Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

35°C

, Сенбі, 14 маусым, 19:37

Алғыс арқалаған мейіргер

27.05.2025

69

0

Сырқаттанғанда жаныңыздан табылатын, ем іздегенде қол ұшын беретін медицина қызметкерлерінің бірі – мейіргер. Әдетте науқастанып қалған жандарға аялы алақанымен, жылы қабағымен қуаныш сыйлайтын мейіргерлер жөнінде көп біле бермейміз. Аудандық ауруханаға кезекті сапарымызда жоғары санатты аға мейіргер Гүлмира Маделхановамен әңгімелесіп, жұмысымен танысудың реті келді.

– Дәрігер болу бала күнгі арманым болатын. Емханадағы ақ ха­лат киген­дерге қатты қызыға қарай­тын­мын. Біз­дің заманымызда таңдау мұғалім немесе дәрігер еді. Анам­мен ақыл­да­сып, медицина сала­сына құжатта­рымды тапсырдым. Мектептегі білім көр­сеткішім өте жақсы бол­ған­дық­тан Қы­­зылорда медициналық училищесін­дегі «Мейіргер ісі» мамандығына емти­хансыз қабыл­дандым. Анам Зейнегүл Әлсүгірова ауруханада еңбек етті, қызметі халыққа үлгі, тәжірибелі дә­рігер болды. Менің осы мамандықты таңдауыма анамның жолы сеп бол­ғандай, – деп бас­тады әңгімесін еңбек адамы.

Жас маман 1990 жылы Жалағаш аудандық ауруханасына жұмысқа қа­­был­данып, 2005 жылға дейін хирургия бөлімінде кезекші мейіргер, қан дайын­дау мейіргері қызметтерін абы­рой­мен атқарды. Ол еңбек жолында медицина саласының түрлі бағыт­тарында жұмыс істеп, мол тәжірибе жинайды. 2005 жылдан бері терапия, хирургия, ба­ла­лар бөлімі, жұқпалы аурулар бө­лім­­ін­де аға мейіргер, 2014-2015 жыл­дары бас мейіргер болып еңбек еткен.
Мейіргер жауапкершілігі ауыр са­лада тынбай еңбек етіп, білікті маман ата­нуына аудандық ауруханадағы бас дәрігерлердің бөліскен тәжірибесі сеп болғанын жасырмайды. Сөзіме дәлел, әңгіме барысында бас дәрігерлер С.Қалыбаев, Қ.Камалов, Б.Пірмаханов, хирург дәрігерлер М.Жұмаділлаев, Ш.Әлі­­баев, Т.Жүсіпов, М.Оспанов, А.Ма­­­­ханбетова, Г.Каюпова, ұстаз бол­ған Қа­зына, Жаухар, Назипа, Назира, Әсия, Мира апайларынан алғысын ая­мады. Ол кісілердің айтқан ақыл-кеңе­сі жыл­­дар өтсе де өзектілігін жо­ғалтпай, жұ­мыста көмек болып келеді екен.
Бүгінде Гүлмира Маделханова ау­дан­дық емханада қабылдау бөлімінің аға мейіргері қызметін атқаруда. Жал­пы жұмыс өтілі – 35 жыл. Жұмыс ат­қара жүріп, білімін тынбай жетілдіріп, біліктілігін арттыра білді. 2019-2021 жылдары Қызылорда медициналық жо­ғары колледжінің орта білімнен кейінгі білім алу бағдарламасы аясында «Ме­йір­гер ісінің қолданбалы бака­лавры» бо­йынша біліктілігін арттырады.
Қазіргі таңда жоғары санатты мейір­гер, тәлімгер ұстаз. Әріптестерінің ал­дында абыройлы, беделді, барлық ор­тада өзін белсенді көрсете алады. Нау­қастар мен олардың туыстарынан әрқашан алғыс алып жүр. Облыстық, аудандық кәсіподақ ұйымынан және «Amanat» партиясынан, Жалағаш ау­даны әкімінен, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы бас­шысынан ха­лық­қа көрсеткен адал еңбегі үшін алған ма­рапаттары мен алғыс хаттары соның дәлелі.
Сондай-ақ еңбек адамы қазіргі таң­да оқу орнын бітіріп келген жас маман­дарға тәлімгерлік етіп, бар білімі мен бі­лік­тілігін, тәжірибесін үйретуден жалық­­пай­тынын жеткізді. Өйткені аталған салада 35 жыл жиған тәжірибесі өске­лең ұрпаққа маңызды мұра екенін мойындайды.
– Әрине, бүгінде медицина саласы үлкен жетістіктерге жетіп, дамыды. Бұрын­ғыдан айырмашылық бар. Біз жұмысымыздың басым бөлігін қолмен жасайтынбыз. Қазіргідей компьютер жоқ, құжаттардың барлығын қолмен тол­­тыратынбыз. Бірақ біз еш уақытта жұ­­мысымыз ауыр демейтінбіз. Өйткені қандай жағдай болса да медициналық көмек көрсете білуіміз керек. Ең бірінші, науқасқа жағдай жасау, емдеу. Осы біздің басты назарда болатын. Ал қазір дамыған түрлі медициналық құ­рыл­ғылар бар. Сондай-ақ Алматы, Ас­тана қалаларынан, тіпті шетелден ма­ман­дар келіп, шеберлік сағатын өткі­зеді. Олар­мен тәжірибе алмасамыз. Иә, біз­дің кезімізде патриоттық сезім ерекше болды деп ойлаймын. Мұғалім мен дәрігер мамандығы ең жоғары болып са­на­латын. Қазіргі жастардың таңдауы басқа. Жасыратыны жоқ, медицина саласының ауыртпалығынан сескеніп жатады. Өзімнің отбасымда 4 балам, жол­дасым бар. Үлкен ұлым Жарқынбек Сыдықов жолымды қуып, аудандық ауруханада дәрігер хирург-травматолог қызметінде еңбек етуде. Ал қызым Ақдидар да – Қарағанды медицина уни­верситетінің түлегі, болашақ дәрігер, – дейді білікті мейіргер.
Емнің дұрыс нәтиже беруі мед­бикенің көрсетілген ем-домды сауатты да, қалтқысыз орындауында ғана емес, жаны қиналып жатқан науқаспен күндіз-түні бірге болып, жиі қарым-қатынас жасап, олардың көңіл-күйіне әсер ете­­тін жанкешті еңбегіне де тікелей бай­ланысты. Гүлмира Маделханова әріп­тестерімен бірге күні-түні еңбек етіп, науқастардың өміріне араша бо­лып, талайларды өлімнен аман алып қалды. Тіпті бірқатары өздерінің басын қа­терге тігіп, коронавируспен ауырып жатқан­дардың ортасында жүрді. Сондықтан болар, жалағаштықтар кейіпкеріміздің еңбегін жоғары бағалайды.
«Мен үшін халықтың алғысын алу, көптің құрметі мен ықыласына бөлену – ерекше сезім. Сондықтан ме­ди­цина са­ласында жұмыс істегеніме еш өкін­беймін» деп аяқтады сөзін аға мейір­гер Гүлмира Оңайбекқызы.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: