеше метрге көтеруді тапсырды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Асқар Шәріп Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында Жайық өзе­нінде туындайтын су тасқы­ны­ның екінші толқыны ерекше бақы­лауға алынғанын жеткізді. Оның мә­лі­метінше, БҚО-да 81 523 қапшық және 2 770 тонна инертті материал төселген, бөгеттердің іргесін көтеру және нығайту жұмыстары жал­ғасуда. Атырау облысында 824 мың қапшық және 2 700 тонна инертті материал төселген, 4 424 шақырым бөгет тұр­ғы­зылып, іргесі нығайтылған. Сондай-ақ әлі күнге дейін Жайық өзенінің су деңгейіне мониторинг жал­ғасып жа­тыр, азаматтарды құлақ­тан­дыру жә­не телерадио арқылы хабар­лан­дыру әр 4 сағат сайын жүргізілуде. Қазіргі таңда 22 734 адам өз үйлеріне оралған. Ал уақытша паналау бекет­терінде 8 809 адам, оның ішінде 3 828 бала тұрып жатыр.
Атқарылған жұмыстарға тоқтал­сақ, елді мекендерден 11,2 млн астам текше метр еріген қар суы шығарылып, 4,6 млн қапшық және 1,4 млн тоннадан астам инертті материал төселген. Нә­тижесінде судың бағыты 4 536 тұр­ғын үй және 2 767 аула ау­мағынан бұрылған.
Бұл жұмыстарға, яғни ава­рия­лық-құтқару және тасқынға қар­сы жұмыстарға 36 484 адам, 5 083 тех­ника, 888 су алу құралы, 381 жүзу құ­ра­лы, 16 әуе кемесі жұмылдырылып отыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қиын-қыстау заманда су бас­­­­қан аймақтарға көмек беруге елі­міз­дің түкпір-түкпірінен қаншама аза­мат барып жатыр. Солтүстік Қа­зақстан облысының тұрғыны Оксана Го­­­ло­ва­­нова 10-15 көрші жиналып, әс­ке­ри қыз­метшілерді, кө­мекке кел­ген ерікті­лерді тамақ­тандырып жат­қанын айтады.
– Қанша адамды қамтыға­ны­мыз­ды айта алмаймын. Өйткені күні бойы кезекпен тамақтандырып жатырмыз. Басқа адамдар да азық-түлік, картоп, рожки, түрлі жармалар әкеліп жатыр, оны осы жерде пісіреміз. Кейбірі дайын тамақ әкеліп қалдырып жатыр. Мен осы ауылда туғанмын. 40 жылдың ішінде мұндай топан суды көрмеппін. Су үйге келіп тұр, бірақ жігіттер бар күшін салып жатыр. Басында қорықтым, жыладым, енді қазір ешқандай сезім қалмады. Бірліктің арқасында бұл қиындықты да жеңіп шығамыз. Бұл күндер де артта қалады, – дейді Оксана Голованова.
Ел басына күн туса, ер етігімен күн кешер. Иә, табиғи апат айтып келмесі анық, десе де осындай қиын-қыстау уақытта елдігіміз сыналатын кезең деп айта аламын. Жұмыла жасаған істің нәтижесінде көптеген қасыретті артта қалдырған ұлы халықтың ұрпағымыз. Десе де бұл мәселемен еліміз бірінші рет бетпе-бет келіп отырған жоқ. Сон­дықтан Президент айтқандай, ал­дағы уақытта әбігерге салған су тас­қынынан тиісті қоры­тынды шығаруға міндеттіміз.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: