Аудандық басылымның тарихы тереңде. Ғасырға жуық тарихы бар басылым халықтың қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге жүйелі жұмыс жасап келеді. Қашанда билік пен халық арасында алтын көпір бола білген, жаңалық жаршыларының қаламынан туған тың дүниелер, өңірдегі жарқын жобалардан жұртты хабардар етудегі елеулі еңбектері ескерусіз қалмақ емес. 90 жылға жуық тарихы бар «Жалағаш жаршысы» газеті жаңалықтың жаршысы болып, бүгінде өңірдің төл басылымына айналды. Мереке аясында төртінші билік өкілдері аудан әкімі Асқарбек Есжановтың қабылдауында болып, лайықты құрметке ие болды.
Бүгінде газет қаламгерлері – аймақта атқарылып жатқан толымды істерді өз мақаласына арқау етіп қана қоймай, елдің мұң-мұқтажын да қағаз бетіне түсіріп, билікке жеткізіп жүрген алтын көпір. Сүбелі де сүйекті мақалалары арқылы, сөз маржанын терген өлең жолдарымен де бардың бағын асырып, жоқтың жоғын жоқтай білетін ерекше маман иелерінің руханият әлеміндегі орны бөлек. Қалам иелеріне жүктелер жүк ауыр. Ол жүктің ауыр болары хақ та. Өйткені төртінші билік өкілдері қашанда елмен бірге, халықтың жетістігін де, кем-кетігін де, жалпы елдегі барлық мәселені көтеріп, тиісті деңгейде, қажетті орынға жеткізе алатын да осы қызметте жүргендер екені мәлім. Сол үшін Журналистер «билік пен халық арасындағы алтын көпірге» теңеледі.
Мереке қарсаңында аудан әкімдігінде бас қосқан жергілікті ақын-жазушылар, сала ардагерлері мен бүгінгі «Жалағаш жаршысы» газетінің ұжымы аудан басшылығының ыстық ықыласын сезінді. Қаламгерлер қауымы бұл кездесуде емін-еркін елдің жайын, руханият әлемінің озығын да, тозығын да ортаға салды. Ақпарат майданында иықтаса қатар жүрген сала қызметкерлерін, осы саланың өркендеп дамуына өзіндік үлесін қосып, ғұмырын сарп еткен ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтаған аудан әкімі Асқарбек Есжанов «Жалағаш жаршысы» газетінің қашаннан ешкімге ұқсамайтын өз жолы бар екенін жеткізді.
– Сыр өңірі, оның ішінде Жалағаш ауданы – қаймағы бұзылмаған тіл мен рухтың, қазақылықтың қайнаған ортасы. Қазіргі таңда ауданның медиа кеңістігінде аудандық «Жалағаш жаршысы» газеті жұмыс жасап келеді.
Аудандық газет қай уақытта да елдi бiрлiкке шақырып, қиын шақтарда елдiң патриоттық рухын көтерiп, халық шаруашылығын дамытуға, еңбек қаһармандарын халық арасында насихаттауға қызмет етіп, елдің көкейіндегісін айтатын, еңбеккерлердің ерен еңбегін жариялаған басылым бола білді. Қазіргі таңда «Жалағаш жаршысы» газеті – аудан халқының басты газеті, барлық тіршілікті хабарлап отыратын айнасы. Аудандық газетте қарымды қаламгерлер қалыптастырған дәстүрді қазіргі таңда кейінгі толқын журналистер лайықты жалғастырып келеді. Аудандық басылым бетінде елдің мұң-мұқтажы, ойы мен пікірі, талабы мен тілегі, қоғам дамуының тынысы айқын көрініс тауып, мемлекет мүддесі, ұлт мұраты мен ұрпақ болашағының маңызды бағыттары жайлы мақалалардың көкжиегі кеңейіп, деңгейі көтерілуде.
Сіздердің салмақты сөздеріңіз бен салиқалы пікірлеріңіздің арқасында халық билікке өз сөзін жеткізіп отыр. Сіздердің тынымсыз кәсіптеріңізге деген адалдықтарыңыз үшін алғысымды білдіремін, – деді Асқарбек Есжанов.
Мерекелік қабылдауда сала ардагерлері тарих еншісіндегі естеліктерден сыр шертіп, кәсіби мерекенің маңызы мен мазмұнын ашты. Ауданның төл басылымында қызмет еткен ардагерлер кезінде заманның әлі дами қоймаған уақытында қазіргідей ғылыми технологиялардың жоқтығы былай тұрсын, тіпті газет қызметкерлері айлап айлық, жалақысыз да еңбек еткенін жасырмады. Баспахана жұмысының қиындығына қарамастан барлығын еңсеріп шыққан сол кездегі қызметкерлердің еңбегі кейінгіге үлгі. Сонымен қатар мерекелік жиында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, кезінде «Жалағаш жаршысы» газетіне басшылық еткен, аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Кенжеғара Сүлейменов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Рысбай Кәрімов «Жалағаш жаршысы» газеті аймақта өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқын, аудан жұрты сүйсіне оқитын, тамыры тереңнен бастау алатын беделді басылымдардың бірі екенін атап өтті.
Расында ақпарат айдынында ғасырға жуық абырой биігінен түспей, кеңінен қанат жайып келе жатқан аудандық газеттің өресі биік. Бүгінгі таңда алдыңғы буынның салып кеткен сара жолын жалғайтын, оқырманның талабына сай жағымды әрі шынайы ақпараттардың, тың туындылардың жариялануына күш салып жүрген ұжымдағы әрбір қызметкердің еңбегі елеулі. Қаламгерлер қауымы да аудандағы жылт еткен жаңалықты, жарқын жобаларды мақаласына арқау етіп, жалағаштықтардың құнды дүниелерге қанық болуы үшін қызмет етуде.
Мұнан бөлек аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы ұлт болып ұйысуға, мемлекет болып ілгерілеуге бағытталған елдік шаруаға қосып жатқан үлесі үшін шын жүректен алғыс айтып, сала ардагерлері мен газет қызметкерлеріне арнайы алғыс хат пен гүл шоқтарын және сый-сияпатын табыстады. Сондай-ақ «Жалағаш жаршысы» газетінің ұжымына арнайы қаржылай сертификат берілді.
Айта кетейік, мереке қарсаңында «Жалағаш жаршысы» газетінің ұжымын «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева да қабылдап, құрмет көрсетті. Бұқаралық ақпарат құралдары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының, бүкіл тыныс-тіршілігінің шынайы жанашыры, жалынды жаршысы екенін жеткізген Қ.Шоңмұрынқызы бірқатар қызметкерге алғыс хат пен гүл шоғын табыстады.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!