Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

15°C

, Дүйсенбі, 06 мамыр, 00:18

Жайылымдық жер жайсыз болып тұр

21.11.2023

401

0

Қазір жайылымдық жер қай өңірдің де басты мәселесіне айналған. Шаруаларды былай қойғанда қарапайым халық қорасындағы санаулы малын жаятын жерге зәру елді мекендер де бар. Мемлекет те бұл мәселені күн тәртібінен түсірмейді. Себебі елдің кірісін еселейтін басты сала да – ауыл шаруашылығы. Жерді мақсатсыз пайдаланғандармен күрестің қатаң жүруі де сондықтан.

Былтыр қыркүйек айына дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 млн гектар жер мемлекетке қай­тарылған. Бұған қатысты Прези­дент жыл соңына дейін оның көлемін 5 млн гектарға жеткізуді қатаң тапсырды. Бұл пәрменнің берілуі де бекер емес, демек елдің өрісі тарылған шақта жайылымдық жерді мақсатсыз пай­даланып отырғандар аз емес.
Иә, сөзімізге дәлел ретінде айта кеткен дұрыс шығар, елімізде иге­рілмей жатқан және заңсыз бе­рілген жер көлемі 10 млн гектарға жуық­тайды. Үкімет пен әкімдіктер жыл соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауы тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойған. Яғни олармен күрес шараларына еш­қандай кедергі жоқ.

Аудандағы ахуал қалай?

Жалағаш ауданында да жайы­лым­дық жерге қатысты мәселе жетерлік. Салаға жауапты бөлімнің мамандары қазіргі таңда ауданға қарасты бар­лық елді мекенде жайылымдық жер тапшылығы туындап отырғанын жа­сырмайды. Бұған қатысты қандай жобалар қолға алынуда, нәтижесі қалай? Тарқатайық…
Жалпы ауданның жер қоры 2873 640 гектарды құрайды, оның ішінде 591 563 гектары Қарағанды об­лы­сы­нан ұзақмерзімді пайдалануға алын­­ған. Бұдан басқа Жалағаш аума­ғының 11 149 гектар жері Ресейге пайдалануға берілген.
Ауданда ауыл шаруашылығы мақсатындағы 284752 гектар жер бар. Сондай-ақ 42760 гектар жер елді мекендерге тиесілі. Өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жерлері – 15854 гектар. Ал 4 гектар алқап – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар. Мұнан бөлек 769 482 гектар орман қорымыз тағы бар. 1 млн 745 мың 884 гектар алқап босалқы жер деп танылған.
Ауданда жер пайдаланушылардың саны – 500, оның ішінде 456 шаруа қожалық, 25 серіктестік, 14 басқа да кәсіпорын, 3 өндірістік кооператив пен 2 мемлекеттік заңды тұлға бар. Негізінен 33016 гектарды құрайтын 60 инженерлік тұрғыда әзірленген күріш ауыспалы егіс жүйесі, 1 мал азығын дайындайтын және 1 картоп ауыспалы егіс жүйесі бар. Сала мамандары мақ­сатты пайдаланылмаған жер учас­келерін мемлекетке қайтару бо­йынша тиісті жұмыстар қарқынды жү­ріп жатқанын айтады.

Заң не дейді?

Жалпы кез келген жерді мақсатты пайдаланудың өз тәртібі бар. ҚР Жер кодексінің 92 бабының 4 тар­ма­ғына сай ауыл шаруашылығы өн­дірісін жүргізу үшін берілген жер учас­кесін мақсаты бойынша пайда­ланбау жағдайларына не кіреді? Тарқатайық…
Егістікте жер учаскесін ауыл ша­руашылығы дақылдарын егу үшін өңдеу жұмыстары ұдайы жүруі тиіс. Ал шабындықтарда жер учаскесінде шөп шабу жұмыстары да назардан тыс қалмасын, оны арамшөптерден, бұталардан, шіліктерден арылту қажет. Сонда ғана шөп бітіктігі жұ­таң болмайды. Жайылымдарда мал жаю үшін ауыл шаруашылығы жануар­ларының болмауы немесе олардың саны агроөнеркәсіптік кешенді да­мыту саласындағы уәкілетті орган бел­гілеген жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасының 20 пайы­зынан аз болуы, жем-шөп дайын­дау мақсатында шөп шабудың жүр­гізілмеуі де заңға қайшы келеді.

33 тұлға жерді мақсатсыз пайдаланған

Мамандар осыған дейін 227 781 гектарды құрайтын 645 жайы­лым­дық жер учаскесі оны пай­да­ла­нушыларға табысталғанын ай­­та­ды. Жыл басында жүргізілген зерт­­теу нәтижесінде табысталған жайы­­­лымдық жерлердің мақсатты пайдаланбау жағдайы 48,9 пайызды құраған. Осыған дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бұл көрсеткіш 15,6 пайызға азайған.
Бүгінгі таңда мал басы тіркелмей немесе мал саны 20 пайызға жетпей тұрған жер учаскелерінің ішінде 12 977 гектары үлеспен құрылған жер­лер қатарында.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер бөлі­мінің басшысы жыл басынан бері табыс­талған жайы­лымдық жер учаскелеріне 3 рет мо­ни­торинг жұмыстары жүр­гі­зілге­нін айтады. Нәтижесінде жайы­лымдық жерді мақсатты пайда­ланба­ған 33 адам анықталып отыр. Тиісті шара көру үшін Қызылорда об­­лы­сы­ның жер ресурстарын бас­қару де­пар­таментіне жолданып, де­пар­та­мент тарапынан тиісті нұсқа­ма­лар берілген. Сонымен қатар мақсаты бойынша пайдаланылмаған немесе ҚР заңнамасын бұза отырып пайда­ланылған ауыл шаруашылық жер­лерін мемлекет меншігіне қайтару ба­ғытында жұмыстар әлі де жалғасуда.

44 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған

Бөлім басшысы жалпы жер учас­­­кесін мемлекет қорына қайта­ру­дың төрт тәсілін қолдану дұрыс деп есептейді. Атап айтқанда, сот шешімімен, түсіндірме жұмыстарын жүр­­гізу арқылы өз еріктерімен қай­тару, шартты біржақты бұзу, жерді пайдаланбауына байланысты жал­дау мерзімі ұзартылмай қаулымен қайтару. Қазіргі таңда ауданда жер учаскелерін мемлекетке қайтаруда түсіндірме жұмыстары мен мақса­тына сай пайдаланылмаған жер учас­келерінің жалдау мерзімін ұзартпау тәсіліне басымдық берілген.
Атқарылған жұмыстардың нәти­же­сінде аудан бойынша ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы 44 мың гектар жер мемлекет қорына қайтарылған. 2021 жылы 41 117 гектар жердің мақ­сатсыз пайдаланылғаны белгілі болса, былтыр 9075 гектар жер мемлекетке қайтарылған.

Ротация неге сақталмайды?

Қазір аяқ су мәселесі қат болып тұр. Мамандар «суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беру керек» деп дабыл қағуда. Жайылымдық жер мәселесін толық шеше алмай отқанда ауыспалы егіс жүйесінде де ротацияның сақталмауы үлкен қиын­дық тудыруда.
Салаға жауапты бөлім басшысы аудан әкімдігінің 2018 жылғы 18 маусымдағы №120 қаулысымен бекітілген инженерлік тұрғыда әзір­ленген суармалы жерлерде дақыл­дарды кезектестіру схемасының сақ­талуына тұрақты бақылау болатынын айтады. Нәтижесінде олқылыққа жол беретін шаруашылықтардың бары белгілі болған. Мәселен, биыл­дың өзінде ауданда 1 346 гектар күріш дақылын артық егіп, ауыспалы егіс тәртібін өрескел бұзған 16 ша­руа­шылық анықталған. Заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін Қы­зылорда облысының жер ресурс­тарын басқару департаментіне жол­данып, департамент тарапынан нұс­қамалар берілген.
Биыл Бұқарбай батыр ауылдық округіндегі «Мұқан», «Үміт», «Нұр-Әділ», «Сырлыбай ата», «Ұзақ» ша­руа қожалықтары 218 гектар күріш артық еккен. Мырзабай ахун ауыл­дық округіндегі шаруашылықтар да 332 гектар межеден артық күріш егіпті. Мәдениет ауылдық округіндегі «Жер-Ана», «Бірлік и К» шаруа қожалықтарының да күріш көлемі межеден 149 гектарға артық. Ал Ақсу ауылдық округіндегі «АВ-Агро Орда» ЖШС, «Ақбостай», «Ай-Тоғжан», «Мақ­сат», «Мақсұт», «Шәпет», «Та­лап» шаруа қожалықтары 647 гектар межеден артық күріш еккен.

Кәсіпкерлер де заңсыздыққа жол берген

Ауданда кәсіпкерлік мақсатта 18 гектар жер табысталған. Бірақ иелері оны мақсатына сай пайда­лан­баған. Яғни 23 жер учаскесі осы күнге дейін пайдаланылмай отыр. Бұл меншік иелеріне де Қызылорда облысының жер ресурс­тарын басқару департаменті та­­рапынан тиісті нұсқамалар бе­рілген. Келер жылы қаңтар-ақпан ай­­ла­рында департамент аталған жер учаскелеріне қайта тексеру жүр­гізіп, пайдаланылмай тұрған жер учас­келері анықталса, мемлекет меншігіне қайтарылады.
Бөлім басшысы елді мекендер аумағынан кәсіпкерлік мақсатта жер учаскелерін табыстауды аукцион арқылы жүргізу аудан бюджетіне қосымша қаржы түсірудің тиімді тетігі деп есептейді. Осыған дейін аукцион және қосымша жер учаскелерін табыстаудан аудан бюджетіне 23,08 млн теңге қаржы түскен.

4 688 гектар жер айналымға енгізілген

Жалпы ауданда ауыл шаруа­шы­лығы жерлерін айналымға енгізу бойынша да қарқынды жұмыс жү­руде. Бұл ретте басым бағыт бе­ріліп отырған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүр­гізу үшін табыстау қолданыстағы Жер кодексі талаптарына сәйкес кон­курс негізінде жүзеге асырылуда. Биыл өткен конкурс арқылы 4 688 гектарды құрайтын 15 жер учаскесі ауыл шаруашылығы айналымына ен­гізілген. Былтыр осы мақсатта 5 500 гек­тар жер айналымға енген болатын.

Мақсатсыз пайдаланғандарға жер қайта берілген

Жалпы шаруашылық иелерінде де жайылымдық жерге қатысты мә­селе жоқ емес. Алайда оларда аукционға түсу арқылы бұл мәселені шешуде мүмкіндік бар. Ал қорасында санаулы мал ұстап отырған халық мәселесін қалай шешеді? Бұл мәселе Парламент қабырғасында да көтерілген. Халық қалаулылары қайтарылған жерлерді жергілікті әкім­дер мұқтаж халыққа берудің орнына қайтадан бай-қуатты аза­маттардың еншісіне бергенін айтқан. Бұған қатысты министрліктің жауабы «заңнаманы жетілдіру қажет» дегенмен шектелді.
«Жер аманаты» республикалық комисссиясымен елімізде 8,6 млн гектар жер мемлекетке қайтарылған. Алайда ауылдық елді мекендерде жайы­лымдық жер мәселесі әлі де толық шешімін тапқан жоқ. Осыған дейін мақсатсыз пайдаланылған 2,8 млн гектар жер айналымға енгізілген.
Былтырдан бері 8,6 млн гектар жердің мемлекетке қайтарылғанын, оның тиісті мөлшері қайтадан бөлініп бе­рілгенін министрлік те жоққа шы­ғармайды. Бірақ 1,6 млн гектар жер елді мекендердің жайылымдық жерлерін кеңейтуге берілген. Тіпті минис­трлік қайтарылған жерді бұрынғы иеле­ріне табысталған аймақ­тардың ба­рын жа­сырмады. Сонда бұған қа­тысты арнайы комиссия құрып қажеті не?

Жайылымдық жерлердің жай-күйі қалай?

Жалпы елімізде 220 млн гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер бар. Оның 187 млн гектары – жайы­лымдық. Мамандар оның 43 пайызы ғана қолданыста екенін ай­тады. Ал 27 млн гектар жайы­лымдық жер деградацияға ұшыраған.
Еліміздегі жайылымдық жерлердің 40 пайызы нашар күйде. Мұндай деректер ғарыштық мониторинг нә­тижесінде белгілі болған. «Былтыр көктемде Қазақстанның 60 ауданы бойынша жайылымдық алқаптардың 26,2 пайызы өте нашар, 33,4 пайызы нашар жағдайда екені анықталған. Ал биыл көктем мезгілінде жүргізілген мониторинг қорытындысымен жайы­лымдық жерлердің жай-күйі сара­ланды. Онда жайылымдық жерлердің 40 пайызының жағдайы өте нашар екені, 4 млн гектар жайылым жер қатты дәрежеде деградацияланғаны белгілі болды. Сондай-ақ 12 млн гектар жерде төрт түлік мүлде жоқ екені анықталған.
Түйін: Елімізде бұл өзек­ті мәсе­леге айналды. Әсіресе ауыл­дағы қарапайым халық одан тап­шылық көруде. Сондықтан мем­­ле­­кетке қай­­­тарылған жерді үлес­­тірерде елді мекендердің жайы­лымдық же­рін кеңейтуді де назардан тыс қал­дыр­маған дұрыс. Кәсіпкер аукцион арқылы мәселесін реттеп алар, ал ауылдағы ағайында мұндай мүмкін­дік бола бермейтінін қаперден шы­ғармайық.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: