Қазақстандықтар Грузия және Әзербайжан елдерінен жеке пайдалану үшін автокөліктерді жаппай алып келіп жатыр. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті мұндай көліктерді сатып алу кезіндегі тәуекелдер туралы ескертті.
«Соңғы кездерде Грузия және Әзербайжан елдерінен Қазақстан аумағына жеке пайдалану үшін көлік құралдарын уақытша алып келу жағдайлары жиілеп кеткен. Мұндай көлік құралдарын бір жылға уақытша алып келген жағдайда кедендік баж бен салықтарды төлеуден босатылған», – делінген хабарламада.
Уақытша әкелінген көлікті сатып алуға және Қазақстан аумағында пайдалануға тек кедендік тазартудан соң және тиесілі кедендік алымдарды және салықтарды төлеген соң ғана рұқсат беріледі.
Комитет мамандары шетел азаматтары жеке пайдалануға арналған мұндай көліктерді әкелгеннен кейін біраз уақыттан соң Қазақстан аумағынан кетіп қалатынын атап өтті. Бұлар негізінен Грузия мен Әзербайжан азаматтары.
Бұл аталған көлік құралдары қандай да бір кедендік баждар мен салықтарды төлемей, Қазақстан аумағында тіркеуге қойып және Қазақстан азаматына тапсыру мақсатында ЕАЭО аумағына әкелінеді.
«Жалпы 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан аумағына Грузия мен Әзербайжаннан 4157 автокөлік әкелінген, оның ішінде 2130 автокөліктің Қазақстан аумағында уақытша жүру мерзімі өтіп кеткен», – деп атап өтті мемлекеттік кірістер комитеті.
Маңғыстау және Түркістан облыстары бойынша мемлекеттік кірістер департаменттері кедендік алымдар мен салықтарды төлеместен Қазақстан аумағында тіркелген автокөлік құралдарына байланысты жеке тұлғаларға 230 хабарлама табыстады.
Шетелдік жеке тұлғаларға одаққа мүше емес мемлекетте тіркелген көлік құралдарын одақтың кедендік аумағына уақытша 1 жылдан аспайтын мерзімге әкелуге рұқсат етіледі.
Бұл ретте уақытша әкелінген көлік құралын декларанттың өзі ғана жүргізуге құқылы және оны біреуге тапсыруға немесе сенімхат арқылы сатуға тыйым салынады.
Уақытша әкелу мерзімі аяқталғаннан кейін автокөлік құралдары ЕАЭО аумағынан шығып кетуі қажет, шығып кетпеген жағдайда ЕАЭО қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қолданылады.
Шетел азаматтары көлікті шығаруға өзінің мүмкіндігі болмаған жағдайда тасымалдаушының көмегімен шығаруына болады, сонымен қатар шетелдіктер көлік құралдарын шығаруға және тұратын мемлекетіне қайту үшін мемлекеттік шекарадан өтуіне болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!