Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет жүйесі қалыптасқаннан бері мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігімен қатар, олардың әдептілігі маңызды, себебі әдептілік мемлекеттік қызметтің басты ұстанымдарының бірі болып табылады.
Мемлекеттік басқаруды жаңаша ұйымдастыру – Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолындағы басты фактор.
Қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейін арттырып, халықпен кері байланысты жақсарту, адамға бағдарланған мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыру бағытында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі де жаңа редакцияда бекітілді.
Бұл Кодекс қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Кодекстің жаңа редакциясында «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» деп аталатын тарау енгізіліп отыр. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа, яғни адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, клиентке бағдарлану деген қағидаттарға негізделген.
Сонымен қатар, жаңа Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары мен мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттары бекітіліп, оны насихаттау мен бұзушылықтардың профилактикасында Әдеп жөніндегі кеңестің және Әдеп жөніндегі уәкілдердің рөлінің маңыздылығы артты.
Биылғы жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің 8 отырысыөткізіліп, 44 мәселе күн тәртібіне шығарылды. Қаралған мәселелердің 16-сы тәртіптік істер болса, 28-і бұзушылықтардың профилактикасынабағытталды.
Тәртіптік істерді қарау нәтижелерімен 2 тәртіптік іс тоқтатылса, Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін 3 мемлекеттік қызметші, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін 11 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершіліктерге тартылды.
Жалпы, мемлекеттік қызметшілердің жұмысына баға беретін халық. Сондықтан, әрбір мемлекеттік қызметші, ең әуелі халыққа қызмет ететінін естен шығармай, өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығын, әділдігін қамтамасыз етуге, қызмет барысында әдептілік нормаларын қатаң сақтауды,өзінің іс-әрекеттерімен қоғам тарапынан сынға ұшырамауды және мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмеу керектігін назардан шығармауы тиіс.
Талғат Нуртаев
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!