Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Сәрсенбі, 16 қазан, 08:37

Жастар неге әскерден жалтарады?

14.05.2024

447

0

Әскерге бару – ер азаматтың Отан алдындағы борышы деп жатамыз. Бұрын әкелеріміз, аталарымыз әскерге барғанын мақтанышпен айтып отыратын, тіпті бармай қалғандардың өз ортасында қысылып жүретінін айтатын. Ал қазіргі кейбір жастардың әскерге баруға құлықсыз екені жасырын емес.Себебі неде? Осы сауалға жауап іздедік.

Бірде үйде ескі суреттерді қарап отырып, әкемнің әскердегі суретіне көзім түсті. Кейін ол кісіден әңгімелеп беруін сұрағанда әскердегі әр күнін мақтанышпен еске алды.
– Иә, ол уақытта әскерге ба­руды әр ер азамат өзінің міндеті санайтын. Ауылда әскерден келгендер беделді кісілер қатарында жүретін. Ондағы болған қызық оқиғаларды айт­қанда, аузымыздың суы құрып бәріміз отырып тыңдайтынбыз. Бір күні маған да кезек келіп, әскерге шақырту алдым. Осылай қуанып, 2 жыл бойы 5 қалада ауысып, Отан алдындағы бо­ры­шымды өтеп қайттым. Әрине, қызығы мен қатар шыжығы да болады, – дейді әкем.
Қазіргі уақытта бозбалалардың әс­керде болуы 1 жылға қысқарған. Бірақ олар сонда да Отан алдындағы борышын өтегеннен ерте еңбекке араласып, ақша табуды мақсат тұ­тады. Ата-аналары да қолдан келсе ұлдарын әскерге жібермеудің қамын жасап, балаларының бұл шешімін құптайды. Бірақ тепсе темір үзетін дені сау 18-27 жас аралығындағы жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуге мін­детті. Бұлай болмаған жағ­дайда әс­кер­ден қашқандарды заң да басы­нан сипамайды, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартады.
Егер әскерге шақыртылған азамат шақыру қағазы бойынша медициналық тексеруге келмесе, Әкімшілік құ­қық­бұзушылық туралы кодекске сәй­кес 5 айлық есептік көрсеткіш мөлше­рін­­де айыппұл төлейді. Ал тіпті әске­ри борышын өтеуден қасақана қаш­қандарға Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес, 1 000 АЕК (3 450 000 теңге) айыппұл са­лы­нады немесе бір жылға бас бостан­ды­ғынан айырылады. Бірақ әскерге ба­рудан жалтарып, айыппұл төлесе де міндетінен құтылмайды. Себебі келесі жылы да шақырту жіберіліп, қайта ті­зімге тұрады. Жазаны біле тұра әскерге бармай жүргендер де көп-ақ.

Жасыратыны жоқ, әскерге бару десе, көз алдымызға тек әскери қыз­метте жүргендер ғана емес, «бірін-бірі ұрып-соғу» секілді нәр­селер елес­тейді. Әр жігіттен әс­керге бар­мау себебін сұрасаң, білім алуды сыл­тау­ратады. Бірақ оның ар­тында жоғарыда айтқан сөздеріміз тұрғанын білу қиын емес.
Расымен, соңғы жылдары әскери бөлімдерде сарбаздардың өлімі жиі­леп кетті. Бұның себебін басқа да жайттармен байланыстырып жа­тады. Жарайды, бір-екі қайғылы оқи­ғаның себебі солай да шығар. Бірақ кейбірінің түпкі себебі әлімжеттік еке­нін бәрі бағамдап отыр. Яғни әс­кердегі әлім­жет­тіктің кесірінен ата-ана да жалғыз баласын әскерге жі­бер­гісі келмейді, жасөспірімдердің де барғысы жоқ.
Студент кезімде әскерге бару қы­зық болып, қатарлас ер жігіттерден не үшін әскерге барғысы келмейтіні жайында сұрайтынмын, сонда алған жауабым «әскердегі жүйе өзгер­се ба­ра­мын» дегені болды. Яғни олар­дың айтуынша, таныстары әскерге ба­рып, бір жыл уақытын бос кетірген. Ол уақыттың орнына білім алып, бі­лік­тілігін арттырған дұрыс. Себебі қа­руды мектепте де меңгеруге болады, жүгіру арқылы шымыр бо­лып та кетпейсің. Ал қазіргі заман білек­ті­лерден білімділерді қажет етеді. Білімді болу арқылы әлемді жаулауға болады. Сондықтан әскери жүйені өзгертсе, көптеген жасөспірім әс­кер­ге өздері-ақ сұранып баратынын да жеткізген болатын.
Статистикаға сүйенсек, әскер­ге баруға міндетті жастағы борыш­кер­лердің 60 пайызы ен­жарлық немесе қорқақтықтан бас тартқан. Ал 30 пайызы жарам­сыздық себебінен бар­майды. Тек 10 пайызы ғана өзді­гі­нен әскерге баруға сұранатын көрі­неді. Бірақ қуантарлығы, екі-үш жыл бұ­рын әскерден жалта­ру­шылар саны шамамен 35-40 мың болса, былтырғы көрсеткіш 20 мыңға төмендеген.
Қорғаныс ми­нис­трлігі бұл әскердегі тәртіптің кү­шейіп, жастардың ынта­сын арттыру мақ­са­тында атқа­ры­лып жат­қан жұмыстардың нәтижесі еке­нін алға тартады. Бұл нәтижеден жас­­тардың сұрауы болған әскердегі жүйе­нің өзгергенін де байқауға бола­тындай.
Біздің ауданнан да жыл сайын жүзге жуық жастар әскерге аттанатын көрінеді. Бұл бұрынғы статистикамен салыстырғанда әскерге барушы жас­­тар­дың көбейгенін көрсетеді. Биыл­дың өзінде 30-ға жуық ер бала Отан ал­дындағы борышын өтеуге аттанған.
Қазір әскердегі сарбаздарға бірқа­тар жеңілдік қарастырылған. Олар­ды әскери билеттері қолына тиісімен жұ­мысқа шақыратын орындар да жоқ емес. Тіпті әскерден келген ба­лаға ЖОО-да білім алуы үшін ҰБТ тапсыруы міндет емес. Ал әскерде жүрген кезде тәртібі мен білімімен көзге түскен жастарға ЖОО-да мем­лекеттік грантпен білім алуына сер­ти­фикат беріледі. Мәселен, біз­дің ауданнан 7 азамат осындай мүмкін­дікке ие болған.
Не де болса ер азамат Отан алдындағы борышын өтеуден қаш­па­ғаны дұрыс. Себебі мұнда тек әске­ри қызметті, шымыр болуды емес, тәртіпті, отбасы алдындағы жауапкер­шілікті сезінеді.
Қазір жастардың білім алуына да түрлі мүм­кіндік жаса­ған­дықтан, «бір жыл уақы­тым бос ке­теді» деген ойды алып тастау қажет секілді. Керісінше бір оқпен екі қоян атуға мүмкіндік бар. Бір жыл үйінде екі қолға бір күрек таппай жұмыс­сыз жүргеннен әскерде болып, бо­ры­шын өтеп келе сала жұмысқа ор­на­ласасың. Әрине, мұның бәрі әр жі­гіттің өз қолында. Сондықтан кез кел­ген азамат Отан алдындағы, отба­сы алдындағы жауапкершілікті сезіну қажет.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: