Әр ұлттың қай кезеңде болсын алдында тұратын ұлы міндеттерінің ең бастысы – өзінің ізін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ата-ана – баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Балалардың болашағы, олардың өмірден татар несібесі мен еншісінің үлес салмағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, берген тәлім-тәрбиесіне байланысты. Осы орайда кеше аудандық аналар кеңесінің «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» тақырыбында жастармен кездесуі өтті.
«Отан отбасынан басталады» десек, отбасының тілегі де, жүрегі де – ата-ана. Бала тәрбиесіне қашан да ұлт тәрбиесі деп қараған дана халқымыз ұрпағын дүниеге әкеліп, бағып-қағып, жүрегінің жылуын ардақтай білген аналарды аялай білген. Қазіргі жастарға, әсіресе қыз балаларға қазақы болмысын жоғалтпай, ұлттық тәлім-тәрбие беретін, қазақ қызына тән асыл қасиеттерді бойына сіңіретін келелі кездесуге түрлі салаларда елеулі еңбек еткен зейнеткер апаларымыз, «Алтын» және «Күміс» алқа иелері мен ауыл жастары қатысты.
Қазіргі қоғамда әйел – тек отбасының береке-бірлігін сақтайтын тұлға ғана емес, мемлекеттің өміріне және саяси мәселесіне белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан біздің елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша мән беріледі. Әйел әрқашан халықтың ар-ожданы, ізгіліктің, нәзіктіктің және дархан көңілдің көрінісі болып келді, солай болып қалмақ. Шығыс даналығында «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген керемет сөз бар.
Шарада әр ауылдық округтің аналар кеңесінің төрайымдары мен қыз-келіншектері өздерінің ұлттық қолөнер шеберліктерін, қазақтың салт-дәстүрі мен ырым-жоралғысын көрсетіп, пікір алмасып, озығын әспеттеп, тозығын жаңғыртуға ат салысты. Басқосуда отбасылық құндылықтар кеңінен талқыланып, әке мен ананың отбасындағы маңызды рөлі, сыйластығы, ұл мен қыз бала тәрбиесінің өзіндік ерекшеліктері, ене мен келіннің ауызбіршілігі, ағайын-туыс ынтымағы туралы тағылымды әңгімелер қозғалды.
Шараға қатысушы батыр аналарымыз өз кезегінде өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, түйген құнды ойын жеткізіп, жастарға болашақта рухани азық болатын кеңес берді. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Айқын Жақсылықова бүгінгі таңда ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені қайта жаңғырту, озық, өнегелі дәстүрді, адамгершілік қасиеттерді жастар бойына қалыптастыруда жүргізіліп жатқан игі шаралардың маңыздылығына тоқталды.
– «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі, ұлтымыздың болашағы тәрбиелі ұрпақ қолында» десек, әрбір жас баланы тәртіпті, кішіпейіл, білімді, шебер, еңбекқор, келекшекте Отанымызды қорғай алатын азамат болып өсуіне ықпал жасауымыз қажет. Бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін, білімін, адами қасиеті мол, терең түсінетін шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – өмір талабы, қоғам қажеттілігі. «Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететіндіктен, тәрбиелі баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбиелеуге міндетті» деп Мағжан Жұмабаев ерекше атап айтқан болатын. «Шаңырақты ер көтергенмен, үйді тігетін әйел» дейді. Отбасының, яғни елдің де берекесі мен баянды бірлігін, тату-тәтті тірлігін, жарасты ынтымағын сақтаушы аналар қауымына алғысым шексіз, – деді Айқын Бектасқызы.
Ол шара барысында батыр аналарды аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменовтың арнайы алғыс хатымен марапаттап, сый-құрмет көрсетті. Кездесу аналар үшін тек ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтардың дәріптелуімен ғана емес, аға буын мен жастар арасындағы сабақтастыққа, рухани бірлікке жол салуымен, парасат пен ізгіліктің салтанатымен ерекше әсерге толы болды.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!