Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:11

Еңбек еленген күн

28.10.2023

364

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында Ақордада бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсырды. Президент ең алдымен салтанатты жиынға қатысушыларды еліміздің ең басты мейрамы – Республика күнімен құттықтады.

– Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәс­­түрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жат­қан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жо­лын­дағы арпалысы ақталған күн. Хал­қы­мызда «Егемен болмай, ел бол­мас» деген сөз бар. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады. Қа­зақ­­стан­ның Мемлекеттік егемендігі тура­лы дек­ла­рация қабылданды. Осы ма­ңыз­ды құжат жұртымыздың азат­тық алуына жол ашты. Ақжолтай құжат жұр­ты­мыз­дың талап-тілегіне сай жа­зылды, отан­шыл азаматтардың ақыл-пара­са­ты­ның арқасында қабылданды. Олар­дың сын сағаттағы батылдығын нағыз ерлік деп бағалауға болады. Біз қазір Әділетті Қазақстанды құрып жа­тырмыз. Сондықтан өткен заманның қай­раткерлеріне, олардың еңбегіне лайық­ты, әділетті баға беріп отыруымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің же­тістіктері туралы айта келе, адам ка­пи­талын жақсартуға бағытталған оң өзгерістерге назар аударды.
– Көп ұзамай халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Бұл еліміздің тұрақты дамуының айқын көрінісі деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, азаматтарымыз өз ұрпағының жарқын болашағына және еліміздің ертеңіне сеніммен қарайды. «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын жүзеге асыру үшін тиісті заң қабылданды. Небәрі екі айдан кейін балаларымыздың есеп-шотына қаржы түсе бастайды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент аймақтарды жан-жақты дамыту мәселесін мемлекеттік саясат­тағы маңызды бағыттың бірі ретінде атап өтті.
– «Қуатты аймақтар – қуатты мем­лекет» дегеніміз жалаң ұран емес. Бұл – Әділетті Қазақстанды құруға қажетті ең басты қағидат. Былтыр еліміздің әкім­шілік-аумақтық құрылымына бір­қа­тар өзгеріс енгіздік. Сол арқылы кейбір об­лыстың дамуына тың серпін бердік. Менің тапсырмаммен ауыл-аймақты да­­­мыту тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжаттың мән-маңызы зор. Ай­мақ­тарда әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын құру – басты міндет. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы басталды. Осы жобаның аясында 655 амбулатория және фельдшерлік-акушерлік нысан са­лынады, құрал-жабдықпен толық қамта­масыз етіледі. Бұған қоса 20 аудан­ара­лық көпбейінді емхана ашылады, 12 ем­­­хана заман талабына сай жаңарады. Яғни 4 млн-дан астам ауыл аза­­­ма­тына са­палы дәрігерлік қызмет көр­­сетіледі. Елі­мізде «Жайлы мектеп» жо­басы қолға алынды. 2026 жылға дейін барлық ай­мақта жүздеген жаңа мек­теп бой кө­тереді. Ауылдарда 100 спорт орталығы ашылады. Сондай-ақ 650 мәдениет ошағы салынады жә­не жөнделеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның «елдің ішін­­­де де, айналасында да бейбітшілік», «әр­алуандық арқылы – бірлікке» деген қа­­ғидаттарды әрдайым берік ұстана­тынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Қа­зақстанның алдында бұрын-соңды бол­маған жаңа сын-қатерлер тұр. Осы күрделі кезеңде мемлекетіміздің ор­нықты дамуы өте маңызды. Біз бола­шақ­қа сеніммен қараған біртұтас Қазақ елін күллі әлемге танытуымыз керек.
– Егемендікке қол жеткізу оңай емес, ал оны сақтап тұру тіпті қиын. Шын мәнінде, Тәуелсіздік – бәрінен қым­бат. Тәуелсіздікті сақтау, бұл – ең ал­ды­мен тұтас ұлттың жауапкершілігі. Біз егемендікті тынымсыз еңбекпен, мыз­ғымас бірлікпен күн сайын қорғауымыз керек. Ең бастысы, еліміздегі тұрақ­ты­лықты сақтауымыз қажет. Себебі ты­ныштық болмаса, басқаның бәрі бекер. Әлемдегі ахуалдың қандай күрделі екенін көріп отырсыздар. Беделді халықаралық сарапшылар Қазақстанды бейбітшіліктің бесігі деп атайды. Қазір біз аймақтың мәдени-рухани орталығына айналдық. Биыл шетелдің өнер ұжымдары елімізде 200-ден астам мәдени іс-шара өткізді. Бұл – тұрақтылықтың, тыныштықтың ай­қын көрінісі. Мұны басқаларға үлгі-өнеге деуге болады. Ал тұрақсыздық жайлаған елге ешкім ұмтыла қоймасы анық. Бей­бітшілік – біздің басты байлығымыз. Оның қадіріне жетіп, бағалай білу – бә­рі­мізге ортақ парыз. Мұны еліміздің әрбір азаматы, әсіресе өскелең ұрпақ терең түсінуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент «Адал азамат» ұғымына айрықша тоқталып, жастарға арнайы үндеу жолдады.
– Елімізде жүзеге асырылып жатқан әрбір бастама, ең алдымен сіздерге арналады. Қазіргі реформалардың игі­лігін көретін де, елдік істерді жалғас­тыратын да – сіздер. Бүгінгі жастарды Қазақстанның келбеті деуге болады. Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұр­ғын­дарына қарап бағалайды. Яғни біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Жас­тар спортпен, дене шынықтырумен айна­лысуы керек. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады. Жастар кез келген өзгеріске бейім болады. Әр нәрсені бойына тез сіңіреді. Мен сіздерді жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге шақырамын. Ұлы Абай айтқан бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болыңыздар. Сіздер дә­ріп­теген құндылықтар қоғамда тез ор­ны­ғады. Сіздер қолдаған өзгерістер жыл­дам жүзеге асады. Бәріміздің ті­легіміз бір, бұл – қоғамымызда жаппай әділеттік орнату. Ендеше, мақсатымызға бірге жетейік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекеттілік тұғырын нығайта түсу үшін заң үстемдігін ор­нық­тыру өте маңызды деп санайды. Мем­лекет басшысының айтуынша, Әділетті Қазақстанды құру үшін құқықтық мә­дениетті дамыту қажет.
– Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениет­сіздік елді жарға жығады. Мұндай жа­ғымсыз үрдістерге бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ал тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады. Яғни Заң толығымен орындалса, төрт құбыламыз түгел болмақ, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сөзін қорытындылай келе, еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматқа жоғары мемлекеттік наградалар, сыйлықтар мен атақтар табыс етті. Олардың қатарында ау­данның дамуына сүбелі үлес қосқан «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы Имамзада Шағыртаев та бар. Ол маңызы артқан мереке қарсаңында «Еңбек Ері» атанды.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: