Жылу маусымына дайындық мәселесі Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды. Электр стансаларындағы жұмыс барысы туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндады.
Биыл электр станцаларында 10 энергия блогын, 55 қазандықты және 45 құбырды күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 1 энергия блогын, 6 қазандықты және 9 құбырды жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта басқа нысандардағы жұмыстар түрлі деңгейде жүргізілуде. Сондай-ақ жылу маусымына дайындық аясында 20,8 мың шақырымға жуық электр желісін, 423 жоғары вольтты қосалқы стансаларды жөндеу жоспарлануда. Жылу желілерін реконструкциялау 541 шақырым коммуникация желісін қамтиды, бүгінгі таңда дайындық деңгейі 23 пайызды құрайды.
Премьер-Министр отырысқа қатысушылардың назарын жылумен жабдықтау объектілерін дайындаудағы сын-тегеуріндерге аударды. Мысалы, «Екібастұз» Жылу орталығында жөндеу жұмыстарын бастау мерзімі мамыр айынан маусымның соңына ауыстырылған. Теміртауда 2-ші жылу орталығындағы қазандықты жөндеу жұмыстары әлі басталмай тұр, 2 ай кестеден артта қалып келеді. Тараз, Жезқазған және басқа өңірлердегі жылу көздерін жаңғырту бойынша да мерзімі кешіктірілген.
Әсіресе Ақмола, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында жылу желілерін жаңғырту жұмыстарының төмен қарқыны байқалады. Бұған қоса «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының мүмкіндігін жеткіліксіз пайдалану мәселесіне назар аударылды.
Елімізде инженерлік коммуникацияларды жөндеу жұмыстары республикалық бюджеттен ғана жүргізіліп отыр. Олжас Бектенов бірінші вице-премьер Роман Склярға жергілікті жерлерде жылу беру кезеңіне дайындық барысын бақылауды тапсырды. Сондай-ақ жергілікті жерлерде шұғыл шешім мен барынша қатаң шаралар қабылдау қажеттігін қаперге салды. Ал жөндеу жұмыстарының сапасы ерекше назарда болуы керек.
Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірге жылу көздері мен желілеріне жөндеу жұмыстарының уақытылы әрі сапалы жүргізілуіне бақылауды күшейту, барлық жылу-электр орталықтары мен қазандықтарды қыркүйекке дейін отынмен қамтамасыз ету тапсырылды.
Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қазіргі жағдай мен биылға арналған болжамды жоспар туралы баяндады.
Былтыр тауарлық газды өндіру көлемі 29,8 млрд текше метрді құраған. Осы жылғы жоспарда 29,8 млрд текше метр, оның ішінде бірінші жартыжылдықта 14,9 млрд текше метр өндірілген, бұл осы жылғы жоспардың 50 пайызын құрайды.
Тауарлық газдың жалпы көлемінен өткен жылы ішкі нарық қажеттіліктеріне 19,4 млрд текше метр жеткізілген. Осы жылғы тұтынудың болжамды көлемі шамамен 20,9 млрд текше метрді құрайды. Былтыр 1,6 млн тонна сұйытылған мұнай газы өндірілген. Биыл да жоспар сол мөлшерде сақталып отыр және 2024 жылы І жартыжылдық қорытындысы бойынша 0,8 млн тонна өндірілген, бұл жылдық жоспардың 53,3 пайызын құрайды.
Министрдің айтуынша, тауарлық газдың ресурстық базасын 2023 жылдан 2030 жылға дейін ұлғайту серпіні анықталған. Газдың болжамды теңгерімі бойынша тауарлық газды өндіру көлемі тұрақты өсіп келеді. Өткен жылғы 22,5 млрд текше метрден бастап 2030 жылға қарай 36,6 млрд текше метрге дейін, яғни 1,6 есе өседі деп күтілуде.
Жаңа газ кен орындарын барлауға және игеруге инвестициялар тарту шеңберінде «QazaqGaz» бен «Chevron» арасында Ақтөбе облысындағы «Жәлібек» учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылған.
– 2026-2030 жылдарға дейін кезең-кезеңімен 4 газ өңдеу зауытын іске қосу басталады. Атап айтсақ, «Қашаған» кен орнының шикізаты негізінде қуаты жылына 1 млрд және 2,5 млрд м3, «Қарашығанақ» кен орнының шикізаты негізінде қуаты жылына 4 млрд м3, сондай-ақ Жаңаөзен қаласында қуаты жылына 900 млн м3 газ өңдеу зауытын салу көзделген, – деді Энергетика министрі.
Оның айтуынша, Қашаған кен орнының шикізаты негізінде газ өңдеу зауыттарын салу үшін қатарлық инвестор «UCC Holding» тартылған. Қазіргі уақытта «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен «UCC Holding» компаниясы осы жобаларды іске асырудың соңғы шарттарын келісіп жатыр.
Бұған қоса ведомствоның басым міндеттерінің бірі – елді газдандыру және газ тасымалдау жүйесін дамыту. 2030 жылдың қорытындысы бойынша халықтың 60 пайызы немесе шамамен 12 млн адам газға қол жеткізді. Биыл газдандыруды жалғастыру мақсатында республикалық бюджеттен 89,3 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ Үкіметтің іс-қимыл жоспары аясында қосымша 105,4 млрд теңге қаралған, бұл 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз етуге және 1 700 шақырымнан астам газ желілерін жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Елде тұтынушыларды газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін ірі стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін, «Ақтөбе-Қостанай» магистральдық газ құбырын, «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салу жобалары бар. Сонымен қатар еліміздің газ транзиттік әлеуетін толыққанды пайдалану бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Өткен жылдың қазан айында Ресей газын Өзбекстан республикасына транзиттеу іске қосылды. Былтыр 1,28 млрд м3 тасымалданған. Биыл оны 3,8 млрд текше метрге дейін ұлғайту жоспарда бар.
Сондай-ақ түркімен және өзбек газын Қытай Халық Республикасына транзиттеу тұрақты өсім көрсетуде.Ресейлік газдың Қырғызстанға транзитін арттыру мәселесі де қаралып жатыр.
Бағаға қатысты айтар болсақ, министр бүгінгі таңда тауарлық газдың бекітілген көтерме сауда бағасы мың текше метр үшін 23 646 теңге болған кезде, тауарлық газдың орташа өзіндік құны 33 169 теңгені құрайтынын жеткізді.
– Газ саласына инвестициялар тарту және тауарлық газдың өзіндік құнына қол жеткізу мақсатында халық үшін бағаның күрт өсуіне жол бермеу есебімен газ бағасын кезең-кезеңімен көтеру талап етіледі, – деді министр.
Жалпы үш жыл ішінде ішкі нарықта газды сатудың шығынсыз болуына қол жеткізу жоспарлануда, бұл елдің газға деген өсіп келе жатқан қажеттілігін жабуға және еліміз үшін маңызды инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Алмасадам Сәтқалиев тоқсан сайын өңірлер бойынша шамамен 360 мың тонна сұйытылған газ бөлінетінін айтты. Алайда тоқсандық өндіру мен бөлу көлемі басынан өңірлердің қажеттіліктерінен 130 мың тоннаға немесе 26 пайызға аз.
ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша былтыр газбен жүретін көліктердің саны 582 мыңға жеткен. Бұл көрсеткішті 2022 жылмен салыстырғанда 18 пайызға көбейген. Сұйытылған газға төмен баға белгілеуге байланысты еліміздің автокөлік жүргізушілерінің көгілдір отынға ауысуы байқалады. Ал министр бұл өз кезегінде тұтынудың артуына себеп болғанын жасырмайды.
Үкімет басшысы газ өндіру мен өңдеу көлемінің ұлғаюына қарамастан елімізде көгілдір отынның тапшылығы орын алып отырғанын айтты. «Қашаған» мен Жаңаөзенде газ өңдеу зауыттарының құрылысы кешіктіріліп жатқанын да сынға алды. Оның үстіне жаңа кен орындарын дамыту және геологиялық барлауға инвестициялар тарту да баяу жүруде. Сондықтан Энергетика министрлігі мен «QazaqGaz» компаниясына газ өңдеу зауыттарын салу және жаңа газ кен орындарын игеру бойынша нақты жол карталарын әзірлеу тапсырылып, жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға газ саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспарының іс-шараларын сапалы және уақтылы іске асыруды жалғастыру қажеттігі ескертілді.
– Энергетика министрлігінің 26 маусымдағы №233 бұйрығына сәйкес, 1 шілдеден бастап сұйытылған газ бағасы өсті. Нақтырақ айтқанда, біздің өңірде шекті бөлшек сауда бағасы 1 литр үшін 70 теңгені құраса, ал облыс орталығынан 200 шақырымнан астам қашықта орналасқан шалғай аудандарда 1 литрі 75 теңгені құрайды. Тұтынушыларға арналған баға 9 пайызға өссе, газ желісі ұйымдары үшін газ өңдеу зауытынан сатып алынатын баға 12 пайызға қымбаттады. Қазір облыс аумағындағы 210 автогаз құю бекеті арқылы сұйытылған май газын сату бойынша 25 оператор жұмыс жасайды. Шілде айында аймаққа 6 756 тонна газ бөлінді.
Жиында сұйытылған газдың басқа облыстарға кетпеуін қадағалау, газ құю станцияларының тиісті заңнама талаптарын сақтауына мониторинг жүргізу қажеттігі ескертілді. Мұнан бөлек елді мекендерді газдандыру жайы қаралды. Өткен жылдың қорытындысына қарасақ, тұрғындарды табиғи газбен қамту үлесі 75 пайыз болды, 12 елді мекен табиғи газға қосылды. Осылайша газдандырылған ауылдар саны 35-ке жетті. Биыл республикалық бюджеттен 20 жобаға 5,9 млрд теңге берілді. «Самрұқ-Қазына» акционерлік қоғамы 16 газдандыру жобасын қаржыландыруға 24 млрд теңге бөлді. Жыл соңына дейін 11 ауылдық елді мекен табиғи газға қосылып, көгілдір отынмен қамту деңгейін 78 пайызға, газдандырылған елді мекен санын 46-ға жеткізу жоспарлануда. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына газдандыру жобаларын бақылауға алып, жұмыстың мерзімінде және сапалы жүргізілуін қамтамасыз ету тапсырылды.
Баға бақылауда
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов аудан аумағындағы автогаз құю станцияларында автокөлікке жанармай құю үшін сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағалары мен мөлшері бойынша мониторинг жұмыстарын тұрақты жүргізуде.Аудан бойынша сұйытылған мұнай газы бойынша 5 оператор, 6 газ құю бекеті жұмыс жасайды. Сыйымдылығы – 55,5 тонна. Қазіргі таңда 26,2 тонна газ бар. Газдың орташа бөлшек сауда бағасы – 64 теңге. Ал ауданда жанар-жағармай өткізумен айналысатын 3 оператор, 4 жанар-жағармай құю бекеті орналасқан. Зерделеу жұмыстарына жауапты сала басшыларына алдағы қажетті қорды сақтау мақсатында нақты тапсырмалар берілді.
Қос ауылға
көгілдір отын кіреді
Иә, биыл жылу маусымына дейін кентке қарасты Ақсу және Мөрәлі Шәменов ауылының тұрғындары көгілдір отын тұтынады. Қос елді мекенді газдандыру жұмыстарына 2023 жылға аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен облыстық бюджеттен 40 млн теңге қаржы қаралып, бөлінген қаржы шегінде жұмыстар жүргізілді. Ал биыл құрылыс монтаждау жұмыстарын жалғастыру үшін Ұлттық қордан 100 млн теңге, облыстық бюджеттен 397,4 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс монтаждау жұмыстарының 95 пайызы орындалып, 387,7 млн теңге игерілді. Шілде-тамыз айларында қалған 109,7 млн теңге игеріледі.
Қазіргі таңда демеушілік есебінен Бұқарбай батыр, Қаракеткен және Далдабай елді мекендерін газдандыруға жоба сметалық құжаттар әзірленуде.Мұнан бөлек кентте орналасқан мемлекеттік мекемелерді газдандыру мәселесі түбегейлі шешілуде. Биыл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің және Жалағаш кенті әкімі аппараты ғимаратының жылу жүйесін табиғи газға қосу, №246 орта мектеп ғимараты мен №123 мектеп-лицейі ғимаратының бу қазандығын газбен жылытуға ауыстыра отырып реконструкциялау жұмыстары жасалмақ.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!