Өткен аптаның бейсенбісінде тілшілік тіршілігіміз Аққыр ауылынан басталды. Әдеттегідей аудан әкімі Ардақ Ибраимов халықпен кездесіп, алдымен атқарылған жұмыстарды саралап, ауыл тұрғындарының талап-тілегіне құлақ түрді. Ауыл кент орталығынан шалғайда орналасқан, десе де аудан басшысының тікелей қолдауымен мұнда жарқын жобалар жүзеге асуда. Бұдан қарапайым халықтың талап-тілегі назарға алынғанын аңғаруға болады.
Аққырда аяқсу мәселесі өзекті
Иә, мыңнан астам халқы бар Аққырда биыл да еңселі жобалар жүзеге асып, ел еңсесін тіктемек. Мәселен, ауыл азаматы, «Аман құрылыс» ЖШС басшысы Әділхан Маштаевтың демеушілігімен биыл елді мекеннің кіреберісіне жоба құны 8 млн теңге болатын арка орнатылмақ.
Ауыл әкімінің айтуынша, былтыр да, биыл да ауылда ел қажеттілігіне жарайтын жарқын жобалар жүзеге асып, бүгінде аққырлықтар оның игілігін көріп отыр. Ауыл тұрғындары есепті кездесуде ең алдымен аяқсу мәселесін көтерді.
Иә, халықтың аяқсу мәселесін ашынып көтеретін реті де жоқ емес. Себебі Аққырда да Жаңадария секілді басқа ауылдардай күріш алқаптары жоқ, десе де бұл ауылдың кезінде мал шаруашылығымен аты елімізге мәлім болғанын жақсы білеміз. Алайда алып шаруашылықтар құрылмаса да ауылдағы ағайынның бақша салуына жағдай жасалу керек.
Спорт кешені бой көтереді
Аққырда бүгінге дейін шешімін таппаған бір мәселе бар, ол – ауылдық клубтың жоқтығы. Қазіргі таңда ауылдағы мәдениет саласының қызметкерлері көне нысанда күнелтіп отыр. Аудан әкімімен өткен кездесуде жергілікті халықтың көтерген басты мәселесі де осы болды. Алайда бұған қатысты арнайы жоба да әзірленген. Алдағы уақытта қаржылай қолдау тапса, Аққырда жалпы құны 325 млн 586 мың теңгені құрайтын 100 орындық ауылдық клуб бой көтереді.
Мәдениет саласына жағдай жасаған дұрыс, кезінде осы аядай ғана ауылдан қаншама өнер адамдары шыққанын жалағаштықтар жақсы біледі. Тіпті бір жылдары өнер адамдарының республикалық, облыстық сайыстарында ауылдың қарапайым механизаторлары мен сауыншылары бас бәйгені еншілегенін үлкендер айтып отыратын.
Аққырға бұл жолы аудан басшысы жақсы жаңалығымен келді. Айтуынша, биыл Аққырға ауылдық клуб салынбаса да, «Қазақстан халқына» қорынан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына қаржы бөлініп, ел игілігі үшін жаңа нысанның іргетасы қаланады. Аудан басшысы тұрғындарға осы жобаның басы-қасында болып, сапасын жіті бақылауда ұстау қажеттігін қаперге салды. Сондай-ақ типтік жобада салынатын спорт кешені мәдениет үйі де бола алатынын, алайда ең алдымен ауылда инфрақұрылымды жақсарту қажеттігін тілге тиек етті.
Жалпы ауылда 6 ішкі көше бар, оның бүгінде бесеуіне жарық жүргізілген. Былтыр ауылдың ішкі жолдарын жөндеу мақсатында 5 көшеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жоба-сметалық құжат әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған.
Айта кетейік, шалғай ауылда кәсіпкерлік саласы да шираған. Мәселен, осыған дейін Аққырда 84 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, бүгінде оның барлығы 100 пайыз жұмыс жасап тұр. Былтыр жастар бағдарламасы бойынша 1 азамат кәсіп бастаған. Мұнан бөлек 5 адамның жобасы шағын кәсіп бастау үшін қайтарымсыз қаржылай қолдау тапқан. Ал биыл мал шаруашалылығы бағытында 3 адам мемлекеттен қайтарымсыз грант алса, 2 азамат құжат дайындауда. Бұл ауыл тұрғындарын кәсіппен айналысуға үндеу мақсатында түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Қабылдауға келген адамды «Құдайыңа бар» деп қуып шыққан
Кездесу соңында ауыл ақсақалдары Ардақ Әбдіғаппарұлының алдағы жұмысына сәттілік тілеп, батасын берді. Бүгінге дейін жасаған жұмысына оң баға беріп, аудан басшысына алғысын жаудырған аққырлықтар ауыл әкімін қатаң сынға алды. Кездесуге келген тұрғындар арасынан «ауыл әкімі орнын босатсын» дегендер де табылды.
Аққырлықтардың бұлай ашулануына себеп ауыл әкімінің қарапайым халықты алалап, дөрекі мінез көрсетуінде екен. Тұрғындардың бірі ауыл әкімінің қабылдауына барамын деп таяқ жеп, бір ай үйінен шыға алмай қалғанын да жеткізді. Айтуынша, ауыл әкімі оны мекемеден «Құдайына бар» деп қуып шыққан. Бұл мәселеге бейжай қарамаған Ардақ Әбдіғаппарұлы мәселені заң жүзінде шешетінін жеткізді.
– Кешеден бері 7 ауылда болдық, бүгінгі сапарымыз сіздердің ауылдан басталып жатыр. Мақсат сол, елдің ішінде қандай мәселелер бар, оның шешімі қалай, осы сауалдардың түйінін өздеріңізбен бірге тарқату. Бірақ барлығын бір уақытта шешіп беремін деп өтірік уәде беруден аулақпын. Алдағы уақытта барлығын қаражаттың мүмкіндігіне қарай шешуге жұмыс жасаймыз. Бірақ елдің мәселесі ескерусіз қалмайды, – деді аудан әкімі.
Жаңаталаптықтардың мәселесі жерде қалмайды
Шалғай ауылдардағы аудан әкімінің сапары Жаңаталапта жалғасты. Білім ошағында жиналған жұртқа Ардақ Әбдіғаппарұлы ауданда атқарылған біршама жұмыстарды айтып өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта да елді мекендер мәселесін шешуге тиісті жобалар қолға алынатынын айтты. Сондай-ақ жаңаталаптықтардың мәселесі жерде қалмайтынын жеткізді. Айта кетейік, ауылда 800-ге жуық халық бар.
– Ауылдық клубтың ғимарат мәселесін білемін, алдағы уақытта оның шешіміне жұмыс жасаймыз. Бірақ «бүгін-ертең шешіп беремін» деп те кесіп айта алмаймын. Десе де мәселелеріңіз назарда. Өнерлі әжелер, жастар жүйелі жұмыс жасап отырған руханият орталығының мәселесі ескерусіз қалмайды, – деді аудан әкімі.
Жасыратыны жоқ, бұған дейін есепті кездесулерде жаңаталаптықтар су мұнарасын жаңарту мәселесін көтерген болатын. Аудан әкімі тұрғындарды елді мекеннің басты мәселесіне айналған ескі су мұнарасын жаңарту жобасы демеушілік есебінен қолдау тапқанын айтып, халықтың талап-тілегі кезең-кезеңімен орындалатынын жеткізді.
Былтыр ауылға кіреберіс жол бойынан 1 млн 715 мың теңгеге арка орнатылған. Ауылда 3 ішкі көше бар, оның екеуіне асфальт, 1 көшеге қиыршық тас төселген. Жергілікті халық бүгінде кәсіпкерлік саласына ден қоюда. Ел арасында іс бастауға деген талаптың болғаны қуантады. Себебі ол шалғай ауылдың шаруасының ширауына, келесі кезекте жұмыссыздықты тұсауға да айтарлықтай қолғабыс болары анық. Мәселен, осыған дейін елді мекенде 48 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бүгінде оның барлығы жұмыс жасап тұр. Былтыр 1 жоба мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау тапса, 2 жоба қайтарымсыз қаржылай қолдауға ие болған. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 1 азаматтың жобасы қаржылай қолдау тауыпты. 3-еуі мал шаруашылығына бағытталса, 1-еуі пластик терезе өндіруге негізделген. Ал биыл 1 азамат жылқы ұстап, саумал сату үшін қайтарымсыз грант ұтып алса, 1 кәсіпкер мал шаруашылығы бағытында төмен пайызбен несие алған.
Алдағы уақытта Жаңаталапта үлкен өндіріс орны жұмысын бастайды. Жас кәсіпкер Серікбол Әбдікеров құс фермасын ашуды жоспарлап отыр. Бұл бір жағынан салаға серпін берсе, келесі кезекте қаншама ауыл азаматының жұмыс табуына сеп болады.
Ауылда биылғы жылдың еншісіндегі балалар ойын алаңын салатын жеңімпаз мердігер анықталып, құрылысы басталуда. Сондай-ақ көше бойына тал егу үшін қоршау жұмыстары жүргізілуде.
Бірлігі бекем,
тірлігі тиянақты
Үшінші аялдамамыз – Мақпалкөл ауылдық округі. Бұл ауылға мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің есімі берілгеніне де он жылдай болды. Қазіргі таңда елді мекенде 300-ден астам отбасы бар. 1800-ден астам халық мекен еткен қайраткер атындағы ауылда тындырымды тірлік жетерлік. Былтыр Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы аясында елді мекеннің еңсесін тіктейтін бірқатар екпінді жоба жүзеге асты.
Әдеттегідей аудан әкімі алдымен халықпен кездесіп, талап-тілегін тыңдады, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды саралады. Аудан бойынша ауылдық округтердегі көлемді жобалардың бірі Т.Жүргенов ауылында жасалуда. Бүгінде елді мекеннің тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жобаның сметалық құны – 423,871 млн теңге. Оның ішінде құрылыстың сметалық құны 288, 542 млн теңгені құрайды, ал басқа жұмыстар мен шығындар 68, 923 млн теңгені құраған. Желінің ұзындығы ВЛЗ-10 кВ 7 729 м, КЛ-10 кВ 200 м, ВЛИ-0,4 кВ 20 271 метрді құрайды. 6 айда Т.Жүргенов ауылының тұрғын үй секторын электрмен жабдықтау жұмыстары толық аяқталады. Аудан әкімі Ардақ Ибраимов барлық елді мекенде тұрғындар көтерген мәселелерді уақытында шешуге жұмыс жасайтынын жеткізді.
Шаруасы шираған
Ауыл халқының негізгі тіршілік көзі – егін және мал шаруашылығы. Бұған дейін Сыр салысынан мол астық жиған жергілікті шаруашылықтар былтырдан бері бақша өнімдеріне басымдық берген. Мұнан бөлек бірнеше гектарды құрайтын ауылдағы алмабақ өнімдері бүгінде еліміз бойынша үлкен сұранысқа ие.
Жалпы қайраткер атындағы ауылда жұмыссыздық деңгейі 2,4 пайызды құрайды. Әлі де төмендету үшін ауыл әкімі тиісті жобалар қолға алынатынын айтады. Бауыржан Тұңғышбаев кәсіп бастаймын деген жерлестерін сүйемелдеуге дайын екен. Бүгінде ауылда жүзге жуық кәсіпорын бар. Тіркелген кәсіпкерлік субъектісінің қазіргі таңда 99 пайызы жұмыс жасап тұр. Бұрын елді мекенде тек егін және мал шаруашылығында жергілікті тұрғындар кәсібін дөңгелентсе, бүгінде сала түрленген. Осыған дейін екі ауыл тұрғыны кәсіп бастауға бел буған. Алайда оларға шаруасын ширатуға қолдағы азғантай қаражат қолбайлау болған. Осылайша екеуі де мемлекеттік грантқа өтінім береді. Нәтижесінде комиссия мүшелері қос жобаны да қаржылай қолдауға лайық деп тауыпты. Қазіргі таңда екеуі де ауыл халқына сапалы қызмет етуде. Оның бірі Гүлшат Мырзалиеваның шаштаразы болса, келесісі – Гүлжан Төкештің компьютер орталығы.
– Ауылда кәсіпке бет бұрған азаматтар жетерлік. Бұл бір жағынан елді мекеннің еңсесін тіктеуге үлкен қолғабыс болып отыр. Бұрын іс бастаған азаматтардың барлығы егін және мал шаруашылығы саласында жұмысын жүргізсе, бүгінде ауылда сала түрленген. Қазірдің өзінде Мақпалкөл ауылдық округінде шаштараз, компьютерлік орталықтар халыққа сапалы қызмет етуде. Енді бұл азаматтар кәсібін кеңейтуге басымдық беруде. Егін және мал шаруашылығы саласынан өзге де кәсіпорындар өніміне ауылда сұраныс бар. Болмаса олар мұндай қадамға бармас еді, – дейді ауыл әкімі Бауыржан Тұңғышбаев.
Жалпы жергілікті тұрғындар кәсіп ашуда мемлекет жасап жатқан барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланып отыр. Кәсіпкерлік саласына серпін беруге бағытталған қандай бағдарлама бар, басым бөлігіне ауыл тұрғындары құжат тапсырып, шаруасын ширатуда. Былтырдың өзінде ауылдағы бірнеше азамат грантқа құжат тапсырып, қайтарымсыз қаржыға ие болған.
Былтыр бұл ауылда мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Туған жерінде де мерейтой иесінің 125 жылдығына орай бірнеше жоба қолға алынған. Солардың бірі – Темірбек Жүргенов атындағы саябақ. Бұл жобаға қазынадан 60 млн 444,9 млн теңге қаралған. Саябақ құрылысы да қарқынды әрі сапалы жүргізілген. Жергілікті тұрғындардың бұл жерді жасыл желекке айналдырудағы құлшынысын баба рухына тағзым, бір жағынан құрмет деп түсіндік.
Қайраткер атындағы ауылда мұнан өзге де жобалар жоқ емес. Бастысы, алдағы уақытта ел игілігін көрсе болғаны. Ауылда қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов атындағы көше де бар. Ұзындығы 1,1 шақырымды құрайтын ішкі көшеге былтыр жай жөндеу жұмыстары жүрді. Оған қазынадан 15 млн 229 мың теңге қаралған.
Жалпы қай саланы алып қарасақ та өрлеу бар, өсу бар, даму динамикасы тағы жақсы. Әсіресе жергілікті шаруашылықтар мол астықтан тау тұрғызып, жыл сайын рекордтық өнімге қол жеткізуде. Олар бүгінде егінді әртараптандыруға басымдық берген. Аяқсу мәселесі қат болып тұрған шақта бұл бастама ақылға қонымды. Мақпалкөлде 1 серіктестік, 10 шаруа қожалық егін шаруашылығымен айналысады. Жалпы Әліби Бекжановтың елім деп қолға алған жобаларының игілігін бүгінде жергілікті халық көріп отыр. Бұған дейін ол ауылға жалпы құны 15 млн теңгеден асатын балалар ойын алаңын салып берген еді. Қазір ауыл балаларын іздесеңіз, сол жерден табасыз. Мұнан бөлек бірнеше отбасына үй салып берді. Ауылдағы алтын ұяда білім алып жатқан жастардың ішінде озат оқушыларға шәкіртақы төлейді. Тізе берсек, Әліби Бекжановтың ауылға жасап жатқан жобаларын жазуға көп уақыт кетеді. Бастысы, оның барлығы бүгінде елдің игілігіне жарап тұр.
Ауылда мал шаруашылығы да қарқынды дамыған. Бүгінде Темірбек Жүргеновте мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерде 545 бас мүйізді ірі қара, 206 бас жылқы мен бірнеше түйе бар. Ал ауылдық округтің жеке отбасыларында 1903 бас мүйізді ірі қара, 512 жылқы, 4114 уақ мал, 40 түйе бар.
Жалпы ауыл халқы қай істе де ауызбіршілікті, ынтымақты ту етеді. Біз айтып отырған жобалардың сәтті жүзеге асуына да басты себеп осы ма дедік. Шаруасы шираған ауылда береке бар, тындырымды іс бар, бірлігі болса да мығым.
Тұралаған мәселенің түйінін тарқатты
Халықтың ұсынысын тыңдауға негізделген келелі кездесу Мәдениетте жалғасты. Әдеттегідей аудан басшысы ауыл тұрғындарына атқарылған жұмыстарды саралап, мәселелерін назарға алды.
Айта кетейік, ауылда 1930 адам бар. Елді мекендегі жұмыссыздық деңгейі 1,5 пайызды құрайды. Мәдениетте 137 кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. Бүгінде оның 108-і ғана нақты жұмыс жасап тұр. Былтыр 2 ауыл тұрғыны кәсіп бастау мақсатында мемлекеттік бағдарлама аясында төмен пайызбен несие алған. Ал 18 тұрғын қайтарымсыз грант алып, жұмыс жасауда. Ал биыл 4 ауыл тұрғыны қайтармсыз грант иегері атанып, кәсібін бастауда. Кәсіпкерлердің барлығы дерлік ауылда мал шаруашылығын дамыту бағытында жұмыс жасауда.
Елді мекенде 11 көше бар. Оның 9-ы асфальтталған. Ал 2 көше күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
Кездесуде тұрғындар жұмыссыздық, қылмыстың алдын алу туралы мәселе қозғады, аудан әкімі сала басшыларына тапсырмалар берілді. Аудан әкімі тұрғындарға елді мекеннің негізгі мәселесіне айналған ескі су мұнарасын жаңарту жобасы демеушілермен қолдау тапқанын жеткізді. «Көш жүре түзеледі» демекші, елді мекендердің ахуалы басқа аймақтардан көш ілгері. Теп-тегіс жолы, мектеп, балабақша, кәсіппен айналысамын дегендерге қолдау, бәрі-бәрі ауыл халқының игілігіне жарады.
Құрылыс жұмыстары
қарқын алмақ
Есепті кездесу Мырзабай ахун ауылында жалғасты. Ауылдық округте 1250-ге жуық халық бар. Қуантарлығы, бүгінде жергілікті халықтың кәсіп ашуға ынтасы артқан. Әсіресе ахун атындағы ауыл тұрғындары бұл мақсатта мемлекеттік бағдарламалардың қолдауын тиімді пайдаланып отыр. Нақтырақ айтсақ, шағын ауылда бүгінде 74 кәсіпкер бар. Оның 73-і нақты жұмыс жасап тұр. Қуантарлығы, бүгінде ауылда осыған дейін тұралаған мәселелердің алды шешімін тапқан. Мәселен, ауылда 5 ішкі көше бар. Оның 3-іне асфальт төселген. Ал 2-і күрделі жөндеуді қажет етеді, яғни алдағы уақытта Жаңақоныс пен Кенжебек Оспанов көшелеріне де асфальт төселеді.
Былтыр ауылға жалпы құны 385,9 млн теңгені құрайтын емхана салынды. Сондай-ақ алдағы уақытта қаржылай қолдау тапса, ауылда мәдениет үйі де бой көтереді. Бұған қатысты жасалған арнайы жоба да дайын. Сондай-ақ тұрғын үй секторының электр желілерінің құрылысы жаңартылып, Жаңақоныс көшесін жарықтандыру және ауылдың кіреберісіне камера орнату жұмыстары жүргізіледі. Міне, Мырзабай ахун ауылының бүгінгі тіршілігі осындай. Елдің ауызбіршілігі мығым, кәсіп ашуға жергілікті тұрғындардың талабы таудай.
Келбеті келіскен
Қаракеткен
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов сол күні Қаракеткен халқымен де жүздесті. Ауылға кіреберіс жолға түскеннен көзіміз жаңа зәулім арка мен ауыл төлқұжатына түсті. Мұнан елді мекенде тындырымды тірлік барын аңғара қойдық. Ауыл тұрғындарының барлығы дерлік қызығушылық танытып, кездесуге жиналған. Аудан басшысы халықпен танысып қана қоймай, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды қысқаша атап өтіп, жергілікті халықтың үніне құлақ түрді.
Қаракеткенде біраз мәселенің шешімі табылған. Қос елді мекенді қамтитын ауылдық округте ауыз су жүйесі жаңартылып, бүгінде ел игілігіне берілген. Мыңнан аса халқы бар елді мекенде Сыр салысын себетін егіс алқабы болмағанымен мұнда халық кәсіп ашуға бейім. Мал шаруашылығын дамытуға ден қойған ауыл тұрғындары кәсіптің бұл түрінен табысын еселеп отыр. Бүгінде 5 адам атакәсіпті қолға алған, ауыл халқын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған «Фариза», «Жанжаз» жеке сауда орындары жұмыс жасап тұр. Қазіргі таңда ауылда ел игілігіне бағытталған бірқатар жоба жүзеге асуда. Мәселен, елді мекенде тұрғын үйлер секторының электр желілері бойынша «Универсал Строй Сервис» ЖШС құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізген. Бүгінде Далдабай елді мекенін қосқанда 12 көшені күрделі жөндеуге және дәрігерлік амбулатория құрылысын салуға жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, республикалық және облыстық бюджеттен қолдау тапқан.
Аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы елдің әлеуетін жақсартатын жарқын жобалар алдағы уақытта жалғасын тауып, халық игілігін көретінін жеткізді. Кездесуде Ардақ Ибраимов тұрғындарға ауыл әкімі, мектеп директоры, ауылдың тәртібіне жауапты учаскелік полиция инспекторы сонда тұруы қажеттігін ескертті. Қызметкерлер толық жұмыс орнында болмаған жағдайда тиісті шаралар көретінін тілге тиек етті.
Көгілдір отынның
игілігін көреді
Келер жылы екі ауылдық округті газға қосу жұмыстары жоспарлануда. Бірі кент іргесіндегі Ақсу ауылы болса, екеншісі – Мөрәлі Шәменов ауылы. Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың сапары осы қайраткер атындағы ауылда жалғасты. Аудан басшысы бастаған топ әдеттегідей ауыл халқының алдында тікесінен тік тұрып, халықпен етене танысып, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сондай-ақ тұрмыс түйткілдеріне қатысты қойылған сауалдары мен шешімін таппай жүрген мәселелері бойынша бірқатар сұраққа жауап берді.
Өңірде ауылдық округтердің ішкі жол мәселесі оңтайланып, толықтай жаңартылып келеді. Ауылда 12 ішкі көше бар. Оның 10-ына асфальт төселген. 2 көше күрделі жөндеуді қажет етеді. Ең бастысы, ауылда халықтың маңызды өмір сүру қажеттіліктері толықтай бір жүйеге келтірілген. Ауызсу 100 пайыз үйді-үйге жүргізілген. Әрине, ауыл халқының ең басты сұрағы елді мекенді газдандыру жұмысы болды. Бұл жөнінде әкім де қалың жұртқа жақсы жаңалығымен келген. Ардақ Әбдіғаппарұлы М.Шәменов елді мекенін газдандыруға облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлінгенін, яғни жұмыстар басталғанын жеткізді.
Елді мекенді дамыту мақсатында демеушілер есебінен атқарылып жатқан жаңа жобалар да жоқ емес. Мәселен, соның бірі «Mega-Агро» ЖШС-ның қолдауымен 5 млн теңгеге мәдениет үйіне 200 дана орындық орнатылған. Сондай-ақ ауылда мал шаруашылығы да кең қанат жайып, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер қатары артқан. Мәселен, ауылда 60 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның 59-ы жұмыс жасап тұр. Биыл 2 ауыл тұрғыны қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелентіп отыр. Қазіргі таңда М.Шәменов ауылына кіреберіс автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Кентте келелі
мәселелер қаралды
Ауданға қарасты 14 ауылды аралап, халықпен кездескен аудан басшысы ел алдындағы есеп беру сапарын аудан орталығындағы «Руханият» орталығында қорытындылады. Биыл кентті абаттандыру бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда. Мәселен, кентте бүгінде «Руханият» орталығының іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары басталды. Қазіргі таңда «Ақтерек» мөлтек ауданынан 300 орындық мектеп құрылысын салу қолға алынуда.
Жалағаш кентінде орналасқан мемлекеттік мекемелерді газдандыру мәселесі түбегейлі шешілуде. Биыл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін және кент әкімі аппараты ғимаратының жылу жүйесін табиғи газға қосу, №246 орта мектеп ғимараты мен №123 мектеп-лицейі ғимаратының бу қазандығын газбен ауыстыра отырып реконструкциялау жұмыстары жасалады. Тұрғындардың әлеуметтік жағынан осал топтарына тұрғын үй қорынан 100 тұрғын үй сатып алуға арнайы республикалық бюджеттен қаржы қаралды.
Кент тұрғындарымен кездесуде қозғалған мәселелер бойынша аудан әкімі 11 көшенің жоба-сметалық құжаты дайын тұрғанын жеткізді. Кент орталығын абаттандыру жобасы қаржыландыруға ұсынылған.
Кездесуде көтерілген барлық мәселені толық шешуге жүйелі жұмыс жасайтынын айтқан аудан әкімі Ардақ Ибраимов кез келген уақытта тұрғындар талап-тілегін тыңдауға дайын екенін жеткізді. Жиын соңында кент тұрғындары елді мекендерді аралап, халықпен жүздескен аудан әкімі Ардақ Ибраимовқа алғыс айтып, тың бастамаларына тілекші екенін білдіріп, батасын берді.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!