Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

29°C

, Сенбі, 20 сәуiр, 12:55

Актер мерейтойына орай «Сыр сахнасының сардары» атты шығармашылық кеші өтті

03.11.2022

291

0

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры сахнасында белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытбек Темірбековтің шығармашылық кеші өтті.

Кеште облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов ердің жасына толған өнер иесін құттықтап, зерлі шапан жауып, жылы лебізін білдірді.

Бақытбек Темірбеков Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде жоғары білім алған. Облыстық театр артисі әрдайым батыр, өр тұлғалы жігіттердің бейнесін сомдап келеді. Мәселен, «Сүю серті» қойылымындағы Қалдан, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектакліндегі Қодар, «Исатайдың барында» драмасындағы Махамбет ролі актер шеберлігінің шырқау биігі деуге болады. Әсіресе, Махамбет ақын, Махамбет батыр бейнесінің орны бөлек.  Актердің сан қырлы талантын жарқырата ашқан рөлі –  «Макбет» трагедиясындағы Макбет образы. Макбет те оны биікке көтерді. «Жылдың үздік актері», «Ең үздік эпизодтық роль үшін» номинацияларымен марапатталды. Т.Айнақұлов атындағы жүлдені, Қазақстан Жастар одағының «Серпер» жастар сыйлығын алды. Мәдениет саласының үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Театр ұжымымен бірге республикалық, халықаралық, фестивальдарға қатысып, Шотландияда, Түркия, Қазан, Әзербайжан елдерінің сахналарында өнер көрсетті.

«Сыр сахнасының сардары» атты шығармашылық кеш шымылдығын Бақытбек Темірбеков ұлы ұстаздарына тағзым етумен ашты. Өмірінің соңына дейін қазақ театрының дамуына қалтқысыз еңбек еткен Қазақстанның халық артисі Серік Шотықов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Әлия Арысбайқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Үмүгүлсін Бегімова, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Серік Пірмаханов, «Құрмет» орденінің иегері Ұлбатай Баяділова, Мәдениет қайраткері Ораз Нәсімханов және Якуда Халықұловтай өнер мен өмірдегі ұстаздарының аруағымен киелі сахнада жүрек тебіренте сырласты. Еске алып, тағзым етті, өнер отын, театр рухын сөндірмеуге ант етті.  Осылайша басталған шығармашылық кештің мағынасы терең және өнер айдынында жүзіп келе жатқан жастарға үлгі ретінде берері мол болды.

Кеште Б.Темірбековтің сахнагер болып қалыптасуына үлесін қосқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Хұсейн Әмір-Темір мерейтой иесін құттықтады. Әріптестері әннен шашу шашып, мерейтойлық тарту ұсынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: