Жұртын жырға бөлеген ақын Мәлік Аяповтың шығармашылығымен жалағаштықтар жақсы таныс. Ол турашылдықты ту етті, ақиқаттан айнымады. Қай істе де табандылық танытып, саналы ғұмырымен өскелең ұрпаққа үлгі болды. Өткен аптада жалағаштықтар ардақты азамат, қарымды қаламгер Мәлік Аяповтың 80 жылдығына орай ақынның шығармашылығына терең бойлап, есімін қайта жаңғыртты.
«Поэзия пырағы» атты еске алу шарасына аудан басшылығы бастаған бірқатар ел азаматтары, зиялы қауым өкілдері, жергілікті ақын-жазушылар және аудан тұрғындары қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов руханият өкілінің өмір жолына тоқталып саналы ғұмырын жастарға үлгі етті.
– Мәлік Аяпов өзінің замандас тұстастары сияқты соғыстан кейінгі елдегі қиыншылықтарды көріп өсті, ерте есейді. 1944 жылы Жалағаш ауданының қазіргі Мырзабай Ахун ауылында дүниеге келген ақын ағамыз ауылдағы жетіжылдық мектепті бітіргеннен кейін Қазалыдағы ауыл шаруашылығы техникумын бітірді. Ауыл шаруашылығы саласының маманы болғанмен ақын жүрегі табиғатпен біте қайнасып, әлдебір өзіне беймәлім ғажайып күш алыс қиырларға шақырып тұрғандай болатын. Ақыры 1970 жылдары арман қуып ару қала Алматыға аттанды. Мәлік ақын сол кезде екінің бірінің қолы жете бермейтін астанадағы үлкен білім шаңырағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп шықты. Сөйтіп 1965 жылдан өмірінің соңына дейін аудандық «Жаңадария», қазіргі «Жалағаш жаршысы» газетінде корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, аудандық баспахананың директоры, редактордың орынбасары, бас редактор болып жемісті еңбек етті, – деген Ғани Сүлейменов өңір мәдениеті мен әдебиетінде, жалпы қазақ поэзиясында Мәлік ақынның өзіндік орны барын жеткізді.
Айта кетейік, КСРО Журналистер одағының мүшесі, елімізге белгілі ақын, бірнеше жыр жинақтарының авторы Мәлік Аяпов өзінің кең тынысты, сыршыл жырларымен халықтың жүрегінде қалған тұлға десек те болады. Өткен ғасырда ғұмыр кешкен арқалы ақындар Төлеубай Үркімбаев, Әбдікәрім Оңалбаев, қазақтың шежіресін өлеңмен жазған Шоңбай Жұбанұлы, Орынбай жыраудың ізі де – ақын Мәлік Аяпов. Қарымды қаламгер ауданның ата басылымы «Жалағаш жаршысы» газетінде де табанды еңбек етті, өзінен кейінгі шығармашыл жастарға үлгі болды.
Мұнан әрі аудан өнерпаздары ақынын еске алған Жалағаш жұртына Мәлік Аяповтың өнегелі өмір жолынан сыр шертетін бейнекөрсетілім мен ақын сөзіне жазылған әндерді тарту етті. Жиында зиялы қауым өкілдері ақынның саналы ғұмырына кеңінен тоқталып, есімін ұлықтауға қатысты бірқатар ұсыныс та ортаға салды.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!