Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-0°C

, Жұма, 06 желтоқсан, 18:55

Халқы сүйген қаламгер

18.08.2023

339

0

Аудандық кітапхананың кітап қоры тағы бір жаңа туындымен толықты. Жергілікті журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Жалағаш жаршысы» газетінің жауапты хатшысы қызметін атқарған Жұмабек Әбжәмиловтың «Халқы сүйген қаламгер» атты кітабы оқырманға жол тартты.

Жуырда аудандық кітапханаға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрайымы Дина Мирман келді. Он­дағы мақсат – жақында жарық көрген қаламы қарымды жур­налист Жұмабек Әбжәмиловтың «Халқы сүйген қаламгер» атты туындысын жалағаштық оқырмандарға табыстау.

Қалың оқырманға ұсынылып отырған кітапта қара сөздің қаймағын қалқып, қоғам өмірімен етене араласып, ел аманатын арқалап өткен журналист Жұмабек Әбжәмиловтың өлеңдері, публицистикалық және әдеби шығармалары, сондай-ақ замандастарының естелік, әңгімелері ұсынылған.

Сыр өңірінің руханиятына өзіндік үлес қосқан белгілі азамат, ақын, қаламы қарымды журналист Жұмабек Әбжәмилов – Жаңаталап ауылының тумасы. Ол 1956 жылы 15 маусымда дүниеге келген. 1963 жылы сол ауылда 8 жылдық мектептің табалдырығын аттап, 1971-1973 жылдары №117 орта мектепте 9-10 сыныпты бітіріп, ауылда жұмысшы болып еңбек еткен. Ол 1974-1976 жылдары аралығында әскер қатарында болып, әскерден келген соң Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің Журналистика факультетін бітірген. Туған жерге оралып, аудандық «Жаңадария», қазіргі «Жалағаш жаршысы» газетіне тілші болып жұмысқа орналасқан. 1978-1987 жылдары аралығында аудандық радиохабардың ұйымдастырушысы қызметін атқарған. 1982 жылы СССР журналистер одағының, 1988 жылдың шілде айынан бастап Совет Одағы Комунистік партиясының мүшесі атанған. 1984-1989 жылдары Еңбекші хаттары, Ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1989 жылдан бастап өмірінің соңына дейін аудандық газеттің жауапты хатшысы қызметін абыроймен атқарған Жұмабек ағамыз жары Ақалмаш апай екеуі бір қыз, үш ұл тәрбиелеген. Қазіргі таңда олардан он үш немере бар.

Газетте жүріп радио хабарларды ұйымдастыру жұмыстарының басшысы бола білген Жұмабек ағамыз 1991 жылдың 7 мамыр «Радио күні» дүниеден озды. Бүгінде аудандық мектептер ара­сында тумысынан тұлғасы бөлек, артына елеулі із қалдырып, өзі тү­леген топырақтың талантты ұлына айналған қаламгердің шығар­машылығына арналған ғылыми жобалар ұйымдастырылып тұрады. Журналистиканың қай жанрына болсын қалам тербеген журналистің қазынасын зерттеп, зерделеген оқушылар тарапынан өнегеге толы өмірі мен өнер жолын кейінгі ұрпақ санасында жаңғыртып, дәріптеу мақсатында Жұмабек ата­мыздың өмірбаян, өлеңдерін, қолжазбаларын жинақтап, «Халқы сүйген қаламгер» атты кітап шығарылса екен деген ұсыныстар айтылған болатын.
Міне, бүгінде бұл ұсыныстар жерде қалмай бұл фәниде бар жоғы 35 жыл ғұмыр кешкенмен, артына елеулі із қалдырған Жұмабек Әбжәмиловтың кітабы қалың оқырманға жол тартты. Ата-бабаларының ізін жалғап, қасиетті сөз өнерін ұрпағына үлгі етіп қалдырған белгілі журналист Жұмабек Әбжәмиловтың мұралары іздеуші халық пен ұлағатты ұрпақ барда насихаттала бермек.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: