Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (Қор) 2005 жылдан бастап белгілі бір әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша деңгейін іске асырады.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржы ресурстары төлеушілердің, яғни жұмыс берушілердің жұмыскерлер үшін, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдардың өздері үшін Қорға төлейтін әлеуметтік аударымдары есебінен қалыптастырылады. Бұл ретте, әлеуметтік аударымдар жұмыскерлердің жалақысынан ұсталынбайды, ол жұмыс берушілердің қаражаты есебінен төленеді.
Осылайша, міндетті әлеуметтік сақтандыруда жұмыс берушінің жауапкершілігі іске асырылады.
2025 жылдан бастап жүйеге салық агенттерімен жасалған, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (бұдан әрі – АҚСшарты) бойынша табыс алатын жеке тұлғалар кірді.
АҚС шарттары бойынша табыс алатын жеке тұлғалар үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі олардың алатын табысы болып табылады, ал әлеуметтік аударымдарды төлеушілер – АҚСшарты жасалған салық агенттері болып табылады.
Әлеуметтік аударымдардың мөлшерлемесі 2025 жылдан бастап 5% құрайтын болды. Бұл ретте, салық заңнамасына сәйкес, салық төлеушілер әлеуметтік салықтың есептелген сомасын Қорға төленген әлеуметтік аударымдар сомасына азайтады.
Әлеуметтік кодекске сәйкес, бір төлеушіден әлеуметтік аударымдарды есептеудің ай сайынғы объектісі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының (бұдан әрі – ЕТЖ) 7 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс. Егер бір төлеушіден күнтізбелік ай үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі 1 ЕТЖ-дан аз болса, онда әлеуметтік аударымдар 1 ЕТЖ негізге алына отырып төленеді.
Осыған байланысты әлеуметтік аударымдардың ең төменгі мөлшері 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 4 250 теңгені (85 000 теңге * 5%), ал ең жоғары мөлшері – 29 750 теңгені ((7 * 85 000 теңге) * 5%) құрайтын болды.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне Қызылорда облысынан 214 мыңға жуық жұмыс істейтін азаматтар қатысып және өткен жылыөңірде 70,0 мыңнан аса адам Қордан әлеуметтік төлемдер алды.
Жүйе Қордан тағайындалатын екі ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдерді қарастырады – жұмыскер жалпы еңбек ету қабілетінен айырылған кезде, сондай-ақ ол қайтыс болған жағдайда оның отбасымүшелері асыраушысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем алады. Бұл төлемдер бюджет қаражаты есебінен мүгедектігі, асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады. Ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдер жыл сайын Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде индекстелетінін атап өту қажет. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап аталған төлемдер 6,5%-ға арттырылатын болады. Қызылорда облысыбойынша еңбекке қабілеттіліктен айырылған 3233адамға және асыраушысынан айырылған 2748отбасыға әлеуметтік төлемдер автоматтандырылған режимде көтерілді.
2024 жылдың 12 айында Қызылорда облысында 4020 адам еңбекке қабілеттілігінен айырылуыжағдайына жалпы сомасы 1,3 млрд. теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 3048отбасы 1,3 млрд. теңге сомасына әлеуметтік төлемдер алды.
Келесі екі әлеуметтік төлем ана мен балаға байланысты. Мәселен, жұмыс істейтін әйел жүктілікке және босануға, сондай-ақ бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер алады.
2024 жылдың 12 айында Қызылорда облысындағы 12938 болашақ ана жүктілікке және босануға байланысты жалпы сомасы 16,4 млрд. теңгеге, сондай-ақ бала күтіміне байланысты 34995адам жалпы сомасы 19,1 млрд. теңгеге әлеуметтік төлемдер алды.
Жүйеге қатысушы үшін маңызды қолдау – бұл жұмысынан айырылу себептеріне қарамастан, Мансап орталығы оны жұмыссыз ретінде тіркеген жағдайда тағайындалатын жұмысынан айырылуыбойынша әлеуметтік төлем. Қызылорда облысында 2024 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша 15130 адам жалпы сомасы 2,9 млрд. теңгеге көрсетілген төлемді алды.
Осылайша, 2024 жылғы жағдай бойыншаҚызылорда облысының тұрғындары үшін Қордан 41,1 млрд. теңгеге жуық сомаға әлеуметтік төлемдер төленді.
Әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде әлеуметтік төлемдердің мөлшері жеке есептеледі және әлеуметтік аударымдардың Қорға уақтылы және толық төленуіне тікелей байланысты екенін айта кету керек. Осыған байланысты, жұмыс істейтін азаматтар үшін Қорға нақты түскен әлеуметтік аударымдардың сомасын тұрақты негізде тексеріп отыру маңызды. Бұл, бүгінгі таңда egov.kz электронды үкімет порталы немесе екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы онлайн режимінде, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының (ХҚКО) бөлімшелері немесе Қордың филиалдары арқылы офлайн режимде қолжетімді.
Жалпы Қордың негізгі міндеті әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде әлеуметтік төлемдердің тиісті мөлшерін алу мақсатында халықты жұмыспен қамтуды ынталандыру, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру болып табылады.
Қызылорда облысы бойынша
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!