Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

20°C

, Бейсенбі, 02 мамыр, 09:39

Халық өз таңдауын жасады

15.08.2023

99

0

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттілігі жөнінде айтылған болатын. Бүгінде сол бастамаға сәйкес елімізде ауыл әкімдерін сайлау науқаны жүргізіліп келеді. Осы орайда жексенбі күні ауданға қарасты Мәдениет ауылдық округінің әкімін сайлау науқаны өтті.

Таң атысымен елді мекендегі мә­дениет үйінің алдында жиналған ауыл тұрғындары сайлау учас­ке­сінің ашылуын күтіп тұр екен, ауылда маңызды саяси науқанның лебі бай­қалды. Таңғы сағат 7.00-де №144 сай­лау учаскесінде учаскелік сайлау комис­сиялары мүшелерінің, БАҚ өкілдерінің, байқаушылардың және сенім білдірген адам­дардың қаты­суымен сайлау ту­ралы заңның талаптарына сай, бар­лық проце­дураларды орындай отырып сайлау учаскесі ресми түрде ашылды.

Ерте күн шығысымен өз таң­дауымды жасаймын деген сайлау­шылардың бел­­­­сенділігінен тұрғын­дар­дың ауыл бо­­­ла­шағына үлкен жауап­кер­шілікпен қа­рай­тынына көз жеткізуге бо­ла­ды.

Жалпы, Мәдениет ауыл­дық ок­ругі әкімінің сайлауына 5 үміт­кер өз кан­дидатурасын ұсынған. Олар­дың өмір­­баяны мен сайлауалды бағ­дар­ла­ма­сы­мен ауыл тұрғындары бұқа­ралық ақ­парат құралдары, яғни газет беттері арқылы толықтай танысыпты.

Сайлау учаскесі ашыла салысымен қоражайдағы шаруаларын кейінге ысы­рып, саяси науқанға қатысуға алғашқы болып келген ауыл тұрғыны Болатбек ағамыз да өз таңдауын жасады.

– Бүгін ауылымыз үшін саяси маңыз­ды күн десем болады. Бар­лық үміткерлердің сайлауалды бағдар­ла­масымен таныстым, барлығы да «Сен тұр, мен атайын» деген азаматтар екен. Иә, әкім болмай-ақ та елге адал қыз­мет етуге болады. Десе де елім деген азаматтарға сәттілік ті­леймін. Ауы­лымыздың тыныс-тіршілігі шү­кір, жақсы, ауыл азаматтарының жа­сап жат­қан шаруаларының жайы көңіл көн­шітеді. Алдағы уақытта да осы алған бағытымыздан таймай, ауы­лымыз көр­кейе береді деп сенемін. Науқан әділ, барлық ережелерге сай өтіп жатыр. Халқымызға бірлік, елімізге бейбітшілік тілеймін, – деді алғашқы сайлаушы Б.Нұржанов.

Сайлау учаскесінің мәліметінше, саяси нау­қанға қатысушылар саны – 1102. Шыны керек, ауыл тұрғындары үшін әр­бір азаматтың дауысы маңызды екені және елді мекеннің болашағы әр аза­матты алаңдатары анық байқалды. Өйткені сағат 9.00-ге дейін 200-дей азамат дауыс беріп үлгерген.
Осындай белсенді азаматтар қа­та­рында ауыл тұрғыны Ақмоншақ та бар.

– Мен де таңғы шәйімді ішіп, дауыс беруге келіп қалдым. Шүкір, ауы­лы­мызда біраз шаруалар жүзеге асып жатыр, жастардың еңбек етуге де­ген құлшынысы да жаман емес. Ең бастысы, ауылдағы ағайынның ауызбіршілігі бекем, сон­дықтан бір­лік болса, тірлік те өнбек. Ауы­лы­мыз­дағы жасалып жатқан әр­бір істің берекелі болатынына сене­мін. Кандидаттардың сайлауалды бағ­дар­­ламаларымен ақпарат құ­рал­да­ры арқылы етене таныстым. Онда үміткерлер сайлауалды бағдар­ла­ма­сына ауылдағы өзекті мәселелерді шешуді арқау еткен екен. Енді соның барлығы алдағы 4 жылда шешімін табуына жұмыс жасаса болғаны. Саяси науқан әділ, ешқандай те­жеу­сіз, жақсы көңіл-күйде өтіп жатыр. Науқанды ауыл халқы болып абы­роймен өткізуге тілектеспін, – деді ауыл тұрғыны Ақмоншақ Төлеген.

Елді мекенде кешке дейін сайлау­шылардың легі бәсеңдемеді. «Ауыл әкімі кім болады екен?» деген сұрақ әрбір тұрғынның көкейінде тұрды. Әрине олай болары заңдылық. Өйт­кені бәсекелестік жоғары дең­гейде, үміткерлердің барлығы да елге қызмет етуге бел буған іскер аза­маттар. Өйткені ауылды алға жетелеп, халықтың басын қосып, ауыз­біршілікпен еңбек етуге жол бастайтын ауылдың басшысы, яғни әкім екені рас. Сол себепті ауыл халқының науқандағы басты мақсаты – адал да іскер азаматты әкім ету.

Саяси науқанның қорытындысына тоқталсақ…

Аудандық сайлау комис­сиясының мәліметінше, Мәдениет ауы­лының сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміндегі 1102 азамат­тың 791-і саяси науқанда белсенділік танытып, өз таңдауын жасаған. Үміткер Өмір­серік Абтықалықовқа 197, Төлеген Қор­ғанбекке 511, Қазыбек Мол­дабе­ковқа 55, Айдар Сакиевқа 3 ауыл азаматы дауыс берген. Дауыс беру нәтижесімен Мәдениет ауылдық округінің әкімі болып, айқын басымдықпен Төлеген Қорғанбек сайланды.

Төлеген Қорғанбекұлы 1989 жылы осы елді мекенде дүниеге келген. Жас та болса, өңіріміздің саяси-қо­ғам­дық өміріне белсене араласып, елге қызмет етуді мақсат еткен ол бірнеше жыл ауданның спорт сала­сында еңбек еткен. 2021 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында жеке кәсіпкерлікпен ай­на­лысып, ауыл әлеуетінің артуына үлес қос­қан.

Мемлекетіміздің жарқын бо­ла­ша­ғы білімді де білікті жастардың қо­лында екені белгілі. Сондықтан елді мекен халқы жаңа басшыдан ауылды көркейтетін батыл шешімдер күтері анық.

Иә, осындай саяси рефор­ма­­лар­дың нәтижесінде әкім­дер­дің жер­гілікті бас­қару өкілеттігі нығая тү­суде. Яғни елді мекен тұрғын­дарының ауыл әкіміне деген сенімі артып, ауыл ауыз­біршілігі одан да бетер нығая түсті. Ертемен тұрып елдің қамын күйт­теген көптің ортақ тілегі бір, ол – елді мекеннің одан әрі гүлдене түсуі.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: