Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

20°C

, Бейсенбі, 09 мамыр, 21:45

Наурыз 10 күн бойы тойланады – мерекенің бағдарламасы жарияланды

13.03.2024

527

0

Мәдениет және ақпарат министрлігі Наурыз мейрамын тойлаудың тұжырымдамасын жариялады, деп хабарлайды Zhalagash-zharshysy.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаевтың айтуынша, биылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланады. Бұдан былай жыл сайын 14 – 23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі өткізіледі.

«Тарихи тұрғыдан алғанда, жаңа жылды тойлау 8-9 күнге жалғасып, оны «Наурызнама» деп атаған. Әрине, бұл туралы деректер ұлы философ-жазушыларымыз – Махмұд Қашғаридің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде жазылған», – деді Барлыбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Наурызнаманың бағдарламасы:

14 наурыз күні – Көрісу күні-Амал мерекесі тойланады. Бұл дәстүр негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған. Бүгінгі күні аталған мерекені барлық аймақтарда тойлау ұсынылды.

15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн ел бойынша қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады.

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Ол күні қазақтың мәдениеті, өнері мен ұлттық құндылықтары кеңінен насихатталады.

17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар өтеді.

18 наурыз – Ұлттық киім күні. Қазақтың ұлттық киімдерін насихаттауға арналған түрлі іс-шараларды өткізу ұсынылып отыр.

19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.

20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.

21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау болып табылады.

22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.

Ал Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды қарсы алудың символы ретінде 23 наурыз – Тазару күні деп жарияланды. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.

«14-23 наурыз аралығында «Наурыз-базарлық» маусымы жарияланады. Бұл күндері сауда орындарында жаппай сатылымдар өткізу, жеңілдіктер жасау жоспарланып отыр», – деп атап көрсетті Барлыбаев.

Бүгінде Наурыздың бірегей логотипі де бекітіліп, барлық аймаққа жіберілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: