Әскерге бару – ер азаматтың Отан алдындағы борышы деп жатамыз. Бұрын әкелеріміз, аталарымыз әскерге барғанын мақтанышпен айтып отыратын, тіпті бармай қалғандардың өз ортасында қысылып жүретінін айтатын. Ал қазіргі кейбір жастардың әскерге баруға құлықсыз екені жасырын емес.Себебі неде? Осы сауалға жауап іздедік.
Бірде үйде ескі суреттерді қарап отырып, әкемнің әскердегі суретіне көзім түсті. Кейін ол кісіден әңгімелеп беруін сұрағанда әскердегі әр күнін мақтанышпен еске алды.
– Иә, ол уақытта әскерге баруды әр ер азамат өзінің міндеті санайтын. Ауылда әскерден келгендер беделді кісілер қатарында жүретін. Ондағы болған қызық оқиғаларды айтқанда, аузымыздың суы құрып бәріміз отырып тыңдайтынбыз. Бір күні маған да кезек келіп, әскерге шақырту алдым. Осылай қуанып, 2 жыл бойы 5 қалада ауысып, Отан алдындағы борышымды өтеп қайттым. Әрине, қызығы мен қатар шыжығы да болады, – дейді әкем.
Қазіргі уақытта бозбалалардың әскерде болуы 1 жылға қысқарған. Бірақ олар сонда да Отан алдындағы борышын өтегеннен ерте еңбекке араласып, ақша табуды мақсат тұтады. Ата-аналары да қолдан келсе ұлдарын әскерге жібермеудің қамын жасап, балаларының бұл шешімін құптайды. Бірақ тепсе темір үзетін дені сау 18-27 жас аралығындағы жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Бұлай болмаған жағдайда әскерден қашқандарды заң да басынан сипамайды, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартады.
Егер әскерге шақыртылған азамат шақыру қағазы бойынша медициналық тексеруге келмесе, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Ал тіпті әскери борышын өтеуден қасақана қашқандарға Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес, 1 000 АЕК (3 450 000 теңге) айыппұл салынады немесе бір жылға бас бостандығынан айырылады. Бірақ әскерге барудан жалтарып, айыппұл төлесе де міндетінен құтылмайды. Себебі келесі жылы да шақырту жіберіліп, қайта тізімге тұрады. Жазаны біле тұра әскерге бармай жүргендер де көп-ақ.
Жасыратыны жоқ, әскерге бару десе, көз алдымызға тек әскери қызметте жүргендер ғана емес, «бірін-бірі ұрып-соғу» секілді нәрселер елестейді. Әр жігіттен әскерге бармау себебін сұрасаң, білім алуды сылтауратады. Бірақ оның артында жоғарыда айтқан сөздеріміз тұрғанын білу қиын емес.
Расымен, соңғы жылдары әскери бөлімдерде сарбаздардың өлімі жиілеп кетті. Бұның себебін басқа да жайттармен байланыстырып жатады. Жарайды, бір-екі қайғылы оқиғаның себебі солай да шығар. Бірақ кейбірінің түпкі себебі әлімжеттік екенін бәрі бағамдап отыр. Яғни әскердегі әлімжеттіктің кесірінен ата-ана да жалғыз баласын әскерге жібергісі келмейді, жасөспірімдердің де барғысы жоқ.
Студент кезімде әскерге бару қызық болып, қатарлас ер жігіттерден не үшін әскерге барғысы келмейтіні жайында сұрайтынмын, сонда алған жауабым «әскердегі жүйе өзгерсе барамын» дегені болды. Яғни олардың айтуынша, таныстары әскерге барып, бір жыл уақытын бос кетірген. Ол уақыттың орнына білім алып, біліктілігін арттырған дұрыс. Себебі қаруды мектепте де меңгеруге болады, жүгіру арқылы шымыр болып та кетпейсің. Ал қазіргі заман білектілерден білімділерді қажет етеді. Білімді болу арқылы әлемді жаулауға болады. Сондықтан әскери жүйені өзгертсе, көптеген жасөспірім әскерге өздері-ақ сұранып баратынын да жеткізген болатын.
Статистикаға сүйенсек, әскерге баруға міндетті жастағы борышкерлердің 60 пайызы енжарлық немесе қорқақтықтан бас тартқан. Ал 30 пайызы жарамсыздық себебінен бармайды. Тек 10 пайызы ғана өздігінен әскерге баруға сұранатын көрінеді. Бірақ қуантарлығы, екі-үш жыл бұрын әскерден жалтарушылар саны шамамен 35-40 мың болса, былтырғы көрсеткіш 20 мыңға төмендеген.
Қорғаныс министрлігі бұл әскердегі тәртіптің күшейіп, жастардың ынтасын арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі екенін алға тартады. Бұл нәтижеден жастардың сұрауы болған әскердегі жүйенің өзгергенін де байқауға болатындай.
Біздің ауданнан да жыл сайын жүзге жуық жастар әскерге аттанатын көрінеді. Бұл бұрынғы статистикамен салыстырғанда әскерге барушы жастардың көбейгенін көрсетеді. Биылдың өзінде 30-ға жуық ер бала Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған.
Қазір әскердегі сарбаздарға бірқатар жеңілдік қарастырылған. Оларды әскери билеттері қолына тиісімен жұмысқа шақыратын орындар да жоқ емес. Тіпті әскерден келген балаға ЖОО-да білім алуы үшін ҰБТ тапсыруы міндет емес. Ал әскерде жүрген кезде тәртібі мен білімімен көзге түскен жастарға ЖОО-да мемлекеттік грантпен білім алуына сертификат беріледі. Мәселен, біздің ауданнан 7 азамат осындай мүмкіндікке ие болған.
Не де болса ер азамат Отан алдындағы борышын өтеуден қашпағаны дұрыс. Себебі мұнда тек әскери қызметті, шымыр болуды емес, тәртіпті, отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінеді.
Қазір жастардың білім алуына да түрлі мүмкіндік жасағандықтан, «бір жыл уақытым бос кетеді» деген ойды алып тастау қажет секілді. Керісінше бір оқпен екі қоян атуға мүмкіндік бар. Бір жыл үйінде екі қолға бір күрек таппай жұмыссыз жүргеннен әскерде болып, борышын өтеп келе сала жұмысқа орналасасың. Әрине, мұның бәрі әр жігіттің өз қолында. Сондықтан кез келген азамат Отан алдындағы, отбасы алдындағы жауапкершілікті сезіну қажет.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!