Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

10°C

, Сәрсенбі, 02 сәуiр, 03:12

Тәттілер пісірудің шебері

04.03.2025

146

0

«Ауыл аманаты» жобасы іске қосылғалы ауданға қарасты елді мекендерде кәсіппен айналысқысы келетін жастар қатары артқан. Жалпы өңірде кәсіпкерлік саласында қарқын бар. Кент және ауылдық округ бойынша «Байқоңыр ӘКК» АҚ арқылы өткен жылдың желтоқсан айында 43 млн теңгені құрайтын 10 жоба мақұлданып, қаңтар айының басында толық қаржыландырылған.

«Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты ауыл тұрғындарының кәсібін дамытып, көкжиегін кеңейтуге ықпал ету болып табылады. Жобаның игілігін көріп, кәсіп бастағандардың бірі – Еңбек ауылының тұрғыны Ақерке Жылқайдар. Ол былтыр аталған жобаға құжат тап­сырып, жыл басында қаржылай қол­дауға ие болған.
Өткен аптада үйінің ауласынан «Ақерке тәттілері» атты шағын кондитер өнімінің ашылу салтанатына куә бол­дық. Оған ауыл әкімі мен жергілікті тұр­ғындар, туысқандары мен көршілес ау­дандағы ағайындары келіп батасын берді.


Ең алдымен аулы әкімі Бахытберген Балханов кейіпкеріміздің кәсібіне береке тілеп, елді мекенде «Ауыл аманаты» жобасы аясында ашылып жатқан бірінші шағын цех екенін тілге тиек етті.
«Әйел бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетеді» демекші, үй шаруасы, келіндік қызметімен қоса кон­дитерлік кәсібін дөңгелентіп отырған Ақер­ке Жылқыайдар жан-жақты еңбек етуде. Шағын орталық лентасы қиылғаннан кейін кәсіпкер келіншекті әңгімеге тартып, кәсібінің қыр-сырымен таныстық. Ерте жастан асханаға жақын болған Ақерке анасына қолғабыс ете жүріп, түрлі тәтті пісіріп, дастарқан жа­сауды жақсы меңгерген.
– Тәтті пісіруге бала күнімнен әуеспін. Ең алғаш кәсібімді оқушы кезімнен бастағанмын. Яғни үйден түрлі тәттілер пісіріп мектепке апарып достарыма са­татынмын. Алғаш пісірген тәттілерім «зебра пирог», «бәліш», «кекс». Ол кезде қазіргідей интернет желісі дамымаған. Газет-журналдарға шығатын тәттілердің құрамын жазып алып дайындайтынмын. Кейін «в контакте» әлеуметтік желісіндегі «Асхана» деген топқа тіркеліп, бірнеше тәттінің құрамын сол жақтан көру арқылы жасап үйрендім, – дейді Ақерке ағынан жарылып.
Кейіпкеріміз білікті мамандардан еш­қандай арнайы оқу немесе курс оқы­­маған. Тәтті пісіруді интернет же­лі­сі арқылы ютубтан көріп, үйде даяр­­лап үйренген. Ол сұх­бат барысында студенттік шақта уақытша тәттілер пісіруден қол үзіп, кейін тұрмыс құрғанда қайта қолған алғанын айтты. Сөзінше, енесі де тәтті пісірумен айналысады. Абысын, қайын апаларының кондитер кәсібі бар. Тәтті пісіруге деген қызығушылығы қайта оянған жас кәсіпкер білмегенін енесі мен жақындарынан үйрену арқылы кәсібін бастауға ниет еткен. Бүгінде оның үйінің бір бөлмесін шағын цех қылып кәсіп жүргізгеніне 6 жыл болған. Енесі мен жолдасы қолдап, қолынан келетін іспен кәсіп бастауға ниет еткен кейіпкеріміз былтыр тамыз айында «Ауыл аманаты» жобасына құжат тапсырып, қаңтар айында 4 млн 250 мың теңге қаржыға ие болған.
– Қаражат қолыма тие салысымен торт пісіруге қажетті құрал-жабдықтар, миксерлер мен үлкен пеш, торт сақтауға арналған тоңазытқыш сатып алдым. Көп нәрсені енем мен қайынапам, абы­сыным үйретті. Солардың кондитер кә­сібіне барып, түрлі тәттілердің құ­рамымен таныстым. Бүгінгі маңызды күнде де мені қолдап, кәсібімнің лен­тасын қиған апам Ақгүлге алғысым шексіз. Оның кәсібі Жаңақорған ауданында, «Ақ­гүл тәттілері» деп аталады. «Кәсіп бастаймын» деген күннен бастап қа­сымда болып, бар қолдауын көр­сеткен отбасыма алғысым шексіз. Сол кісі­лердің арқасында бүгін үйіміздің ау­ласынан шағын 2 бөлмелі цехымыз ашы­лып, кәсібім алға басқалы тұр, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Ақеркенің кондитерлік өнімдері қа­тарынан түрлі тәтті торттарды атап айтсақ, «Қызыл бархыт», «Вуппи пай», «Сүтті қыз», «Микс» торт, бәліш пен самса, тәтті тоқаштарды таба аласыз. Ол мерекелік туған күн кештері мен қатар тойларға да тапсырыс қабылдайды. Бүгінде оның тәттілеріне сұраныс жо­ғары. Ауыл көлемін айтпағанда, Ақер­кенің өнімдеріне көршілес ауылдар мен қатар облыс орталығынан да жиі тапсырыс түсіп жатады. Яғни халықта сұраныс, ал кәсіпкерде ынта-жігер бар.
– «Ақерке тәттілерінің» өнімі – менің үйімдегі әр қуаныштың ажарын ашатын, дастарханымның көркін келтіретін ерек­ше дәм. Әр тапсырыс берген сайын сапасы өзгермей, үнемі тіл үйіретіндей дәмімен қуантады. Ақеркемен бала кезден доспыз, бір мектепте, бір сынып­та оқыдық. Ол кішкентай кезінен тәттілер пісіруге ерекше ықыласты еді. Мектеп кезінде-ақ тапсырысқа торт, тәттілер пісіріп, тіпті дүкендерге де өткізіп жүретін. Бүгінде сол бала күнгі қызығушылығы үлкен кәсібіне айналды. Ақерке үшін бұл жай ғана кәсіп емес, оның жан дүниесі, махаббаты, еңбегі. Сондықтан оның қолынан шыққан әрбір тәттіде ерекше жылулық, айрықша дәм бар. Ақеркенің ісі әрі қарай да қанат жайып, өз тәттілерімен талай дастарханның сәнін келтіре беретініне сенімдімін, – дейді ауыл тұрғыны Гүлжан Алтынбекқызы.
Кейіпкеріміздің негізгі мамандығы – мейіргер. Ауылдық емханада аға мейіргер болып қызмет етеді. Қазіргі таңда бала күтіміне байланысты дема­лыста отырғандықтан бос уақытында кәсіппен айналысуға бел буған.
Иә, оның алға қойған мақсаты айқын. Алдағы уақытта қолынан іс келетін өзі секілді жас келіншектерге тәтті пісірудің қыр-сырын үйретіп, ауылдағы жұмыссыздық мәселесіне тұсау қоймақ. Жас болса да үлкен істі дөңгелентіп отырған кейіпкеріміздің кәсібін көзбен көріп, қуанышын бөлісіп қайттық.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: