Еліміздің тілсіз жаумен күресіп жатқанына айдан асты. Халықтың бүгінгі бар ойы мен уайымы – су басқан аймақтардағы бауырларының хал-ахуалы, солардың тілеуін тілеу. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда 54 755 адам өз үйіне оралған. Ал 5 291 адам, оның ішінде 2 239 бала эвакуациялау пункттерін паналап отыр. Қалпына келтіру жұмыстары бойынша 11 134 тұрғын үй мен 3 441 аула аумағынан су бұрылып, сорылған. Сонымен қатар 18,8 млн текше метрден астам еріген қар суы шығарылған. Тілсіз жаудың алдын алу мақсатында 7,7 млн қапшық және 1,5 млн-нан астам тонна инертті материал төселген.
Су деңгейі 539 см-ға жеткен
Жасыратыны жоқ, кей өңірлерде жағдай әлі де күрделі. Нақтырақ айтсақ, Атырау облысында Жайықтағы су деңгейі бірнеше күн бойы қатарынан көтеріліп жатыр. Апатпен күреске жергілікті тұрғындар, еріктілер және әртүрлі кәсіпорын қызметкерлері белсенді атсалысып жатыр. Барлық қауіпті учаскелерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, қорғаныс бөгеттері тұрғызыла бастады. Мәселен, 12 мамырда Атырау қаласындағы су деңгейі 1 см-ға көтеріліп, 539 см-ға жеткен, шектік белгі – 550 см. Алайда Атырауда су тасқынының шарықтау шегі шамамен 4-5 күннен кейін болады деп болжануда.
Осы орайда вице-премьер Қанат Бозымбаев Атырау облысы Индер ауданының Индербор, Жасуат, Құрылыс ауылдарында, сондай-ақ Махамбет ауданына қарасты Махамбет, Сарайшық, Талдыкөл ауылдарында жағалауды нығайту жұмыстарын тексерді. Жайық-Индербор және Жайық-Махамбет гидробекетінде су деңгейі қауіпті межеден асқан.
Индер ауданында жер бөгеттерінің жалпы ұзындығы 30 шақырымды құрайды, олар Жасуат, Индербор, Құрылыс, Көктоғай, Өрлік, Есбол, Елтай елді мекендерінде салынған. Аталған жұмыстарға 40-тан астам арнайы техника, 300-ге жуық әскери қызметші және 100-ге жуық ТЖ қызметкері, оның ішінде Қызылорда облысы ТЖД қызметкерлері жұмылдырылған.
Махамбет ауданында Жайық өзені бойында 17 елді мекен орналасқан. Оларды қорғау үшін бүгінде 80 шақырым жағалауды нығайтатын бөгеттер салынған. Ауданда бөгеттердің жалпы ұзындығы 105,8 шақырымды құрайды. Тасқынға қарсы шараларға 130 арнайы техника, 650 әскери қызметші, 200-ден астам ТЖ қызметкері, 300-ге жуық ерікті, жергілікті тұрғын тартылған.
Төрт мыңнан аса отбасыға көмек берілген
Ал солтүстіктегі ағайын бүгінде тілсіз жаудың бетін қайтарып, зардап шеккендерге жан-жақты әлеуметтік қолдау жұмыстарын белсенді жүргізуде. Нақтырақ айтсақ, әлеуметтік қолдау аясында 4097 отбасы 1,5 млрд теңге біржолғы көмек алған. Сондай-ақ Қостанай облысында зақымданған үйлердің 95 пайызы тексеріліп, олардың 796-сы жөндеуді қажет ететіні және 473-ін қалпына келтіру мүмкін емес екені белгілі болған. Алгоритмге сәйкес, қалпына келтіруге жатпайтын үйлер бойынша жылжымайтын мүлікке келтірілген залалды өтеу баспана сатып алу немесе көппәтерлі және жеке тұрғын үйлер салу арқылы жүзеге асырылады.
Бүгінде Үкімет резерві мен демеушілік қаражат есебінен Қостанай мен Арқалық қаласында зардап шеккен тұрғындар үшін 101 пәтер сатып алынған. Сондай-ақ Арқалық қаласында «Базис А» ЖШС-ның қаржыландыруымен 50 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Жангелдин және Амангелді аудандарында «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен 68 жеке тұрғын үйдің құрылысы басталды. Қостанай қаласында, Қостанай және Қарасу аудандарында демеушілік есебінен 36 үй салу жоспарланып отыр.
Қалған 218 зардап шеккен отбасыға тұрғын үй сатып алу арқылы шығынды өтеу көзделген. Сондай-ақ 2020 бас мал шығыны үшін келтірілген залалды өтеуге 855 млн теңгеден астам төлем жасалған.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!