Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

8°C

, Жұма, 29 қараша, 05:53

Электронды темекі келмеске кетті

27.01.2024

502

0

Бүгінде тек қала жастары ғана емес, ауыл жастары да электронды темекіге әуестенгені жасырын емес. Қоғамдық орынға бара қалсаң, қолындағы ұялы телефон секілді затты аузына тосып, демі таусылғанша тартып жатқан азаматтарды жиі байқайсың. Будақтап шыққан көк түтіні бұрынғы моржасы бітелген пештей жан-жағын улайды. Иісі де жағымсыз. Бірақ не сиқыры бар екенін білмеймін, сол бұйымға әсіресе жастар ерекше құмартты. Заманның сәні ме, әлде құрамында адамды еріксіз өзіне баурайтын улы нәрсе бар ма, түсініксіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастармен кездесуінде элек­тронды темекіге әуестеніп бара жат­қан оқушылар туралы сөз қозғаған болатын. «Қазір ересектердің ерме­гіне айналған электронды темекіге оқушы­лар да әуестеніп барады. Мұндай те­мекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай» деді Президент.
Мұны Денсаулық сақтау минис­тр­лігінің шылым шегу бойын­ша жүргізген мониторингтік есебі дәлелдейді. Мәлі­мет­ке көз жүгіртсек, соңғы төрт жылда бір реттік шы­лым­ды сатып алатын 12 мен 15 жас аралы­ғындағы жеткіншектер саны үш есеге артқан. Бұл дегеніңіз әрбір мек­тептегі 15 пайыз ұл, 6 пайыз қыз элек­тронды темекімен әуестенгенін көрсетеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­­­мы­­ның ақпаратына сүйенсек, шы­лым шегу салдарынан жыл сайын жа­­һан­да 8 миллионнан астам адам қай­­тыс болады. Ал елімізде шы­лым­ның кесірінен жыл сайын 18 мыңға жуық адам көз жұмады екен. Өйт­кені темекі өкпенің қатерлі ісігі, өкпе­нің со­зылмалы обструктивті ауруы, де­мікпе, қан айналым жүйесі аурула­рын: жүректің ишимиялық ауруы, ар­те­­риялық гипертония, қан тамыры ауру­ларын тудырады. Бұған қоса ағ­за­­ның инфекциямен күресу қабілетін төмен­детіп, иммундық жүйеге кері әсер етеді. Десе де қолжетімді бағада сатылады.
Бұл темекілердің түрлі атаулары да бар екен. Мәселен, қыздырылатын табак aikos, glo және вейп деген түрлері бар, бағасы 2 мың тең­геден аспайды. Бір қызығы, бұл бұйымға әуес­тенгендер кәдімгі темекіге қа­ра­ғанда никотині аз деген тұжырым ұста­нады екен. Алайда ДСҰ мамандары бұл түсініктің жалған екенін әлдеқашан жар салып, айтқан болатын.
Өйткені вейптің қаптамасында көр­­се­тілгеніне қарағанда әлдеқайда көп никотин бар екен. Сұйық түрдегі хи­­миялық қоспа ауыз ұртында тез со­рылып, қан жүйесіне бірден түседі. Бұл миды никотинмен улау деген сөз. Тіпті вейпті қолданатын балалар есінен танып, құлауы мүмкін. Вейпті шегетін ересектерде никотинге деген тәуелділік одан әрі артады. Орташа есеппен әрбір вейпте 6-62 мг дейін никотин бар. Ал aikos пен glo – қыздырылған табак өнімі. Оның ішінде никотин 6 мг дейін болуы мүмкін. Мұның кә­дімгі темекіге қарағанда никотині аз деп айтып жатады. Бірақ олардың құра­мында көп мөлшерде никотин бар. Оның үстіне бұл өнімдер электронды шы­лымды шегушінің ғана емес, оның айна­­ласындағы адамдарға да зиянын тигізеді. Әсіресе балалар темекі түті­нінен тез уланып, түрлі ауруға шал­дығуы әбден мүмкін. Сондықтан ДСҰ электронды темекілер зиянсыз деген тұжырыммен келіспейді.
Сәрсенбіде ҚР Парламент Мәжілісі­нің жалпы отырысында депутаттар «Қа­­зақстан Республи­касының кейбір заң­намалық актілеріне денсаулық сақ­тау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жо­­басын екінші оқылымда қабылдады. Заң жобасында вейптерді әкелуге, өн­діруге, сатуға және таратуға толық тыйым салынады. Денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулер тұжы­рым­дамасынан тыс темекі өнімдерін тұтынуды шектеу нормалары да қа­рас­тырылған. Олардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізі­леді. Нақтырақ айтсақ, сатқаны үшін ең жоғары жаза 50 тәулікке дейін қа­мауға алу, ал әкеліп, таратқаны үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, қылмыстық топ жасаған не аса iрi мөлшерде жасалған, бiрнеше рет жасалған әрекеттер үшiн 5 жылға дейiн мерзiмге бас бостандығынан айыру көз­делген.


Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: