Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Жұма, 24 мамыр, 00:36

Құрылыс алаңдарындағы жұмыс қадағалаудан тыс қалмайды

12.05.2024

674

0

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жиында Жалағаш ауданы, «Таң» ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы, «Қорқыт Ата» әуежайының аумағын абаттандыру мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, жиында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы білім ошақтарының, физика-математика мектеп-интернатының, теннис корты мен Оқушылар сарайының құрылыс барысындағы мәселелер қаралды. Аймақ басшысы құрылыстардың барлығына қойылатын басты талап – сапа мен мерзім екенін атап айтып, осы талапты бұлжытпай орындауды тапсырды.

«Бұған дейін жұмыс сапарымен «Таң» ауылына барғанда жүзеге асырылуы керек жобаларға қатысты тапсырмалар бердім. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінен елді мекенге кіреберіске дейін ағаш отырғызу қажет. «Таң – Жаңақоныс», «Таң – Самұрат» автомобиль жолдары мен «Бозарық» каналының көпірін қайта жаңғыртуды пысықтаңыздар. Ауылда жарықтандырылуы тиіс көшелер бар. Жұмысты тиянақты орындап, нысандарды мерзімінде пайдалануға беру керек. Елді мекендегі балабақша, дәрігерлік амбулатория және спорт кешені ғимараттарын арнайы эскиздік жобаға сәйкестендіруді бастау қажет. Құрылыстың сапасы аса маңызды. Қажет болса, жұмысты күнделікті бақылайтын арнайы адам бекітіңіздер.

«Қорқыт Ата» әуежайының аумағын абаттандыруды уақытылы әрі сапалы жүргізу керек. Инфрақұрылымды дамытуға, абаттандыруға, яғни жылу, су, электр, телефон және кәріз, желілерін, автожол жүргізуге жергілікті бюджеттен 4 млрд 300 млн теңге қаржы бөлінді. Ғимараттың айналасындағы жол құрылысын бақылауға алыңыздар», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Айта кетейік, «Таң LTD» ЖШС Жалағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, бірқатар маңызды бастаманы іске асыруда. Алда ауыл тұрғындарына арналған екі пәтерлік 10 тұрғын үй салынады. Сондай-ақ, кәсіпорын 3 өндірістік базаны іске қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлауда. Қазір шаруа қожалығының иелігінде күріш ақтау зауыты мен ет өңдеу цехы бар. Күріш ақтау зауыты 5 жыл бұрын іске қосылған, тәулігіне 100 тонна өнім өңдеуге қауқарлы, мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал 2019 жылы ауылдық округке қарасты «Жаңақоныс» елді мекенінде «Агролидер Таң» ЖШС-ның ет өңдеу цехы ашылған. Кәсіпорын тәулігіне 0,5 тонна ет өндіріп, 15 түрлі (түшпара, манты, қазы, әсіп, бір асым ет және т.б.) өнім шығаруда. Мұнда 8 адам жұмыс істейді.

Серіктестіктің демеушілігімен ауылда балалар ойын алаңы мен кіші футбол алаңы салынып, жарықшамдар орнатылды. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың құрметіне «Тағзым алаңы» салынып, қазір жаңа спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Өткен жылы бір ғасыр бұрын салынған «Әбжәли» мешітінің ғимараты жөнделді.

«Болат Өтемұратов қорының» қолдауымен салынған халықаралық талаптарға сай келетін әуежайдың жаңа терминалында ішкі және халықаралық рейстерге, транзиттік жолаушыларға арналған залдар, CIP-зал, жүкті автоматты түрде беру жүйесі, «Duty Free» аймағы, сауда нүктелері, медпункт, кафе, ғибадат ету, жүк сақтау, ана мен бала бөлмелері бар. Екі қабатты ғимарат сағатына 250 адамға, төлқұжат бақылайтын 10 кабина қызмет етеді. Нысан таяуда ел игілігіне табысталмақ. Жобаға аталған қордан 16 млрд теңге бөлінген.

Әуежай аумағын абаттандыруға, яғни жаңбыр суын тазарту, сыртқы кәріз бен жарықтандыру желілерінің құрылысына 1 354 968 млн теңге бөлінді. Жан-жағына гранит жабыны, асфальт, кеспе тас және қиыршық тас төселеді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын «Сәт-Сервис» ЖШС жүргізуде.

Ал іргелес аумақты абаттандыруға 634 050 млн теңге бөлініп, 4 жолақты, ұзындығы 480 метр, әр жолақтың ені 3,5 метр болатын жол салынады. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын «Иман» ЖШС жүргізеді.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: