Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Сәрсенбі, 11 желтоқсан, 15:12

Ауылға барамын десеңіз…

17.07.2024

229

0

Ауылға баратындарға қомақты қаржы беріледі, ол үшін қазынадан арнайы 30 млрд теңге қаралған. Жалпы өтініштер мамырдың 27-нен бастап қабылданып жатыр. Бірақ оған барлығы бірдей қатыса алмайды. Үкіметтен бөлінетін 9 млн 200 мыңдық көмек кімдерге арналған, ол үшін жәй ауылға көшіп бару жеткілікті ме? Бүгінгі мақаламызда осындай бірқатар сауалдың түйінін тарқаттық…

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан қолдау көп. Солардың бірі – ауылдық жер­лерде жас­тардың қолдауымен кадрлық әле­ует­ті арттыру мақсатында 2009 жыл­дан бастап Ұлттық экономика ми­нис­трлігінің ұйымдастыруымен бастал­ған «Дипломмен ауылға» жобасы.
Бұл жоба мәдениет, спорт, агроө­неркәсіптік кешен, денсаулық сақтау, білім, әлеу­меттік қамсыз­дандыру және ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкім­дері аппараттарының мемлекеттік қыз­мет­шілеріне арналған. Яғни осы маман­дықтар бойынша дипломы бар, бірақ жұмыс жоқ болса немесе еңбек етіп жүр­се де Үкіметтің үй сатып алу үшін 9 млн 230 мың теңге бюджеттік несие қолдауын алуға болады.
Одан бөлек көтерме жәрдемақы да бар. Оның көлемі өткен жылы 241 500 теңге болса, биыл 369 200 теңгеге артқан. Бастысы, жастарда «ауылға барамын», «ауылды көркейтуге ат са­лысамын» де­ген ниет болса жеткі­лікті. Бірақ өкі­нішке орай бұл бағдар­ламаға қатысу­шылар саны биыл 2 мыңға азайған.
Жалпы «Дипломмен ауылға» бағ­дар­­ламасы басталғалы 105 мың­ға жуық маман қатысқан және 20 млрд теңгеден астам көтер­ме жәрдемақы берілген. Соны­мен қа­тар 48 мың маман баспаналы болған. 2020 жылмен са­лыс­тыр­ғанда бағдарламаға қатыс­қан маман­дар­дың саны 30 пайызға төмендеген. Мәселен, 2020 жылы 5016 маман, былтыр 3 518 маман қатысқан. Бұдан мемлекет жастардың жағдайын жасап қана қоймай, әлі де қолдау көрсетіп отқанын аңғаруға болады. Бі­рақ неге нәтиже бермей жатыр?
– Әдетте бағдарлама біраз уақытқа дейін тек 35 жасқа дейінгі жастарға ар­­налып келді. Енді қараңыз, өзі қала көрген, оқыған азаматтардың кө­бісі ауылға барғысы келмейді. Се­бебі ауыл­дың бүгінгі әлеуметтік жағ­дайы, жалпы экономикалық ахуалы оңа­лып кеткен жоқ. Сондықтан жас­тарға ауылдық өмір, жалпы ауыл қызық емес, қызықтырмайды да. Яғни аны­ғырақ айтсақ, біріншіден, қа­зіргі уақытта ауылдарда әліге дейін жол мәселесі, көлік мәселелері ше­шіл­­меген. Екіншіден, ақпараттық тех­но­логиялар жоқ. Ауылға келген жас­тардың көбісі өндіріске келеді. Ал өн­дірісте жаңа технологиялар әлі жоқ­тың қасы. Үшіншіден, интернет байланысы өте нашар. Бұл мәселе ауыл­ды айтпағанда, қаланың өзінде әлі шешілмеген. Міне, осы секілді субъективті жайлар жастардың ауыл­ға келіп қызмет етуіне кедергі. Осы себепті ауылға келгілері жоқ, – дейді білім және әлеуметтік мәселелер жөніндегі тәуелсіз сарапшы Жанболат Зиятұлы.
Иә, қазір жастардан да бұл жа­йында сұрасаң, «ауылда жағдай жоқ, өспейсің» деген жауапты аларың сөзсіз. Мен де сол жастардың қата­рындамын десем де болады. Ауылға келгің келеді, қаладағы көрген, оқу орындарындағы алған білімді, үйренген өзгерістерді енгізгің келеді. Бірақ өкінішке орай ойлаған жоспарыңа жасалған жағдай мен 35 жастан жоғары жастағы қыз­меткерлердің қабылдаулары да сәйкес келмейді.
Деректерге сүйенсек, бұл бағдар­ламаға қатысып, мемлекет тарапынан үй алуға берілетін несиені алып, 3 жылдық мерзімі беткеннен кейін жұмыстан шығып, қалаға көшіп кету факті­лері де байқалады.
– Мен медицина саласының қыз­меткері ретінде медицина са­ласы жайында айтсам, бізде аудан­дық ауруханалар мен қалалық аурухана­лар арасындағы дизбаланс өте үлкен. Қазір медицинаның өзінде сала көп. Бірінші себеп сол жас мамандардың бітірген саласы мен аудандағы бос жұмыс орындарына сәйкес келмейді. Екінші мәселе ауыл­дық жердегі инфрақұрылымның да­му деңгейі төмен. Яғни ауылдық жер­лерде газ, су мәселелері әлі де то­лық шешімін таппаған. Жастардың көбісі осы мәселелерден қиналады, – дейді «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысушысы Елжан Манарбеков.
Расында ауылға келетін кейбір маман­дар ауылды дамытып, жұмыс істеу үшін емес, мемлекет тарапынан болған көмекті пайдаланып, бөлінген қаражатты иемдену үшін ғана барады. Сонымен қатар бұл бағдарламаға іліккен мамандар тек мемлекеттік қызметке орналасуы тиіс. Ал түптеп келгенде ауылдың жағдайын көтеруге ауыл кәсібін кеңейтетін, ауыл шаруашылығын дамытатын жас мамандардың үлесі көп болар еді.
Иә, бағдарламаға қатысты, жұмысқа орналасты делік. Алайда орналасқан жұмысында төленетін айлық мөлшері мардымсыз. Тіпті несие алған күннің өзінде ол қаржыға сәйкес келетін үйді табу да қиынға соғады. Осы секілді мәселелер салдарынан қазіргі жастарды тіпті несиенің көлемі де қызықтырмайды.
Айта кетейік, былтыр ауданда аталған бағдарламамен 27 маман тұрғын үй алуға 5 млн 175 мың теңгеден қол жеткізген. Ал 83 маман 345 мың теңгеден көтерме жәрдемақы алған. 2024 жылы Жалағашта ешкім бұл бағдарламаның игілігін көре алмады. Десе де бүгінде 70 маман тұрғын үй, 180 адам көтерме жәрдемақы алуға өтінім білдірген. Биыл 45 маманға жалпы құны 16 млн 614 мың теңге үлестірілген.
Аталған бағдарламамен үй алуға аудан орталығындағы мамандар үшін 9 млн 230 мың теңгеге дейін беріледі. Ал ауылда тұрсаңыз, 7 млн 384 мың теңгеге дейін қол жеткізуге болады. Бұл айырмашылықты мамандар ауыл мен аудан орталықтарындағы үйлердің бағасымен байланыстырады.
Бұл мәселенің басты шешімі – ауылды көркейту. Себебі ауылды көркейткен жағдайда ғана мамандар тапшылығын жеңуге болады. Соны­мен қатар «Дипломмен ауылға» бағ­дар­ламасына қатыса алатын ма­мандықтардың тізімін кеңейту қажет. Ауыл­дардағы инфрақұрылым мен оның әлеуметтік жағдайы жақсарса, өз­ге­рістер орын алып, ауылға келгісі келетін жастардың саны артары сөзсіз.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: