Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

18°C

, Дүйсенбі, 26 мамыр, 01:13

Күріштің күтімі бәрінен маңызды

25.05.2025

12

0

Өткен апта күн қызуы қайтпағасын жаз ерте келді ме деп едік, қазір аптап ыстық басылып, ауа райы шаруа адамдарына қарасып тұр. Бұл сәтті «Сәрке батыр» ЖШС ұжымы құр жібермейді. Ауыл еңбеккерлері түгел егіс басында. Күрішшілер тіпті Сыр салысын суға бастырып қойған, бір аттаса, оны да қырқынан шығарады.

Шаруашылық биыл ақегісті нау­рыз­дың ортасында қорытын­дыла­ған. Қазір егіс басындағы еңбек адамдарының көбісі диқандар. Механизаторлар өз міндетін мамыр айының екінші онкүн­дігіне дейін орындапты. Ал қазір ди­қандар күріштің күтімін жасап жүр. Тү­­сінеміз, даладағы маусымдық жұ­мыс­тың машақаты көп, бірақ бұған ба­тыр атындағы шаруашылық ұжымы төселген.
– Жылдың қай мезгілінде де дала дарабоздарына тыным болған ба, бірақ біздің жұмыс әсіресе жаз бен күзде қызады. Көктемде ақегісің бар, жалпы жерге себілген өнімнің күтімі тағы бар. Сыртынан қараған адамға күріш егу тек жер жыртып, дән тастап, оны суға бастырып, күзде жинап алумен шектелетін сияқты. Асылы мүлде олай емес, қарапайым тілмен айтсақ, дән себілемін дегенше егіс алқабы бірнеше өңдеуден өтеді. Мұның бәрін кеше механизаторлар аяқтады. Мұнан кейін де егіс алқабы бірнеше өңдеуден өтті. Мол әрі сапалы өнім алудың қамын жасамасаң, тағы болмайды. Ертең күзде комбайн орақ салғанда жаз бойы ат­қарған жұмысымыздың нәтижесін көреміз. Былтыр да осы межеде күріш ектім, өнім мол болды. Биылғы меже одан жоғары, – дейді күрішші Алмат Ысқақов.
Әлекеңнің аталған шаруашылықта еңбек еткеніне ширек ғасырдан асқан. Сол уақыттан бері түрлі техника тізгіндеген, диқанның көмекшісі де болды. Кейін өзі де сушы болып, кү­ріштің күтіміне жұмыс жасады. Сол уақыттан бері серіктестікте Сыр са­лысын батпап келеді.
Шаруашылық төрағасы Қанат Де­ме­сіновтың өз ісіне адалдығы, жалпы тәжірибелі һәм жауапты маман еке­ніне дау жоқ. Бүкіл жұмыстың жүйелі жүруінде оның қолтаңбасы бар десек, артық айтқанымыз болмас. Егіс ба­сындағы еңбеккерлерге бағдаршам бо­­лу­мен қатар олардың бар жағдайын жа­сап отыр.
Иә, шаруаның нағыз маманы жайын­да бұлай ой қорытуымызға негіз жоқ емес. Өйткені серіктестіктің егіс ба­сында бұған дейін де бірнеше мәрте болдық. Қанекеңмен тек күріштің ғана емес, басқа өнімдердің де күтіміне қатысты сұхбаттасқанымызда бір са­уа­­лымызды жауапсыз қалдырмады. Өз ісін жетік білетін адам ғана жан-жақты ой түйеді ғой. Міне, серіктестік бас­­шысы Қанат Демесінов – сондай жан. Сондықтан өзі басшылық ететін ұжымның әр жылды табысты қоры­тындыламауға хақысы жоқ.
Былтыр серіктестік 950 гектар ал­қапқа Сыр салысын сепкен, сұр­пын сұрасаңыз, «Лидер» мен «Мар­шаль». Күріштің бұл сұрпы салмақты болған­дықтан нарықта да өтімді көрінеді. Ал толық пісіп-жетілу уақыты – 100-110 күн. Ерте көктемнен шаруашылықта 950 гектар күріштің күтіміне 20 диқан жауапкершілікпен жұмыс жасаған. Нә­тиже де жаман емес, былтырғы күзгі нау­қанда оның әр гектарынан 55 цент­нер орташа өнім жиды.
Қанекеңнің сөзінше, биыл да осы меже сақталып отыр. Шаруашылықта егістік жер жетеді, бірақ бұл ұжым егісті әр­тараптандыруға басымдық берген. Бұл бір жағынан сапалы өнім алуға және суды үнемдеуге үлкен сеп болып отыр.
Жалпы «Сәрке батыр» ЖШС – ау­данда егінді әртараптандыруға ерекше мән берген шаруашылық құрылым­дардың бірі. Былтыр да ротация тәртібін сақтаған серіктестік күріштен бөлек 440 гектар жоңышқа, 70 гектар бидай және 50 гектар мақсары еккен. Жоңышқаны үш орып, бидай мен мақсарыдан да мол өнім алды. Мәселен, бидайдың әр гектарынан 9 центнерден өнім жиды.
Жыл сайын шаруашылық бақша салуға ниетті ауылдағы ағайынға жер ашып беретін. Мәселен, 2023 жылы 8 гектар бақшалық жер дайындаған. Оған Ақсудағы және Жалағаш кентіндегі бірнеше отбасы бақша салып, қыстық азығын қамдап алды. Былтыр да жергілікті халықтан сұраныс болған. Ба­тыр атындағы серіктестік ұжымы елдің талап-тегін ескеріп, 7 гектар жер дайындаған. Нәтижесінде биыл да ауылдағы бірнеше отбасы бақша са­лып, қауын-қарбыз, асқабақ, кар­топ, сәбіз, қызылша секілді бақша дақыл­дарын баптап, мол өнім жиды. Қанат Демесінов елдің бақша салуға ынтасын жоғары бағалап отыр. Тіпті биыл да елдің егін егуіне жағдай жасамақ.
– Бұған қатысты аймақ басшы­сының тікелей тапсырмасы бар, «егін егемін, бақша саламын» деген ха­лыққа жергілікті шаруашылықтар жер ашып беруі керек. Қазір «бұл үрдіс дәс­түрге айналды» десе де болады. Бұған қатысты жергілікті халықтың сұранысын қанағаттандырдық. Былтыр да осы мақсатта 7 гектар жер ашылды. Біз жерді ашып, қоршап, аяқсу жеткізіп береміз. Тек бақша салуға ниетті жұрт өз өнімінің күтіміне жауапты. Тіпті былтыр ашылған жерге бақша салып, одан шыққан өнімді нарыққа шығар­ғандар да болды. Мәселен, ақсулықтар былтыр баптаған бақшалық өнім­дерін, яғни картоп-сәбізін, қауын-қар­бызын аудан орталығында өз тұты­нушыларына сатылымға шығарды. Ха­лық жалқау емес, ел еңбексүйгіш қой, тек олардың талабына жағдай жасасаң жет­кілікті. Міне, аймақ басшысының да тапсырмасының түпкі мақсаты осы деп ойлаймын. Биыл да 3 гектар жер ашып, су жеткіздік. Қазір ауыл тұрғындары бақша егуді бастап кетті, – дейді Қанат Демесінов.
Иә, еңбегі еселі шаруашылық ұжы­мының бүгінде шаруасы айтарлықтай шираған. Әлбетте оның түбінде үлкен ізденіс, ауызбіршілік пен еңбек жатқаны айтпаса да түсінікті. 110 адам жұмыс жасайтын шауашылық құрылымы биыл да межелі өнімге қол жеткізуді көздеп отыр. Мақсат айқын, іс нәтижелі болса, ол күнге де куә боларымыз анық.
Қазір диқандар күрішті толық суға бастырған. Енді бір аттаса, судың ауысымына жұмыс жасайды. Ал күріш қырқынан шыққасын су лайланбаса, Сыр салысы содан күзге дейін қорегін алады. Диқан Алмат Ысқақов былтыр аяқсудан тапшылық болмағанын ай­тады. Ал биыл былтырғыдай ағыс қатты емес, десе де әлі науқанның басы, күзге дейін қалай болады? Ол жағы алдағы уақыттың еншісінде.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: