Елімізде көптен күткен заң қабылданып, лудомонияның тамырына балта шабылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесі мен лоторея қызметіне қатысты заңға қол қойды. Себебі соңғы жылдары елімізде құмар ойынға құнығып, тәуелділік белең алған болатын. Тіпті, лудомондардың ойын жетегінен шыға алмай жүргені салдарынан талай отбасының шаңырағы шайқалды. Сонымен дәуір дертіне айналған бұл мәселе енді заң жүзінде қалай реттелмек?
Қазіргі уақыттағы әлемдік дертке айналған құмар ойынға құмарту оңай, ал одан емделіп шығу әсте қиын. Адал еңбекпен тапқан нәпақасына бәс тігіп, кеселдің кесірінен көп отандасымыз өз болашағына балта шапты. Тіпті дертке шалдыққандардың 40 пайызы өз-өзіне қол жұмсайды екен.
Ашық деректерге сүйенсек, қазір елімізде 350 мыңға жуық лудомон бар. Бұл – тек тіркелгендері, ал тізімге ілікпей бір рет ойнап көрейін деп от басқан жандардың саны қанша? Бұдан бөлек ажырасқан отбасылардың 40 пайызына лудомания себеп болған, суицидтің 20 пайызы да лудомания үшін орын алады деген деректер бар. Мәселен, 2022 жылы жалпы 3 676 суицид жасалса, оның әрбір 5 жағдайы құмар ойынға тәуел-діліктен орын алған. Тіпті лудомондар арасында қылмысқа баратындары да жетіп жатыр, 157 мың құқық бұзушылықтың 20 пайызы немесе 31 мыңы құмар ойынға байланысты жасалған. Сонымен қатар құмар ойын ойнайтындардың орташа қарызы 10 млн теңгені құрайды деген бейресми ақпарат та бар.
Психологтар жүргізген зерттеуге көз жүгіртсек, 17-38 жас аралығындағы азаматтар құмар ойынға жиі әуестенеді. Алаңдатарлығы елімізде де кәмелеттік жасқа толмағандар арасында құмар ойынға құмартушылардың қарасы артқан. Қазіргі уақытта 700 мыңнан астам немесе мектеп жасындағы балалардың жалпы санының 20 пайызы бәс тігіп үлгерген. Бүгінде ойын кеңселерін жастар көп шоғырланған оқу орын-дарының жанынан, жатақхана маңайынан жиі кездестіресіз. Дәл осы жастағы азаматтар елдің өсіп-өркендеуіне қосатын үлесі жоғары екенін ескерсек, бұл қоғам үшін қауіпті үдеріс екені анық.
Лудомония елімізде түйткілі тарқалмаған мәселелердің бірі және оны шешу үшін заң қабылдау туралы ұсыныс қоғамда бұрыннан талқыланып келе жатыр. Атырауда өткен Құрылтай отырысында мемлекет басшысы да «Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады» деген еді.
Сонымен, көптен талқыланып келе жатқан заңға Президент қол қойып мақұлдады. Енді сол заңға енген өзгерістердің негізгісіне тоқталсақ. Заң негізінде құмар ойындарын ойнауға рұқсат берілген адамдардың санын азайтуды көздейтін жүйелі іс-шаралардың біртұтас кешені қарастырылған. Сонымен қатар заңға сәйкес, банктерге берешегі бар борышкерлердің бәс тігуіне тыйым салынады. Бұл шамамен 3,5 млн адамды құрайды. Одан бөлек енді мемлекеттік және әскери қызметшілер, құқық қызметкерлері және бюджеттік ұйымның басшылары да құмар ойын ойнаудан шектетілді.
Сондай-ақ заң букмекерлік кеңселердің жарнамаларына шектеу қойды. Енді олардың қызметін көлік құралдарына, БАҚ-та, кино, видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынды.
Қуантарлығы, лудоманиямен күрес тек заң қабылдаумен шектелмеді. 2026 жылға дейін жылдар бойы құмар ойынның құрығында жүргендердің санын екі есеге қысқарту үшін Қазақстан билігі лудомондарға мемлекет есебінен тегін емдеу мен медициналық-әлеуметтік оңалту ұсынуды жоспарлауда. Бұл мақсаттарға қазірдің өзінде бюджеттен 80 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Сондай-ақ ел билігі лудоманиямен күрес аясында төрт бағыт бойынша 42 іс-шара ұйымдастыруды жоспарлауда.
Айта кетейік, енді қазақстандықтар eGov mobile қосымшасы арқылы құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуларын ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады. Ол бойынша барлық заңды ойын мекемелері мен букмекерлік кеңселердің сайттарына 6 айдан 12 айға дейін кіруге тыйым салуға болады.
Айтып-айтпай не керек, барлық мәселені мемлекетке жүктемей, әр азамат өз іс-әрекетіне әділ баға беріп, өзінің жат қылықтарын тізгіндей біліп, бойындағы жаман-жақсы әдеттері үшін жауап бере алса, бізді бұл дерт те алыстан айналып өтері анық. Ал жаңадан қабылданған бұл заң алдағы уақытта еліміздегі құмар ойынға құныққандарға қалай әсер ететінін алдағы уақытта көре жатармыз…
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!