Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-7°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 08:47

Несібесін кәсіптен тапқан

28.11.2023

363

0

– Апай, маған картоп қосылған бәліштен екеу, өкпе-бауыр қосылған бәліштен үшеу беріңізші.
– Қазір дайын болады, күте тұрыңыз.
Бұл – таң сәріден аудан орталығында орналасқан шағын асхана желісінде сатушы мен тұтынушы арасындағы диалог. Қазір әлемді әлдиімен тербетіп жүрген аналардың көбісі екі тізгінді тең ұстауға машықтанып, үйдің де, түздің де шаруасын дөңгелентіп жүр. Сондай еңбекқор, белсенді жандардың бірі – кәсіпкер Айсұлу Қосбалаева. Ол әзірлеген өнімдерден дәм татқан жан әлгі асхананың бәлішін іздеп, қайта айналып соғары анық.

Қазіргі таңда елімізде кәсіпкерлікке бет бұрғандардың қатары қалың. Әсіресе ауылдық жерде тұрып, нау­байхана, шаштараз, тігін шебер­ханасы, сұлулық салоны, тәтті тағам­дар пісіретін шағын асханалар желісін ашып, несібесін кәсіптен тапқандар жетерлік. Солардың бірі – кент тұрғыны Айсұлу Мылтықбайқызы. 25 жылдан бері өз кәсібін дөңгелентіп отырған кейіпкеріміз бүгінде жергілікті тұрғындар мен ауылдардан келетін халықты өз өнімімен қамтамасыз етуде. Үйдің күйбең тіршілігімен қатар жанына жақын сүйікті ісімен айна­лысудан шаршамайтын кейіп­керіміздің бәліштеріне күн санап сұра­ныс артуда.
– Ең алғаш бұл кәсіпті туған қайын апаммен қолға алдым. Екеуміз бірлесіп, 3 жыл жұмыс жасап, кейін жеңгем Ләззат Жұбанова екеуміз 22 жылдан бері бірге осы кәсібімізді дөңгелентудеміз. Сатылатын бәліштеріміз балғын әрі дәмді болуы үшін таңмен таласып, ерте дайындаймыз. Кішкентайымнан асхана жұмысына жақын болдым. Күн сайын ерекше әртүрлі тағам әзірлеуге құмар едім. Қазір кәсіп ашамын деген адамға табыс табудың түрі көп. Бастысы, ниет керек. Кейде бос уақытымда дастарханның сәнін келтіретін тәтті­лерге де тапсырыс қабылдаймын. Кәсібімізді ең алғаш қолға алған кезде «Пісірген бәліштеріміз өтпей қалады ма?» деген үлкен қорқыныш болатын. Ал қазір күнделікті пісірген бәліштерім өтпей қалатын болды-ау деп мүлде қорықпаймын. Себебі тұрақты тұты­нушыларым бар. Ыстық әрі дәмді бәліштерімнен дәм татқан адам бұл жерге міндетті түрде қайта айналып келеді, – дейді кейіпкеріміз.
Иә, кейіпкеріміздің сенімді түрде тұтынушыларының қайта келетінін айтуының да өз жөні бар. Себебі сапалы өнім ұсынып, еңбекқорлығының арқасында көпке үлгі болып отырған бұл жанның жұмысына тұтынушылар да дән риза.
– Мұнда таңертең пісірілген бәліштер түске дейін сатылып кетеді. Сондықтан ертерек келіп тапсырыс береміз. Тұтынушылардың көптігінен кезек те көп болып жатады. Десе де басқа жерден ала салуға бармай, бір орында тапжылмай күтіп отыратындар қатарынанмын. Себебі бұл жердің бәлішін отбасымызбен сүйіп жейміз, – дейді кент тұрғыны Ақбота Смайлова.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық даналығы текке айтылмаса керек. Бүгінде бастаған ісінің қисынын келтіріп, адал асын маңдай терімен тауып жүрген жандар көп. Айтуға оңай болғанымен кәсіп ашып, оны дөңгелентіп әкету екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Қазақта «қимылдаған қыр асады» деген бар емес пе?! Қазіргі таңда екі қолға бір күрек таба алмай, жалқау атанып жүргендер жоқ емес. Жолында кездескен кедергілер мен қиындықтарға мойымай, еңбек пен ептіліктің арқасында сүйікті ісін кәсібіне айналдырып отырған Айсұлу Мылтықбайқызының ісі көпке үлгі.
Бүгінде мемлекет қолдауының арқасында кәсіп ашып жатқандар жетерлік. Ал кейіпкеріміз ешқандай мұндай қолдаусыз өз ісін алға сүйреп, шағын дүңгіршекті жалға алып, кәсібін жүргізуде.
– Адам сүйікті ісімен айналысқанда ғана үлкен жетістікке қол жеткізеді. Өнім сапалы әрі тұтынушы көңілінен шығатындай болуы үшін, кәсібіңді жақсы көрумен қатар шыдамды болу керек. Қазіргі таңда менімен бірге 2 адам тұрақты жұмыс жасап, күніге 200-ге жуық бәліш пісіреді. Мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау арқылы көмек көрсетілсе, кәсібімнің көкжиегін кеңейту ойда бар, – дейді ол.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: