Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-7°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 08:38

Қарты бар ел қазыналы

28.10.2023

372

0

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов ардагерлермен кездесті. Кездесуде Ардақ Әбдіғаппарұлы Жалағаш топырағында талай пернелі перзенттердің кіндігі кесілгенін айтып, бұл өлке мықты азаматтардан, талантты дарындардан кенде емесін жеткізді. Сондай-ақ 2023 жыл бүкіл түркі әлемінде Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланғанын айтып, дара тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың Жалағаш өңірінен шыққаны аудан туралы көп нәрсені аңғартып тұрғанын тілге тиек етті.

– 1973 жылдың өзінде «Социалистік Еңбек ері» атағы Жа­лағаш ауданының азаматы Ұзақ Еспановқа берілген. Оны осы уақытқа дейін халық мақтанышпен айтып келеді. Бүгінде біздің ауданнан екінші Еңбек Ері шықты. Ұзақ Еспановтан кейінгі «Қазақстанның Еңбек ері» атағы жерлесіміз Имам­зада Қуанышбайұлына бұйырды. Ақорда төрінде Рес­публика күніне арналған салтанатты шарада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысы және Жалағаш ауданының құрметті азаматы, «Таң ЛТД» серіктестігінің директоры Имамзада Қуанышбайұлына өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беріп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін табыстады. Сондай-ақ жерлестеріміз, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Алдабергенұлы және Қызылорда облысының және Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Қожахмет Мәдібайұлы «Парасат» орденімен марапатталды. Күні кеше Қызылорда қаласында өткен салтанатты шарада Садық Әлиұлы мен Кенжеғара Сүлейменов ағаларымыз «Құрмет» орденімен, облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Темірбекұлы және «Таң ЛТД» серік­тес­тігінің сушысы Үрмет Қазихан Шәдмаханұлы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұл Сыр өңірі, оның ішінде Жалағаш ауданының халқы үшін зор мақтаныш деп есептеймін, – деді Ардақ Ибраимов.
Кездесуде Ардақ Әбдіғаппарұлы туған жерге үлгілі қызмет жасаған Исатай Әбдікәрімов, Қонысбек Қазантаев, Сейілбек Шаухаманов, Сәмит Далдабаев, Қожахмет Баймаханов және басқа да еңбек дарабоздары басқарған ауданға басшылық жасау үлкен мәртебе, үлкен жауапкершілік пен міндеттерді жүктейтінін жеткізді. Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Алиев елдің дамуы үшін еңбек ететін басшыға халық үнемі тілекші болатынын айтты. Мұрағат саласының ардагері Төлеген Аштанбаева бір бақыты мен бағына барша қазақ елі қолдау көрсетіп, татулық пен бірлікте биік белестерді бағындыруға шақырды. Өз кезегінде бірқатар ардагер ұсыныс-пікірлерін айтып, Ардақ Ибраимовтың жұмысына сәттілік тіледі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: