Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

19°C

, Бейсенбі, 18 сәуiр, 07:24

Дала дарабоздары марапат төрінде

15.10.2022

338

0

Күріштің күтіміне қанық қызылордалық диқандар биыл да күзгі жиым-терімнің уақытында межелеген өнімге қол жеткізіп, саланы оң нәтижемен қорытындылады. Көктем түскеннен сала мамандары биыл аяқ судың қат болатынын қатты ескерткен, бұл бір жағынан біздің сушыларға жауапкершілік жүгін еселеген болуы керек, әйтеуір науқан соңында қамбамыз астыққа толып, диқандар мерейі үстем, төрағалардың да көңілі тоқ болды. Әрине мұның түбінде үлкен еңбектің негіз болғанын біз жақсы білеміз. Бастысы алажаздай төккен тер, еткен еңбек ақталып отыр.

Күні кеше аймақтағы егін жинау науқанының аяқталуына орай Н.Беке­жанов атындағы облыстық қазақ акаде­миялық музыкалық драма театрында «Алтын дән» салтанатты шарасы өтті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев дала дарабоздарын марапаттап, олардың еселі еңбегіне ерекше тоқталды. Әуелден еткен еңбек пен төккен тердің қадірін білетін Сыр диқандары тағы бір белесті нәтижелі аяқтағанын атап өтті.


– Жыл сайын «Алтын дән» мерекесін тойлаудың игі дәстүрін жалғап, еңбегімен төрге озған озаттарды марапаттаудың алтын арқауын үзбей келеміз. Ақ күріштің атасы, дала академигі Ыбырай Жақаевтың, оның шәкірттері Цай Ден Хак, Шырынкүл Қазанбаева, Салима Жұмабекова, Балдырған Мұстафаева, Айнаш Балғабаева, Амангелді Ахметов сынды тағы басқа тұлғалардың ізба­сарлары биыл да кездескен қиын­дыққа қарамастан ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Ырысты аймақта комбайн айдап, трактор жүргізген 70-тен аса әйелдің ерлермен бірге иық теңестіріп, қырман басындағы қызу тірлікке ара­ласқанын ерекше екпін беріп ай­туға тиіспіз. Сыр диқандары биыл 188 500 гектар жерге егін ексе, оның ішінде негізгі дақыл күріштің көлемі 78 592 гектарды құрап, әр гектардан 56,7 центнерден өнім алды, – деді облыс басшысы.
Айта кетейік, соңғы жылдардағы Сырдария өзені бассейніндегі су тапшылығы жергілікті диқандар мен малшы қауымына оңай болмай тұр. Мемлекет басшысының қолдауымен Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттер арасындағы келіссөздер нәтижесінде су көлемі былтырғы деңгейден көбейген. Өңірдің су саласы мамандарының болжамына сәйкес жыл басында күріш көлемін өткен жылғы мөлшерден 20 000 гектарға қысқартып, 64 000 гектарға межеленген болатын. Алайда диқан қауымның талап-тілегі ескеріліп, Президенттің пәрменімен күріш егісі 78 600 гектар көлемінде бекітілген. Аймақ басшысы бүгінде бұл жұмыста нәтиже барын айтады.
– Өздеріңіз білесіздер, облыс елі­міздің күрішке деген қажеттілігінің 90 пайызын өтеп келеді. Жыл сайын экспортқа 100 мың тонна көлемінде күріш шығарылуда. Демек, облыста күріш көлемін азайтуға негіз жоқ. Алайда әлемдегі су ресурстары тап­шы­лығы біздің суға деген көзқа­ра­сымызды өзгертуі керек. Су үнемдеу тех­нологиясын енгізу, әсіресе ауыл шаруашылығында күріштен басқа дақылдарды тамшылатып, жаңбыр­латып суару көлемін ұлғайту – бүгінгі күннің басты талабы, – деді облыс әкімі.
Биыл өңірде тамшылатып, жаңбыр­латып суару әдісімен күріштен басқа 793 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 212 гектар көкөніс, 90 гектар бақша, 32 гектар картоп, 370 гектар жаңа жоңышқа, 87 гектар сүрлем жүгері, 1,6 гектар қант қызылшасы бар.
Салтанатты шарада облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға айрықша еңбек сіңірген бірқатар азамат­тарға «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы табысталды. Аймақтың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып, салада серпін қалыптастыруда өзіндік қолтаңбасын қалдырған атпал азаматтар қатарында жерлесіміз, «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы Имамзада Шағыртаев та бар. Сондай-ақ салада жемісті еңбек еткен ардагерлер және қызметкерлерге облыстың «Құрмет» грамотасы табысталды. Бір топ еңбек майталманы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін иеленді.
Жыл қорытындысымен топ жарған озаттар түрлі номинация алды. Мере­келік марапатта облыс әкімі «Мағжан және К» ЖШС үздік қызмет­керлеріне «Lada Vesta», «Жаңажол», «Ақжарма және К» шаруашылығы мамандарына «Lada Granta» жеңіл автокөліктерін сыйға берді. Ал «Таң ЛТД» ЖШС мен «Ақжар» шаруа қожалығының озат жұмысшылары «Chevrolet» автокөлігіне ие болды.
Мерекелік кеш концерттік бағдар­ламаға ұласты. Сыр өңірінің сахна жұл­дыздары дала еңбеккерлерінің құр­метіне әуезді ән айтып, мерекені ду­манға бөледі. Белгілі өнерпаз Бақтияр Тайлақбаев жерлестеріне жылы лебізін білдіріп, әннен шашу шашты.

Күрішпен кірісін еселеген халық қалаулысы Имамзада Шағыртаев ай­мақтың құрметті азаматы деген атқа әбден лайық. Біз жерлесімізбен мақтанамыз. Қазір атпал азаматтың туған жерінде жүзеге асқан әрбір жарқын жобаның түбін түртсең, оның бастауына «елге болсын» деген ердің қолдауы негіз болғанын аңғарасыз. Бүгінде тәуелсіздік жылдары түлеген Таңда таңды таңға ұрып жазатын дүние көп. Әлеуметтің әлеуеті де Имамзада ағамыздың әркез қаперінде. Міне, әр ауылда осындай жомарт жандар көп болса, ел өркендейді, мемлекет дамудың даңғыл жолына түсері анық.
Дәл осы шарада тағы бір жерлесіміз, “Ер-Әлі” ШҚ төрағасы Әліби Бекжанов та аймақтағы үздік шаруашылықтар қатарында екінші орынды иеленді. Әсіресе оның өңірде шаруашылықты түрлендіріп, адал кәсіппен туған жерін көркейтіп, әлеуметінің әлеуетін жақсартуға басымдық беруі көпке үлгі. Мақпалкөлде де бүгінде Әліби ағамыздың бастамысымен жарқын жобалар жүзеге асты. Бастысы оның барлығы бүгінде халықтың қажетіне жарап тұр. Бұған дейін Сыр салысын егуде өзіндік қолтаңбасын қалдырған халық қалаулысы биыл 30 гектар алқапқа бақша дақылдарын еккен еді. Бүгінде одан шыққан өнімді халыққа қолжетімді бағада ұсынып жатыр.

Е.СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: