Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

0°C

, Сейсенбі, 26 қараша, 08:28

Қуанса, бала қуансын

05.09.2023

650

0

Елдің қуанышында да, қайғысында да халықпен бір болып, қазақтың қажетіне жарау – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Оған жету үшін алдымен тәуекел ету керек, қалған жоқты бойдағы жомарттығың толтырады. Рас, кейбір азаматтар әр жерде игі шараларды қолға алып, қайырымдылықтан құр қалып жатқан жоқ. Бірақ тұтас бір еңбек ұжымын елдің ертеңіне адал қызмет етуге ұйыстыруға да біршама қабілет қажет-ақ.

Жалағашта да қиыс-қыстау шақта елмен бір болып, көптің алғысына кенелгендер бар. Соның бірі де бірегейі – «Өркен-Әлем» ЖШС. Серіктестік ұжымы кешегі елді тәж­тажал кезген шақта да жұртының жа­ны­нан табылып, халыққа тегін бетперде та­­ра­тып, аудан жұртының көңілін бір дем­де­генін жалағаштықтар жақсы біледі. Тігін цехындағы нәзікжандылар 20 мыңға жуық бетперде өндіріп, дерттің дендемеуіне там­шыдай болса да өз үлесін қосқанын кім ұмыта қойды дейсіз.
Шынында өндіріс орындарының осын­дай шақта көптің қажетіне жарап жатқаны көңіл қуантады. Мұнан кейін ауданда өтіп жатқан игі шаралардан бұл ұжымның шет қалғанын байқамадық. Керісінше уақыт өткен сайын серіктестік жұмысында сер­пін қалыптасуда. Оған басшылықтың әріп­тестерін ымыраға, ауызбіршілікке үндей оты­рып, жұмысты шебер жүргізуі басты себеп болатыны айт­паса да түсінікті. Онда қарапайым адам­дар жұмыс жасап жат­­қан жоқ, әскери киім­дер өндіретін ел­дегі алып кәсіпорында мем­лекеттің бола­шағына бейжай қара­май­тындар еңбек етуде. Осындай жауапкершілігі мол өндіріс оша­ғында қыруар шаруаны тын­ды­рып жатқан еңбек ұжымының елмен бір болуға қай шақта да уақыт табатынын ісімен дәлелдегені әлдеқашан.


Жаңа оқу маусымының да басталғанына санаулы күндер болды, әр жерде «Мектепке жол» акциясы аясында жомартжүректі аза­маттар балаларға қуаныш сыйлап жатыр. Балалардың болашағына, кедергісіз білім алуына қолғабыс болатын мұндай шара­лардан «Өркен-Әлем» ЖШС басшысы да құр қалған жоқ. Жуырда серіктестік бас­шысы Жақсылық Өзденбаев аудандағы 80-ге жуық оқушыға мектеп формасы мен оқу құралдарын сыйға тартты.
Иә, бала қуанса, әлем қуанады. Олар­дың қуаныштан бал-бұл жанған жүзін көру үшін ешқандай еңбек те, жақсылық та ар­тық­ етпейді. Өйткені бала – бауыр етің, жүрегіңнің бөлшегі, көңілдің нұры, көз­дің қуа­нышы, өміріңнің жалғасы. Бұл ша­рада мектеп құралдарымен қамтамасыз етіл­ген балалар арасында білім ошағының табал­дырығын енді аттағалы отырған бүлдір­шіндер де болды.
– Жаңа оқу күнімен баршаңызды құт­тықтаймын. Әр жылды табысты аяқтау­ларыңызға тілектеспін. Біздің, мемлекеттің болашағы – балалар, әрқайсысыңыз мек­тептің алды болыңыздар. Кішкентай ғана ұжым едік, бүгін ортамыз балалармен толып отыр. Мұның өзі бір бақыт. Осы ба­ла­лар үлкен азамат болып, ата-анала­рының үмітін ақтасын. Бүгін сіздерге кіш­кене болса да сыйлығымыз бар, соны та­быстауға рұқсат етіңіздер. Бұл шарада мектеп құралдары мен мектеп үлгісіндегі киімдер табысталатындар қатарында бізде ата-аналары жұмыс жасайтын балалар да бар. Шараны серіктестік ғимаратында ұйым­дастыруымыздың да өзіндік себебі бар. Бір жағынан балалар ата-аналарының қайда жұмыс жасайтынын көрсін дедік, адал еңбек етіп жатқан ата-аналарынан жұмыс барысында да үлгі алсын деген ой. Ата-аналарға да тек жақсылық тілеймін, балаларыңыз үміттеріңізді ақтап, елдің ертеңіне адал қызмет ететін бәсекеге қабілетті азамат болып қалыптассын дейміз. Ел аман, жұрт тыныш болсын, тәуелсіз еліміз осы жастармен өсіп өркендесін, – деді серіктестік директоры.
Айта кетейік, бүгінде еліміз бойынша салаға қажетті киімдердің барлық түрін өндіретін жалғыз кәсіпорын – «Өркен Әлем» ЖШС. Цех 100-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал кәсіпорын директоры Жақсылық Өзденбаев сөзінен ісі алда жүретін, қайырымдылық шараларынан қалмайтын, үлкенжүректі азаматтар қа­тарында. Жаңа оқу жылындағы игі ісімен 80-ге жуық балаға қуаныш сыйлады. Әр баланы сабақ сөмкесімен қатар мектеп формасымен де қамтамасыз етті.
Игі шарада ата-аналар да серіктестік басшылығына ризашылығын білдіріп, жұ­мыстарына сәттілік тіледі. Ал балалар алдағы уақытта сабақты жақсы оқып, ата-аналарының, ұстаздарының сенмін ақтауға уәде етті. Шара соңында балалар еңбек ұжымымен естелік суретке түсіп, арнайы дайындалған дастарқаннан дәм ауыз тиді.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: