Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

16°C

, Бейсенбі, 02 мамыр, 07:06

Атқарылған жұмыстар пысықталды

20.08.2023

369

0

«AMANAT» партиясының жұмысы жылдан-жылға дамып, еліміздегі ең ірі, ықпалды саяси күш ретінде, бұлжымас қағидаларын, саяси мақсаттары мен заманауи бағыт-бағдарын айқындады. Қазіргі күні ел арасында жүріп көптеген мәселелердің оң шешімін табуда. Кеше аудандық руханият орталығында «Amanat» партиясы Жалағаш аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаеваның төрағалығымен аудандық филиалдың кезекті ХХХVII есеп беру сайлау конференциясы өтті.

Аталған конференцияны «Аma­naт» партиясы аудан­дық филиа­лы­ның атқарушы хатшысы Қан­шагүл Мұстафаева жүргізді.

Конференцияға «Amanat» пар­тия­сы депутаттық фракциясының мү­ше­сі, ҚР Парламент мәжілісінің де­путаты Мұрат Әбенов пен «Amanat» пар­тиясы облыстық фи­лиа­лының сая­си кеңес мүшесі Рай­күл Байназарова, сондай-ақ «Ama­­nat» партиясы ау­дан­дық филиалының саяси кеңесі мен саяси кеңес бюросы мүше­лері, пар­тия ардагерлері, бастауыш пар­тия ұйымдарының жетекшілері мен бел­­сенділері, аудандық мәслихаттағы фракция мүшелері және «Жастар Рухы» Жастар қанаты мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қа­тысты. Жиын­да күн тәртібі бойынша үш мәселе қаралды.

Партияның аудандық филиалы сая­си кеңесінің 2021-2022 жылдары ат­­қарған жұмыстары және алдағы ке­зеңге арналған міндеттер, оның ішінде сайлауалды бағдарламаларды іске асыру бойынша өңірлік жол картасын іске асыру туралы есебі, және «Ama­nat» партиясы аудандық фи­лиалының саяси кеңесі құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мен «Amanat» партиясы облыстық филиалының кезекті ХХХVII есеп беру сайлау конференциясына де­легаттар сайлау туралы сөз қозғалды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқа­рушы хатшысы Қаншагүл Шоңмұ­рын­­қызы баяндама жасады. Ол «Amanat» партиясы Қазақстан Республи­касын­дағы көшбасшы партия ғана емес, әлем­дік деңгейдегі бағдары айқын және даму барысы дараланған шынайы демократиялық үдерістерге сай партия деді. Өткеннен сабақ алып, бүгінімізді әділ бағалап, болаша­ғымызға бағдар жасап, әрқашан қо­ғамдық-саяси үдерістердің бел орта­сында жүргенін тілге тиек етті.

– Біз – түрлі көзқарастар мен ой-пікірлердің тоғысатын, үндесетін алаңымыз. Біздің партия әр адамның құқығы мен бостандығын қорғап, ор­тақ құндылықтармен, ұлттық мүд­демен және бір болашақпен біріккен қо­ғамды қалыптастырады. Біздің пар­тия мемлекеттің міндеттерін ал­мас­­тырмайды, бірақ халықтың сұра­нысына жауап беріп, тиімді шешімдер ұсы­нады. Партияның бағдарламалары мен реформаларын іске асыруға ба­ғыт­талған партиялық жобалар және ішкіпартиялық іс-шаралар аясын­да жыл сайын бекітілген респуб­ликалық желілік кесте мен жұмыс жоспары аясында есепті мерзімде 2021 мен 2023 жылдың 1 тамызына дейін барлығы 1520-дан аса шара өтті. Оның ішінде партиялық жобалар аясында таратып өтсек: «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобалар аясында 93, «ТazaLike» аясында 84, «Бақытты отбасы» аясында 50, «Кедергісіз келешек» аясында 42, «Халыққа көмек» аясында 35, «Ұлттық мұра» аясында 26, «Жастар – Отанға» аясында 15 партиялық жоба жүзеге асты. 2021-2023 жылдары партияның аудандық фи­лиалы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар Қанатының қатысуымен «Ба­қытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Балалар үшін қауіпсіз және жайлы инфрақұрылым», жастар ара­сында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түнгі рейд, «Тұлға бол» жастарды әлеуметтендіруге ба­­ғыт­­тал­ған жәрмеңке, партияның «Ар­да­герді ардақтайық» жобасы аясында қол көмек жұмыстары, аудан жас­тарымен кез­десу бойынша бірқатар тындырымды жұмыстар атқарылды. Партиялық жобалардан бөлек се­минар-тренингтер, акциялар, қайы­рым­­дылық шаралар, байқаулар, кездесулер өтті. Ұлт­тық құндылықтарымызды дәріптеу, жас ұр­паққа насихаттау мақсатында пар­тияның ұйымдастыруымен ауқымды іс-шаралар жоспарға сәйкес жүргізілді, – деді Қаншагүл Мұстафаева.

«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесі халықпен ара­дағы үздіксіз байланысты қамтамасыз ететін бірден-бір көпір болып табылады. 2021-2022 жылдары 300-ден аса қабылдау, 1000-ға жуық тұрғынның өті­ніші тыңдалды. Нәтижесінде 600 тұрғынның мәселесі оң шешімін тауып, қалған мәселелер бойынша тиісті сала өкілдерімен заң ая­сында құқықтық кеңестермен толық­тырылды. Сонымен қатар респуб­ликалық мобильді қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, 150-ге тарта тұрғын бейінді мамандардан кеңес алды.

Партияны қайта жаңғырту бағдар­ламасы аясында шалғайдағы елді ме­кен­дерде ауыл тұрғындарына қол­же­тімді мүмкіндіктер жасап, елдің мұң-мұқтажын тыңдату мақсатында республикалық мобильді қоғам­дық қабылдау жұмысы басталған бо­латын. Аудан бойынша 2022 жылы Аламесек, Жаңадария, Аққұм, М.Шә­менов, Таң, Аққұм, ал 2023 жылы Бұқарбай батыр ауылдық округінде ұйымдастырылып, 150-ге жуық тұрғын бейінді мамандардан кеңес алып, тұрғындардың өтінішін қараумен қатар, игілігіне ба­ғытталған жобаларды түсіндіру, наси­хат­тау мақса­тында бірқатар жұмыстар қолға алынған.

Жарыс сөзге шыққан ау­­дандық мәслихатындағы «Amanat» пар­­тия­сы депутаттық фракциясы жетек­ші­сінің орынбасары Қуат Ахетов фракция жұмысы туралы хабарлама жасап, алдағы міндеттерге тоқталса, «Аққұм ауылдық округі» бастауыш партия ұйымының төрағасы Гүлжайна Айтжанова партия ұйымының 2021-2023 жылдардағы мар­дымды істері мен алдағы жоспары ту­ралы хабарлама жасады.

Конференцияның күн тәртібіне қойыл­ған кезекті мәселелерде «Ama­nat» партиясы аудандық фи­лиа­­лының саяси кеңесі құрамына өзге­рістер мен толықтырулар енгізіліп, кон­ференцияға қатысушы делегаттардың дауыс беруімен «AMANAT» партиясы облыстық филиалының ке­зекті XXXII есеп беру-сайлау кон­ференциясына делегаттар сайланды.

«AMANAT» партиясы депутаттық фрак­циясының мүшесі, ҚР Парламент Мә­жілісінің депутаты Мұрат Әбенов өз сөзінде партия филиалының атқарған жұмысына оң бағасын беріп, алдағы уақытта партияластарды ел мүддесі жо­лында бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Конференция соңында жаңадан қа­был­данған партия мүшелеріне «Ama­nat» партиясының партиялық билеті табысталып, күн тәртібіне ұсы­нылған мәселелер толығымен қаралып, тиісті қаулылар қабылданды.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: