Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

18°C

, Дүйсенбі, 13 қазан, 11:55

Шалғай ауылдағы орта мектеп

11.10.2025

7

0

Әріптестеріммен елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы білім ошақтарының бүгінгі жай-күйінен хабардар болу үшін сапарымыз Жаңадария ауылында жалғасты. Шалғай ауылдағы алтын ұя ұстаздары шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда қажырлы еңбек етуде. Олар оқушыларды білім мен тәрбие арқылы тұлға етіп қалыптастыруда жауапкершілікті бірінші орынға қойған.

Алғашында бастауыш сыныптық, одан кейін сегіз жылдық негізгі білім беріп, 1970 жылдан бастап орта білім беретін білім ошағы әр жыл сайын жаңа белеске қол жеткізуде. Беріректе мектеп жанынан 20 балаға арналған «Береке» шағын орталығы ашылған. Мұнда қазір 3 пен 5 жас аралығындағы балалар тәр­биеленуде.
Жалпы аталған мектеп жаңа оқу жы­лын 91 оқушымен бастаған. Мектеп ди­ректоры Мейрамбек Жамановтың ай­­­­­туынша, 95 оқушының 6-ауы алғаш мек­­­теп табалдырығын аттаса, 6 оқушы келер жылы мектеп бітіреді. Ал был­тыр­ғы оқу жылында 4 оқушы түлеп, ұлттық бірың­ғай тестілеуге тү­гел қатысқан. Нә­тижесінде 2 оқу­шы білім грантын жеңіп алса, 2-еуі ақы­лы негізде жоғары оқу орнына құжат тап­сырған. Сондай-ақ «Алтын белгі» иегері атанған Ұлпан Амандық ұлттық бірыңғай тестілеуде 130 балл жинап, аядай ғана ауылдың емес, тұтас аудан абыройын асқақтатқан.
Аталған білім ошағында биыл ғылыми жоба, олимпиадаларда жүлдегер атан­ған­дардың үлесі артқан, яғни ауылдағы алтын ұяның білімді жастары бірнеше рет жеңіс тұғырынан көрініп, ұстаз­дар­дың еңбегін еселей түсті.
Сөзімізді жаңа оқу жылы баста­лы­сымен «Ұлы өнертапқыштыққа ал­ғаш­қы қадам» атты республикалық бай­қаудың облыстық кезеңінен ІІ орын иеленген 9 сынып оқушысы Нұржан Қар­таңбайдың жеңісі қуаттай түспек. Ол бұл сайыста «Ав­токөліктің қолданыстығы мо­дель­де­рін әзірлеу» бағыты бойынша қа­тысқан.
Айта кетейік, мұнда балалар бір ауы­сыммен білім алады. Мектеп ұжымы оқу­шылардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында оларды спортқа, өнер­ге, шығармашылыққа баулу мақса­тын­да түр­лі үйірмелерге тарта отырып, жү­йелі жұмыс істейді. Мұндағы жастар спорт­­қа бейім. Сондықтан мектепте ашыл­­ған үйірмелердің басым көпшілігі спорт­­қа бағытталған. Үйірмелердің ауыз толты­рып ай­тарлықтай жетістіктері де жоқ емес. Мектеп оқушыларының 80 пайы­зы са­бақтан тыс уақытын аталған үйірме­лер­ге арнайды.
Бүгінде мектепте 32 педагог жұмыс істейді. Оның ішінде 3 педагог-зерттеуші, 12 педагог-сарапшы, 10 педагог-моде­ратор бар. Мектеп директорының ай­туын­ша, мұнда жастардың салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған бір­қа­­­тар шара қолға алынған, яғни 2018 жы­лы мектеп жанынан дзюдо үйір­месі ашы­лып, жұмыс істеуде. Спорт ма­ман­дарының ұйымдастыруымен мек­теп қа­­бырғасында тұрақты түрде спорт­тық ойын түрлерінен жарыстар өткізіп тұ­рады. Ауыл жастарын аудандық са­йыс­тарға қатыстыру, оларды ынта­лан­дыру, жаттықтыру жұ­мыс­тары күн­делікті мек­тептің спорт за­лында жүр­гізі­леді. Осы дзюдо күресіне қаты­сушы ба­­лалар бү­­гінде республика, об­лыс, ау­дан көле­мін­­­дегі туринирлерге қа­ты­сып, жүл­делі орын­­­ иеленуде.
Ауылдағы білім ошағы барлық қажетті құрал-жабдықтар­­мен қам­тамасыз етіл­ген, яғни оқушыларға жоғарыда атал­ған пәндерді заманауи үлгідегі құрал-жаб­дықтар арқылы тереңірек оқып-білуге мүм­кіндік қарас­тырылған. Мұнда робо­то­техника са­ла­сы да қарқынды дамыған. ІТ сала­сына қызығушылық танытып, осы ба­ғытта білім алуға талап қылған оқу­шы­лар қатары артқан.
– Иә, біз – аудан орталығынан шал­ғай орналасқан елді мекенбіз. Әріп­тестерім бүгінде білім саласында үз­дік­сіз қызмет етіп, ұстаздық жолда қан­шама шә­кіртті шыңдап, оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, қоғамға пайдалы тұлға қа­лыптастырып келеді. Әрине, шәкірт­тер­дің үздік болуы ұлағатты ұстаздардың бі­ліктілігіне байланысты. Олар жыл са­йын білім деңгейін арттырып, түрлі курс­тардан өтеді. Ұстаздардан білім алған тү­лектер оларға деген алғысын мектепке қамқорлық жасау арқылы білдіруде. Мәселен, физика пәнінің мұғалімі болған ардагер ұстаз Қасым Өтегеновтің бала­лары мектептегі физика кабинетін за­манауи жабдықтармен қамтамасыз етті. Біздің ұжым үшін ең маңыздысы – ауыл балаларына сапалы білім беру. Биыл мектептен 6 түлекті үлкен өмірге қанат қақтырамыз. Олар 100 пайыз ҰБТ-ға қа­­тысады. Түлектер қазіргі таңда күндіз-түні дайындық үстінде. Нәтиже жа­ман емес. Оқушыларымыз ай сайын Қы­зы­лорда қаласындағы «U-Study» тес­­ті­леу орталығына барып, тест тапсы­рады. Ал­ғашқы тест сынақтарынан оқу­шы­лар орташа балл жинады. Діттеген мақ­сатымызға жету үшін дайындықты үз­діксіз жүргізе береміз, – дейді мектеп директоры.
Мұнда оқушыларды сапалы ыстық та­мақпен қамтамасыз ету де бір ізге түскен. Міндетті оқу қоры есебінен 57 бала ыстық тамақпен қамтылса, оның 41-і – бастауыш сынып оқушысы, ал қал­ғаны көпбабалы отбасылардан шыққан.
Айта кету керек, ауылдағы алтын ұяда жыл сайын «Мектепке жол» акциясы ая­сында қайырымдылық шарасын өткізу дәс­түрге айналған. Игілікті іске демеу­ші­­лік білдіріп, көмек қолын созатындар қа­тарында «Айбатыр» мен «Мәулен» жеке шаруақожалықтары бар.
Аядай ғана ауылдағы алтын ұяның бүгінгі тынысы осы. Оқушыларының бі­лім­­ге, спортқа, жаңашылдыққа жаны құ­­мар. Олардың арманы асқақ, алға қой­­ған мақсаты айқын. Ал ұстаздары жас­­тарға сапалы білім беріп қана қой­май, олардың талантын ұштап, бәсе­кеге қа­­­білетті ұрпақ тәрбиелеуде қажырлы ең­бек ете береді.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: