Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Жұма, 27 желтоқсан, 04:24

Бірлікпен тірлігін түзеген

17.11.2023

331

0

Тілшілік тіршілікпен тағы да жолға шыққан жайымыз бар. Бағытымыз – Қаракеткен ауылы. Иә, елді мекенде негізінен басқа ауылдардай күріш алқаптары жоқ, ауылдағы ағайын бақша салайын десе, аяқ су тапшылығы бағбандарды қос бүйірден қысып тұр. Былтыр осы мәселені шешу үшін жергілікті билік қос жобаны қолға алған, бірақ ол тек ауылдың ішін ғана аяқ сумен қамтуға арналған. Елді мекенді аралап шыққан соң алдымен ақсақалдармен жүздесудің сәті түсті. Бұл – аудандағы теміржол бойында орналасқан жалғыз елді мекен. Сондықтан ауылдың тарихы да бізге қызық болып тұр. Жақсылық көкеміз де бұған қатысты сауалымызға жауапты әріден бастады.

Қаракеткеннің тарихы қалай?

1905-1906 жылдары теміржолдың са­лынуына қатысқан жұрттың қоныс­тануынан Қаракеткен бекеті бастау алып­ты. Ауыл ертеректе «Орынбор-Таш­кент» теміржолының бойында орна­ласқан. Бірақ Жақсылық Алдоңғаров одан бұрын да бұл жерде халық қоныс­танғанын айтады. Қаракеткен деп аталу себебіне келсек, көнекөз қариялардың айтуы бойынша теміржол құрылысы қарқын алған шақта Шығыс жақ беттегі «Қалияр» шүңейтіне ірі қара суға кеткен. Сол кезден бастап «Қаракеткен бекеті деп аталған» деген дерек бар.
Елдің өрісі тарылғаны кеше ғой, не­гізінен 1931 жылы Қаракеткенде ма­шина-трактор станциясы құрылыпты. Ол станцияның солтүстік-шығыс бе­тінде орналасқан. Бұл МТС сол кездегі Қармақшы ауданына қарасты 32 кол­хозға техникадан жәрдем берген. Тіпті техниканы оқып үйретуге арналған мекеме де болған деседі. 1946 жылы МТС Жалағашқа көшіріледі.
1932-1933 жылдары Қаракеткен те­міржол станциясының Оңтүстік бе­тінде 1 бөлмелі Ж.Жабаев атындағы бас­­тауыш мектеп салынған. Сол жылы мек­тепте 30-дан астам оқушы білім алыпты. 1952 жылы су тасқыны ке­зінде мектеп ғимаратымен қоса жеке үйлер де құлап, халыққа қиындық ту­дырған. Сол кездегі ауылдық кенестің ұйымдастыруымен ауылдағы ағайын жұмыла жаңа мектептің құрылысын бас­тайды. Құрылысы 1953 жылы аяқ­талған білім ошағы 1989 жылға дейін жұмысын жалғастырған.
Станцияның екі жақ бетіне сол жыл­дары тұрғын үйлер, ауылдық кеңсе са­лынады. Сол тұста «Игілік» балық кол­хозы деп елді мекеннің аты өзгерген. Ка­ракеткенің атын төңірекке танымал ет­кен «Игілік» балық колхозы 1928 жылы ұйымдастырылған артелдің бірі болатын.
Негізінен ауылдың айналасы сулы да нулы болған. Балық ауланатын көл­дерден су үзілмеген. Үлкендердің айтуы бойынша ауыл іргесіне дейін сулы көлдер болыпты. Балықшылар ба­лықты Қаракеткен аумағындағы «Майлы­көл», «Кіндіккөл», «Үйсінкөлі», «Түйе кеткен» сияқты 7 көлден аулап отырған. Ұлы Отан соғысы жылдары колхоз 13 мың тоннадан астам балық аулап, «Отан қорғау» қорына жөнелткен.
1955-1958 жылдары Бүкілодақтық халық шаруашылық көрмесіне қатысып, колхоздың аты Кеңес одағына мәлім болған деседі. 1964-1965 жылдары кол­хоздың аты халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің «Құрмет» тақ­тасына жазылған. 1965 жылы Ба­лық шаруашылығы Министрлігінің ауыс­палы «Қызыл Туына» ие болды. Сыр­да­рия мен Қараөзек суының азайып, ауыл маңындағы көлдердің құрғауына бай­ланысты Министрлер Кеңесінің 1967 жылы 16 қазандағы қаулысымен «Игілік» балық колхозы таратылған.
1941 жылы Ұлы Отан соғысының бас­талуына орай мұнда Ақтөбе облы­сынан мал шаруашылығы көшіріледі. Мал шаруашылығына тұрақты жер болмай, олар 2 жылдай көшіп-қонып жүреді. 1943 жылы оларға тұрақты мекен етіп бұрынғы «Актив» колхозының орны берілген. Міне, осы жерде 1943 жылы «Жалағаш» совхозы ашылады. Алғашында 700 бас ірі қара болыпты, 1947 жылы Ақтөбе облысынан 3 мың бас жібек жүнді миронос қойы алынады.
Елдің ерең еңбегінің арқасында 1958 жылы совхозда қой саны 42 мыңға жеткен. Совхоз үкіметке сапалы қаракөл терісін, ет, жүн өткізіп, жоғары жетістікке жетеді. «Жалағаш» қой совхозы 3 фер­маға бөлініп орналасады.
Көктем шығысымен шопандар Қа­ра­құм жайлауына көше бастайды. Жалағаш совхозының жарты жылдық тарихында ел дәулетін асыруға еңбегі сіңген ауыл еңбеккерлері көп. Олардың ішінде «Еңбек даңқы» орденінің иесі, шопан Т.Ермекбаев, «Еңбек Қызыл ту» орденін алған жүргізуші М.Өлментаев, «Құрмет белгісі» орденінің иесі, шопан Ж.Нұрбаев бар.
Сол жылдары ауылда 45 орындық ба­лабақша салынады. 1989 жылы үшқа­батты мектеп үйі пайдалануға беріледі. қосқабатты шаруашылық кенсесі іске қосылады. 1991-1993 жылдары сов­хоз та­ратылып, жекешелендіруге кө­шеді. Сов­хоздың мүлкі, жері ауыл адам­да­рына үлестірілген.

Жұртқа жайылымдық жер
жайсыз болып тұр

Жоғарыда тоқырау жылдары ауыл­дың барлық мүлкі мен жері жергілікті халыққа үлестірілгенін айттық. Қамбар ақсақалдың сөзінше, сол тұста 14 ка­семсот, 100-ден астам Газ-3 тех­ни­касы елге берілген. Мұнан бөлек әр адамға 15 уақ малдан үлестіріліпті. Кейін Сәрсен деген азамат ауылда ша­руашылық ашып, елді жұмыспен қамтитынын айтқан. Сәкеңе 75 отбасы техникасымен бірге 28 мың гектар жайылымдық жерін сеніп тапсырады. Тоқырау жылдары шаруаны ширату да қиын болса керек, арада жыл өткенде әлгі шаруашылық жұмысы шатқаяқтап, жабылыпты-мыс. Осы тұста төраға тек 4686 гектар жерді алып қалып, қалғанын үкіметке тапсырады. Кейін ол жерлер аукцион арқылы кәсіпкерлерге берілген деседі.
Тұрғындардың сөзінше, әлгі 5 мың гектарға жуық жерді де шаруашылық иелері Аққұм ауылындағы кәсіпкерге сатқан, олардың айтуынша, жазда ол 7 мың бас жылқысын осында жаяды екен. Ал бұған қатысты ауыл әкімі Әділ Тоқтаров не дейді?
«4686 гектар жерді шаруашылық төрағасы жұбайына 49 жылға сыйға берген, былтыр ол «Нұрдәулет» шаруа қожалығына сенімді басқаруға берген. Елдің айтып отырғаны рас, қазір ол 6 мыңнан астам жылқысын жайлауда сонда жаяды. Бірақ негізінен ол жерге заң бойынша 285 жылқысын кіргізу керек. Ертең осы талап бойынша тиісті бө­лімдер мен аудан әкімінің са­лаға жауапты орынбасарымен ақылда­са­мыз. Ел айналып маған келеді, бірақ мә­селені шешу шыны керек, менің қо­лымнан келмейді. Ал 28 мың гектар жердің қалғаны мемлекетке өтеді, кейін бұл жерлер аукцион арқылы сатылымға шығып, кәсіпкерлерге үлестірілген. Қазір ауылда жайылымдық жер үлкен мәселе болып тұр, оны жасыра алмаймыз»
Әдекеңді де түсінуге болады, «елге болсын» дегенмен ісіңді заң көтермесе, қайда барасыз? Бірақ қазір күрішті былай қойғанда бақша баптауға да қолы қысқа халықтың шынында өрісі та­­рылып тұр. Дұрыс, мемлекет кәсіп бас­таймын деген азаматтарға барлық жа­ғынан жәрдемін аяп жатқан жоқ. Десе де соны кезінде өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай жүзеге асыруға болар ма еді, кім білсін?.

Келер жылы халық
бақша баптауға кіріседі

Ауыл халқын аяқ сумен қамту үшін 2 су ұңғымасы қазылған. Бірақ бұл тек ауыл ішін ғана аяқ сумен қамтамасыз етуге қауһарлы. Жергілікті халық бүгінде бақша салуға білек сыбана дайын отыр. Яғни келер жылы канал бойынан насос орнатып, жағасындағы жерге бақша салуға ниетті. Техника жағынан Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев көмек беруге уәде етіпті.
– Қос дарияның ортасында отырмыз, бірақ аяқ су жетпейді. Ауылдың ірге­сінде канал бар, соны ауыл әкімі қа­зып, елдің бақша салуы үшін жер ашу­ға талаптанып отыр. Сол каналдың бойына бұрын бақша салып, қыстық азы­­ғымызды қамдайтынбыз. Енді май-суына көптеп қаражат жинап, бақша егуге ниеттеніп отырмыз. Имамзада Ша­ғыртаев та көмек беремін деп отыр. Каналға су келсе, жанындағы бақшалық жерімізді матормен суарамыз, – дейді ауыл тұрғыны Жақсылық Алдоңғаров.
1400 тұрғын мекен еткен елді ме­кенде 102 кәсіпорын жұмыс жасап тұр. Жалпы халықтың саланы түрлендіруге талабы таудай. Осыған дейін «Ауыл ама­наты» жобасы бойынша 3 адам құ­жат тапсырған. Алдағы уақытта бұл жо­балар қолдау тапса, жалпы құны 28 млн теңгеге ауылда кәсіпорындар құрылады.

Шағын цех өнімі тұтынушылар талабынан шығуда

Биыл 2 адам мемлекеттік бағдарлама көмегімен кәсіп ашқан. Олардың қа­та­рында Назгүл Сыдыққызы да бар. Па­йыздық үстемақысы төмен несиеге қол жеткізген оның кондитерлік өнім өндіруді қолға алғанына көп болмаған. Алайда кәсібінің көкжиегін кеңейтуді әлден жоспарлап отыр. Бұл мұндағы өнімдерге сұраныстың көптігін аңғартса керек.
– Мемекеттік бағдарлама арқылы 6 пайызбен 6 млн теңге несие алдым. Тиісті қаражатқа цехқа қажетті құ­рыл­ғылар сатып алдым. Өнімге сұра­ныс мол. Маусымның аяғында өз өнімдерімізді нарыққа шығара бас­та­дық. Алдағы уақытта кәсібімнің көк­жиегін кеңейту жоспарда бар. Мұнда ұннан жасалатын тәттілердің барлығы бар. Мұны отбасылық бизнес десем де болады. Жолдасым да маған қолғабыс етеді, – дейді кәсіпкер келіншек.
Назгүл қазіргі таңда өз өнімдерімен 3 ауыл мен кент тұрғындарын қамтамасыз етіп отыр. Қаракеткен, Далдабай және М.Шәменов елді мекендерінің халқы шағын цех өнімдерінің тұрақты тұты­нушысы десе де болады. Ал аудан орта­лығындағы сауда орталықтары мұн­дағы өнімдерге көптеп тапсырыс бе­реді. Мұнан бөлек қазіргі таңда ол кент­тен өз өнімдерін сататын дүкен де ашты.
– Негізінен сұраныс жоғары, қазір айтсам, мақтанғандай боламын ғой, бірақ бұл бір жағынан мұндағы өнімдер сапасының жоғары екенін аңғартса ке­рек. Бізге жан-жақтан той-томалақ, құдайы-астарда да сұраныс түсіп жа­тады. Оның барлығын өз өніміммен қам­та­масыз етіп отырмын. Бүгінде ша­ғын цех менен бөлек тағы 2 адамды жұмыс­пен қамтып отыр, – дейді Назгүл Сыдыққызы.
Назгүлге қалай мақтанса да жара­сады, бірақ ол мақтанбайды, жасап жат­қан жұмысына қарап марқаяды. Халық саны көп қалаларда мұндай істі қолға алуға жүрексінетіндер де же­терлік. Оның қасында кейіпкеріміз шағын ауылда кәсібін ширатып отыр.
Негізінен ауылдық округке қос елді мекен қарайды. Орталығы – Қаракеткен ауылы, мұнан бөлек Далдабай елді мекені де ауылдық округке кіреді. Қара­кеткенде 12 ішкі көше болса, оның алтауына асфальт төселген. 11 көшеге жарық жүргізілген. Далдабайдағы 6 ішкі көшенің барлығында асфальт жоқ. Тіпті 5 көшеге тас та төселмеген. Бұ­ған қатысты ауыл әкімінің де арнайы жобасы әзір тұр. Сөзіне сүйенсек, ауыл­дық округтегі мәдениет үйі, кіре­беріс жолға жарық жүргізу, емхана, көше­лерді асфальттауға қатысты бірнеше жоба дайындалуда. Жарқын жобалар қар­жылай қолдау тапса, ел игілігін көреді.
Жалпы ауылдың тазалығында мін жоқ, соған қарағанда санитарлық-та­залық жұмыстарына басымдық бе­ріл­ген сияқты. Ауыл әкімінің жаңағы жо­балардан бөлек басқа да жоспар­лары жоқ емес, келер жылы халықтың бақша салуына жағдай жасалса, алдағы уақытта жайылымдық жер мәселесі де рет­теліп қалар.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: