Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

27°C

, Бейсенбі, 02 мамыр, 16:05

Ел ертеңі – жастар

13.08.2023

1976

0

Жастар – қашанда асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Қай елдің болмасын басты капиталы халқы десек, соның ішінде жастар – қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені сөзсіз. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен өркендеуі, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Олар қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады. Себебі, жастарымыздың жаңа белестерге деген ұмтылыстары жаңа идеялардың туындауына себепші болады.

Халқымыз ел келешегінің кемел, болашағының жарқын болуын үнемі жастармен байланыстырады. Осы орай­да «Арыстандай айбатты, жол­ба­рыстай қайратты, мен жастарға сенемін», – деп қазақ зиялыларының ара­сында жастардың айбаты мен қайратына Мағжан Жұмабаев осылай баға берген еді. Міне, осыдан қанша жыл бұрын айтылған сөз бүгінде әрбір жастың жүрегіне нұр сеуіп, кеудесіне үміт сәулесін ұялатады.
12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Осыған орай, жастар күнін атап өту мақсатында аудан әкімдігінің қолдауымен, жастар ресурстық ор­та­лығының бастамасымен 7-11 тамыз аралығы жастар апталығы бо­лып бел­гіленіп, әртүрлі бағыттағы шара­лар ұйымдастырылды.
Жастар апталығының алғашқы күні орталық саябақтарда «Taza Ai­maq» акциясын ұйымдастырудан бас­­­тау алды. Акцияға «Жасыл ел» жас­­тар еңбек жасағы мен кент және ауылдық округтердің жастары, ме­­­ке­ме қызметкерлері қатысып, қо­ғам­дық орындарды күл-қоқыстан тазартты.
Даналықтың кілті болып табыла­тын қарт ата-әжелеріміздің бүгінгі бо­лашаққа берері мол. Еліміздің алтын діңгегі аталған қарттарымызды құр­меттеу – әрбір азаматтың басты мін­деті. Үлкенге құрмет көрсетуде жала­ғаштық жастар жолынан жаңылған емес. Бұл сөзімізді ауданның ерікті жастары бастаған бір топ жас «Qam­qor» жобасы аясында ардагер ана­­мыздың үйіне барып, тазалық жұ­­мыс­тарын жүргізіп, қажетті қол көмек­терін көрсеткені дәлелдей түсті. “Қарттарымызды құрметтеу, олардың қажеттіліктеріне жарай білу біздің парызымыз” дейді жастар.
Жастардың көмегі қарт кісілердің көңілін көтеріп, күш беріп қана қоймай ертеңіне деген сенімділігін арттыра түсті. Бұл шараның нәтижесінде игі іске жұмылған жалағаштық ерікті жас­тар ардагер анамыздың риясыз лебізіне бөленді. Бұдан бөлек, барлық ауылдық округтердің ерікті жастары да тыл ардагерлеріне, жалғызбасты қариялар мен көп­ба­лалы аналарға көмек көрсетті.
Мұражай – әр елдің тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін танытатын құндылық. Бұл күнгі шаралар легі «Түнгі мұражай жастарға» атты ашық есік күнімен қорытындыланды. Жастардың ой-өрісін, танымдық қабі­летін арттыру мақсатында тарихы те­рең музейде жастарға өлкеміздің табиғаты, өнері, тарихы, мәдениеті жайлы сыр шертетін экспозициялық залдар бойынша музей қорындағы құнды экспонаттар мен музей тари­хынан толық мәліметтер көр­сетіліп, кеңінен мағлұмат берілді. Хал­қы­мыз­дың рухани асыл қазыналары мен бүгінін жалғап отырған рухани меке­меден жастар ерекше әсер, рухани азық пен тың серпіліс алып қайтты.
Апталықтың екінші күні жастарды киелі мекендермен таныстыра оты­рып, еліміздің бай мұраларын на­си­­хаттау мақсатында «Asyl Mura» жобасы аясында аудан көлеміндегі та­рихи-мәдени орындар Қалжан ахун, Мырзабай ахун, Қособалы асар, До­ма­лақ асар, Үңгірлі асарға саяхат ұйым­дастырылды.
– Бұл саяхат біздің білімімізді арттырып қана қоймай, рухани әле­мімізге де мол қазына сыйлады. Та­рихи мекендерге жасалған сапар басқа саяхаттарға қарағанда ерекше бо­лады екен. Бұл шара жастарға ке­ректі нағыз рухани байлық, ғиб­рат­ты шара деп білеміз, – деді аудан жастар.
Тарихи орындарды аралай оты­рып, саяхаттан ерекше әсер алып қайт­қан жастарға ұлттық мұраны дә­ріптеген тарихи-мәдени сапар ал­дағы уақытта да жалғасын тауып, тұ­рақты түрде жүргізілетіні жеткізілді.
Мұнан бөлек, «Kino time» ашық аспан астында «Дос-Мұқасан» фи­ль­мінің көрсетілімі өткізілді. «Дос-Мұқасан» фильмі – әртүрлі жас­тағы аудиторияны өзіне баурай ала­тын отбасылық туынды. Егде жас­­­тағы адамдар жастық шақты, сол кездегі әндерді сағынышпен еске алса, жастарға өткен ғасырдың 70 жылдарының лебін сезініп, қа­зақ «Битлз-нің» қалыптасу тарихымен танысу мүмкіндігі бар. Туын­ды қа­зір бірқатар фестивальға қатысып, көптеген кино өнерін баға­лау­шы­лар тарапанына өң бағаға ие болып үлгерді. Аталмыш фильмді та­маша­лауға келген көрермендер ұйым­дас­тырушыларға алғыстарын білдірді.
Жастар күніне арналған жоспарға сәйкес апталықтың үшінші күні 9 тамыз спорт күні болып белгіленді. Осы тұста 16-35 жас аралығындағы жастар арасында спорттың 8 түрінен сайыс өтті. Спорттық шараға аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлей­менов қатысып, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі. Сайысқа кент және ауылдық округтерден 70-ге жуық жас қатысып суға жүзу, гір тасын көтеру, асық ату, дартс, үстел теннисі, қол күрес, турникке тартылу, шахмат ойындары бойынша бақ сынасты. Сайыс соңында төрешілердің әділ ше­шімімен ерекше ойын өрне­гін көрсетіп, өзінің ептілігімен шымыр­лы­ғының арқасында көзге түскен жастар жеңімпаз деп танылып, ар­найы аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменовтың дипломымен «Те­мір­қазық» қоғамдық бірлестігінің ме­даль, ақшалай сыйлықтары табыс­талды.
Апталықтың келесі күні 10 тамыз – қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушысы, ойшыл ақыны, ұстаз ағартушысы, ұлтымыздың тұғыры биік мақтанышы Абай Құнанбайұлының туған күні. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет қаулысына сәйкес 2020 жылы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында 10 тамыз Абай күні деп бекітілген болатын. Осы тұста ұлы ақынның өнегелі өмірі мен танысу, ақынның даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттау мақсатында ұлы ақынның шығармашылығына арналған «Абайды бірге оқимыз» атты аудандық байқау өтті.Байқауға аудандық білім ошақтарынан 9 оқушы қатысып, ІІІ-кезең бойынша сайысты. Артына өлмейтұғын мұ­ра қалдырған ұлы Абайдың шығар­маларын наси­хаттау, бүгінгі ұрпақ­тың қастерлі борышы. Сайыс со­ңында әділ – қазылардың шешімі­мен байқауға қатысқан қаты­сушылар жүлделі орындарды иеленіп, ар­найы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бұдан әрі шаралар легі аудан әкімі Асқарбек Есжановтың аудан жастарымен кездесуімен жалғасты. Жиынға аудан басшысымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Өмір­зақ Елеусінов және жауапты сала бойынша орынбасарлар, бөлім бас­шылары мен кент әкімі қатысты.
Жалынды жастар қай кезде де айтар ойын ашық жеткізуге құштар екені белгілі. Ашық аспан астында өткен басқосуда аудан басшысы жастардың көкейтесті мәселелеріне құлақ асып, алдағы уақытта шешу бағытында тиісті шаралар қабыл­данатындығын айтты.
Кездесу барысында Асқарбек Темірбекұлы басқосуға жиылған жас­­­тарды мерекелерімен құттықтап, Жалағ­аш ауданында жастар саяса­тының жүзеге асырылуы барысына тоқталды.
– Аудан бойынша 35 жасқа дейін 10966 жас бар, бұл жалпы ха­лық­тың 30 пайызын құрайды. Қа­зіргі таңда мемлекеттік жастар сая­сатын қаржыландыруға жергілікті бюд­жет­тен 18 млн.теңге және жастарды дамыту мен қолдауға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 3 жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 4,2 млн.теңге қаржы бөлінді. Жастарды кәсіпкерлікке тар­ту бағытында да нақты жұмыстар ат­қа­рылуда. Аудан бойынша қазіргі уақытқа дейін 1273 субъекті немесе 38 пайызын 18-35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлер құрап отыр. Жыл басынан ауданнан мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында ша­ғын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 15 жас­тың жобасы 132 млн теңгеге қар­жыландырылды. Сондай-ақ, жыл ба­сынан «Аграрлы несие корпо­рациясы» АҚ арқылы жастар кәсіп­керлігін бастау немесе дамыту бағы­тында аудан бойынша 22 жоба қатысып, қазіргі таңда 11 жоба 51,5 млн теңгеге қаржыландырылды. Біз мұнымен тоқмейілсіп қалмауымыз керек, – деген аудан әкімі жастардың дамыған заман талабына сай әркез осындай жаңашыл болу қажеттігін де тілге тиек етті. Кездесуде ау­дан жастары Жа­лағаш кентінің орталығынан жастар аллеясы салын­са деген ұсыныстарын жеткізді. Бұл ретте Асқарбек Есжанов кент орта­лығын абаттандыруда жас­тардың ұсынысын қолдайтынын айтып, ке­лесі жылы аталған ұсынысты жү­зе­ге асыру бағытында жұмыстар жа­салатынын жеткізді. Сондай-ақ басқосу барысында белсенділігімен дараланып, қоғам­дық жұмысқа ат­салысқан, жасынан шаруаны ши­рақ­таған, білім көк­жие­гінде білімді шәкірттер өсірген, өнерімен танылып спортты жанына серік еткен үздік жастар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар жас­тар кеші өз жалғасын тауып, Асқарбек Темір­бекұлы алау жанында шығармашыл жастардың өнерін тама­шалады.
Апталықтың соңғы күнінде ауда­ны­мыздың ерікті жастары «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған, көпбалалы отбасыдан шыққан екі оқушының мектепке дайындығына кө­мектесіп, оқу-құралдарын алып берді. Бес күнге созылған шаралар легі жастар күніне арналған мерекелік гала концертпен аяқталды.
– «Бүгінде әр салада қызмет етіп жүрген белсенді жастар жетерлік. Олар өзінің ауқымды жұмыстарымен, қарқынды қимылдарымен еліміз­дің дамуы мен гүлденуіне өз үлес­терін қосып жүр. Білімнің биігін ба­ғындырып, спортта да, мәдени іс-шараларда да, елімізді әлемге та­ны­тып жүргендердің басым бөлігі жастар», – деді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұржан Амандық.
Ауданның өресі биік, жалынды жастарын мерекелерімен құттықтап, ізгі лебізін білдірген Нұржан Райсұлы жастар күніне орай ұйымдастырылған апталықтың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан мекеме басшыларымен ұйымдастырушыларға өз алғысын білдірді. Мерекелік шара соңы жа­лынды жастардың думанды концер­тімен би кешіне ұласты.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: