Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

15°C

, Жексенбі, 05 мамыр, 23:48

Көшет сатып, кірісін еселеген

21.11.2023

236

0

Аманқосовтар әулетінің жылыжай ісін қолға алғанына бірнеше жыл болған. Аудан жұртын көкөніс көшеттерімен қамтамасыз етіп отырған отбасы кәсіптің бұл түрінде пайда көп екенін айтады. Алайда бейнеті де аз емес көрінеді. Сондықтан Айдана Бағдатқызы салаға тыңғылықты дайындықпен келген дұрыс дейді.

Бастапқыда бұл отбасы қызанақ пен қиярды ақпан айының аяғында жылыжайда баптап, ерте көктемде сатылымға шығара бастаған. Кейін сұраныстың артуына байланысты олар мұндағы өнім көлемінде өсіп қалыптастырған. Яғни көкөністен бөлек басқа да түрлі гүлдердің көшетін сатуға кіріскен.
Шындығында «олар кәсіптің бұл түрін дамытып жатыр» десе де болады. Оған себеп те жоқ емес, қай өнімнің шығымына қандай күтім қажет екенін жетік білетін Аман­қосовтар алдағы уақытта тек өнім сатуға бел буып отыр. Бұл жобаны осыған дейін жүзеге асы­руға қолбайлау болған қаражат тапшы­лығын мемлекет шешіп беріпті.
Биыл Айдана Пұсырманова қол­да бар қаражатқа жылыжайға қажетті материалдар сатып алған, басқа да қажетті құрал-саймандар алу үшін мемлекеттік бағдарлама көмегіне жүгінеді. Осылайша ол 1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз қаржылай қолдауға ие болған. Қа­зіргі таңда Аманқосовтар отба­сы жылыжай құрылысын бас­­тап кетті. Егер бұл жобасы сәті­мен жүзеге асса, келер жылы маусы­мында жалғаштықтарды көкөніспен қамтамасыз етпек.
– Інім әскери салада жұмыс жасайды. Мен қаладан көкөніс тұ­қымдарын әкеліп, әкеммен бірге оны жылыжайға егеміз. Ерте көктемде көшеттерді халық та­ласып алып кетеді. Тұты­ну­шымыз жетерлік, оның бар­лығын қамтамасыз етуге шыны керек, соңғы жылдары шамамыз келмеді. Сондықтан тек халықтың тапсырысымен ғана көшет дайындауға көштік. Тіпті бір жылдары оның өзін отырғызатын жер таппадық. Осыдан-ақ ауданда көшетке сұраныстың қандай екенін бағамдай беріңіз. Биыл мемлекеттік бағдарлама көмегіне жүгініп, қай­тарымсыз қаржыға ие болдым. Оған жылыжайға қажетті басқа да құрал-саймандарға тапсырыс бердім, алдағы айдың аяғында затымыз келсе, жылыжай жұмысын ерте бастауға бел буып отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Кейіпкеріміз Мөрәлі Шәменов ауылында тұрады. Аядай ауылда кәсібін жандандырып, өзінің тұ­рақты тұтынушыларын да қалып­тастырып алған. Бір жағынан ауыл­дың аудан орталығына жақын ор­наласқаны да тиімді дейді. Се­бебі өнім көп болған жағдайда қал­ғанын аудан орталығына барып, сатылымға шығармақ.
– Біздің ауыл кенттің іргесінде ғой, сондықтан «жылыжай өнімі алдағы уақытта ысырап болады» деген бізде уайым жоқ. Бір жылдары көптеп көшет сатқанда да аудан орталығындағы тұтынушыларымыз таласып алған. Негізінен бізге келіп те басқа ауылдардан көшет алып кететіндер бар. Бірақ аудан орталығына көптеп көшет алып кетсек, бір күнде 25-30 мың теңгедей табыс табатын күндер болады. Ал алдағы жылы өнім сатсақ, табыс еселене түседі, – дейді ол.
Жалпы ауылдағы Аманқосов­тарды «бағбандар отбасы» десе де болады. Себебі оларға қай өнімге қандай күтім қажет, қай өнімді қай уақытта суару керек, мұның бәрі таң­сық емес. Жылыжай өніміне сұ­ра­ныстың артуына бұл да себеп шығар.
Алдағы уақытта кәсіпкер жылы­жайда қызанақ пен қиярдан бөлек басқа да өнімдер егуді жос­парлап отыр. Кешегі аптада 100 мың теңгеге жуық қаражатқа қажетті тұқымдарды да алдырып қойған. Демек, жылыжай жуырда іске қосылады деген сөз.
Айта кетейік, қазіргі таңда қы­занақ пен қиярдың нарықтағы ба­ғасы мың теңгеге жуықтайды. Ал жазға дейін бұл баға көте­ріл­месе, арзандамайтыны анық. Кейіп­кері­міздің «келер жылы табысымыз есе­ленеді» дегенін осыдан-ақ аңға­руға болады.


Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: