Бірінші болып аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Төрағасының орынбасары лауазымына дейін көтерілген Шекер Ермағанбетова өз заманында қатарының алды болған ардақты жандардың бірі. Бұл кісі қызметтерінің соңғысын 17 жыл атқарыпты. Осының өзі оның сол биік орынға әбден лайықты болғанын көрсетсе керек. Өз заманында ерек туған қазақтың қайсар қыздарының бірі Шекер апамыздың өткен өмір жолы көпке үлгі боларлықтай. Өзінің еңбек жолын өткен ғасырдың 20-шы жылдарында Қызылорда округтік қосшылар одағынан бастаған Шекер апай кейін кеңес-партия және ауыл шаруашылығы мектептерін тәмамдап, жаңа өкіметтің қызметіне қызу араласады. Сол бойда алдымен Оңтүстік Қазақстан облыстық жастар комитетінің әйелдер бөлімін басқарады. Осы тұста ол отбасы және әйелдер құқығын қорғау, жаппай сауатын ашып, жауапты қызметтерге тағайындау, білім және мәдени ошақтарды тұрғызу секілді жұмыстардың алдыңғы қатарында жүреді. Ел арасында қызметке деген белсенділігінің арқасында көп ұзамай Қазалы аудандық атқару комитетінің председательдігіне, одан кейін Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші секретарлығына сайланады. Озық ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетіні көптің көңілінен шығып, 1938 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советіне табаны күректей 27 жыл депутаттыққа, 17 жыл бойына Республика Жоғарғы Советінің бірінші сессиясында Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы председателінің орынбасарлығына сайланған. Бұл кісі еңбек жолының ең жарқын кезеңінде 1949 жылы Қазақ өнері мен мәдениетінің екінші декадасына, Мәскеуге республика делегациясын бастап барған екен. Сол жолы Нартай Бекежанов бастаған өнер тарландарын Одаққа алғаш танытқан бұл онкүндіктің даңқы жер жарып, делегацияның, өнер иелерінің беделі асқақтай түсті. Бұл тұста да көшбасшы бола білген Шекер апамыздың сіңірген еңбегі зор.
Кент орталығындағы қайраткер атындағы №246 орта мектеп ұжымы болса былтыр оқу жылын оң нәтижемен қорытындылады. Бәсекеге қабілетті өрендер қалыптастыруда ерекше маңызға ие бұл білім ошағының бұған дейінгі салада жеткен жетістігін тізе берсек, тарқатып айтар дүние көп. Бастысы Шекер Ермағанбетова атындағы орта мектептен әр жылдары түлеп ұшқан жастар бүгінде бірқатар салада қажырлы еңбек етуде. Айнұр Айбосынова басшылық ететін білім ошағындағы ұлағатты ұстаздар жұмысында нәтиже бар, оны ешкім жоққа шығара да алмайды. Алайда бұлар өткен жылдың еншісіндегі дүниеге тоқмейілсіп, қарқынын бәсеңдететін ұжымның қатарынан емес. Керісінше жетістікке жеткен сайын одан да биік белесті бағындыруға ынтасы ауып тұрғанын айқын аңғаруға болады.
Былтыр аталған білім ордасында 400-ден астам оқушы білім алған. Мектеп бітірген 17 түлектің барлығы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Директордың бағдарлы істер жөніндегі орынбасары Самал Дүйсенбайқызының сөзіне сүйенсек, білім ошағында ҰБТ-ға дайындық жұмыстарын бастау үшін мұндағы ұстаздар оқушыларының 11 сыныпқа көшкенін күтпейді екен. Яғни оған дайындық жұмыстары 2-3 жыл басталатын көрінеді. Әр жылдардағы білім ошағынан түлеген балалардың ҰБТ-дағы алған балына зер салсақ, орынбасардың әлгі сөзінен олқылық таппайсыз, сөзінде ешқандай жалғандық жоқ іспетті. Мәселен, биыл мектеп бітірген мұндағы 17 түлектің барлығы 100 пайыз еліміздегі жоғары және арнаулы оқу орындарында білім алуда.
Айта кетейік, былтыр мұнда 11 сынып бітірген 17 түлектің 8-і жоғары және арнаулы оқу орындарына мемлекеттік грантпен оқуға түскен. Ал бір оқушы облыс әкімінің грантымен қалаған мамандығын игеруге мүмкіндік алыпты. Нәтиже жаман емес, ал мектеп ұжымының мұнан да жоғары жетістікке жетуге тың мақсаты тағы бар.
Биыл Шекер Ермағанбетова атындағы орта мектепте 380-нен астам оқушы білім алуда. Аталған білім ордасының 1 қыркүйекте 38 оқушы табалдырығын аттапты. Келер жылы орта мектепті 19 оқушы тәмамдайды. 2 сыныпта оқып жатқан түлектер ҰБТ-ға дайындық жұмыстарын жаз айларында бастап кетіпті. Самал Дүйсенбайқызы мектеп бітірушілердің басым бөлігі биология, химия және физика мамандықтарын таңдап жатқанын айтады. Бұл дәстүрдің жалғасын тапқанына да бірнеше жыл болған. Биыл да мұндағы 11 сынып оқушыларының басым бөлігі химия, биология, физика мамандықтарына және ІТ саласына қызығушылық танытып отыр.
Елімізде республикалық деңгейде «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты тың жоба ұйымдастырылған еді. Өнертапқыштар додасынан технология пәні мұғалімі Ғалымжан Сейітжановтың шәкірттері осыған дейін жүлдесіз қайтпапты. Ұлағатты ұстаздың Бағдаулет Кәрісбек, Диас Ұзақбай атты шәкірттері дайындаған түрлі бұйымдар, техникалар мен құрал-жабдықтарға қанықтық. Мұнда әсіресе Ғалекеңнің шәкірттері әзірлеген арнайы кеме, корабльдері бізді қызықтырды. Әлгі жобаның талап-ережесіне сай бұл су көліктерінің балалар өзіміздің Сырдарияда жұмысын сынаған. Қазір Ғалекең жетекшілік еткен шәкірттердің алды әлгі жобада қатарынан 3-4 жыл жүлделі орындардан бой көрсетіпті.
– Қазір технология пәніне оның балалардың игеруіне жай қарауға болмайды. Негізінен баланың жетесіне жетсе, оны шәкірт толық игерсе, мамандықтың жаманы жоқ. Міне, біз осыны түсінуіміз керек. Мені әсіресе оқушыларымның түрлі бұйымдар жасап, оны іске қосуға деген талпынысы қуантады. Алды үлкен додаларда топ жарып жатыр. Біз мұнымен шектелмеуіміз керек. Әр оқушы бір белесті бағындырса, оған тоқмейілсімей, керісінше алдағы асуына жұмыс жасау қажет деп ойлаймын. Бүгін де аталған жоба жалғасын тауып жатыр. Бірнеше шәкіртімді жарысқа қосып жатырмын. Олардың жүлделі орындардан табыларына сенемін, – дейді Ғалымжан Сейітжанов.
Мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміздің есімі берілген аудан орталығында №246 орта мектепте Шекер Ермағанбетова атындағы музей жұмыс жасап тұр. Онда барғанымызда біздің көзімізге түскені Шекер апамыздың соғыс жылдарын еске алған бірауыз әңгімесі болды. Онда дәуірінде оза туған қоғам қайраткері Ұлы Отан соғысы жылдарында, яғни 1943 жылы майдан шебіне барғанын баяндапты. Шекер Ермағанбетова «Украйн майданында жаумен алысып жатқан жауынгерлерге азық-түлік, киім-кешек тиелген эшалонды бастап бару маған міндеттелді. Сонымен қарша бораған оқ астында дивизия жауынгерлеріне сыйлықтарын үлестіріп, алты жауынгерге салтанатты түрде Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамоталарын табыстадық. Мұнан соң атқыштар корпусына аттандық. Мұнда да үш күндей болып, 32 жауынгерге грамота табыстадық. Тіпті сол жерде біздің құрметімізге генерал-майор Ғани Сафиуллин барлаушыларға тірі фашист ұстап әкелуді тапсырды. Бірнеше сағаттан соң олар бір неміс солдатын алып келді. Одан кейін біздер гвардиялық дивизияға табан тіредік» деп, сұрапыл соғыс жылдарын еске алу өте ауыр екенін айтқан екен.
Расымен, Ұлы Отан соғысы жылдары барша халықпен қатар қазақ қыздары да жеңіс жолына жан тігіп, бар күшімен күресе білді. Соғыстың алғашқы күнінен бастап олар өз еріктерімен майданға аттанды, олардың алды жиырмадан асса, көпшілігі 17-19 жаста ғана болатын. Сонымен қатар соғыс кезінде еңбекші халық майданға көмектесудің жаңа жолдарын іздеп, жеңіске тез жетуді ойлағаны белгілі. Әйелдер қауымы да жеңіс жолына жан тігіп, бар күшімен тылда еңбек етті. Ер-азаматтар майданға аттанғанда, тылдағы өмірдің бар ауыртпалығы əйелдер мен балалардың мойнына түсті. Əйелдер шаруашылықтың барлық саласында ер адамдардың орнын басты. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап олар қорғаныс қорына өз табыстарының жартысын жіберіп отырды, үй шаруасындағы əйелдер алтын əшекейлеріне дейін берді, жинақтағы ақшаларын, Мемлекеттік займдағы облигацияларын, жылы киімдер, майдандағы əскерлерге сыйлықтар жинап, олармен хат жазысып тұрды, майданға көмек мақсатымен жексенбіліктер ұйымдастырды. Осы қарбалас жылдары майданның дәл ортасынан табылған, жауынгерлерге үй ішінен сәлемдемені аманатпен апарған Шекер апамыздың ерлігі тарих бетінде тайға таңба басқандай сақтаулы.
Барлық саналы ғұмырын, ерік-жігерін, білімін елінің дамуына, бейбіт күннің тууына жұмсаған ардақты жанның еңбегі елеусіз қалмады. Ел, халық алдындағы сіңірген еңбектері үшін Шекер Ермағанбетова Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған, Қазақстан Компартиясының 8 съезіне делегат болып қатысып, 4 рет Орталық Комитеттің мүшелігіне сайланған. Елдің экономикасын, әлеуметтік жағдайын көтеруге айтарлықтай үлес қосқан, Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленген, өз дәуірінің дара тұлғасының есімі тарих бетінен ойып тұрып орын алады.
Шекер Ермағанбетова апамыз ұзақ жыл абыройлы қызмет атқара жүріп, Бодық Әйімбетов ағамызбен шаңырақ көтерді. Дүниеге торсықтай екі ұл баланы әкеліп, тәрбиеледі, оқытты, қанаттандырды. Екі баласы да анасы секілді білімге құштар болды. Ғылым кандидаттары атанды. Шекер апамыздай зерек те зиялы жаннан тараған ұрпақтың бөтен болмауы да заңдылық болар.
Мектептің іргесі 1975 жылы қаланған. Алғашқы оқу жылында 12 мұғалім ұстаздық етіп, 18 оқушы білім алған екен. Жаңа ұжымды Ақмолдаева Рсалды басқарған. Ең алғаш еңбек еткен ұстаздардың қатарында Абылай Мырзалиев, Аманғали Монтин, Айтбай Жетібаев, Мәлике Әбденова, Қымбат Кәрібаева, Қатша Әбдікәрімова, Дина Мейірманова, Бәйтәй Бисенбаев, Клара Қосынова, Роза Ағарбаева, Ұлжан Жүсіпова, Сәбит Романқұлов сынды білікті мамандар болды. Мектеп тарихында әр жылдары басшылық қызметте болған Рсалды Ақмолдаева, Ғалия Нүркенова, Роза Исахметова, Оспан Есенәлиев, Райхан Әзбергенова, Клара Ілиясова, Жұмакүл Маншарипова, Гүлзат Құрманбаевалардың да қайраткер атындағы білім ошағының өз атына лайық болуында, заманның бейімделген тұлғаларын қалыптастыруда, ауданның білім саласының дамуы жолында сіңірген еңбектері орасан. Абырой биігінен түспеген алтын ұяны қазіргі таңда Айнұр Айбосынова басқарады. Аудандағы іргелі, талай шәкірттердің талабын ұштаған шежірелі мектеп ұжымы әлі де жаңашылдығымен, жемісті жұмысымен, игі істерімен танылуда. Мектепте бүгінде 70 мұғалімнен 427 шәкірт білім алуда. Заманауи талапқа сай жабдықталған 25 оқу кабинеті, 1 мәжіліс залы, 1 спорт залы, 1 кітапхана, 1 асхана, 1 мультимедиа кабинеті, 1 информатика, 5 интерактивті кабинет және 3 шеберхана жұмыс жасайды.
Бұдан бөлек оқушылардың таным-түйсігін дамытуға, цифрлық білім беру мен робототехиканың қыр-сырын меңгертуге бағытталған үйірме жұмыс жасайды. Жаңа технологияны білуге құмартқан 30 оқушы кесте бойынша робот құрастыруды үйреніп жүр. Информатика пәнінің мұғалімі Жайдарбек Баймаханов осы үйірмеге жетекшілік етеді. Балалардың жетістігі де жоқ емес. Биылғы оқу жылында «SHABYT ART» студиясына жастарды үйірмеге тарту мақсатында «Талантыңмен таныл» атты өнер фестивалі ұйымдастырылған. Байқау барысында «Робототехника» жанры бойынша үздік өнер көрсеткен осы үйірменің қатысушылары – Жақсылық Данияр, Мұсахан Бахтияр, Мнаж Эльдар арнайы дипломмен марапатталған. Бұл, әрине, мектеп ұжымы үшін зор мақтаныш, ұстаздардың тынымсыз еңбегінің, оқушылардың қабілетінің жемісі деуге болады. Талай таланттың талабын шыңдаған білім ордасының алар асуы, шығар биігі, бағындырар белесі әлі алда деп ойлаймыз.
Қазақ əйелдері соғысқа кеткен ер азаматтардың орнын жоқтатпай, зауыттар мен фабрикаларда, колхоз, совхоздарда күні-түні жұмыс істеп, жауынгерлерді қамтамасыз етіп отырды. Қазақстанға көшірілген отбасыларға көмектесті, балаларды қанатының астына алды. Ер азаматтары майданға кеткен қазақ ауылдарының жағдайы сүреңсіз болса да, əр отбасының түтіні түтеп, шаңырақтың оты сөнбеді. Біреуі ерін, біреуі баласын, ағасын, бауырын, апа-қарындасын күтіп, тылда қарттармен бірге қыз-келіншектер білекті сыбанып еңбек етті. Осынау соғыс қазақ қоғамына үлкен әсерін тигізді. Дегенмен текті халықтан шыққан, тарихтан белгілі жауынгер қазақ әйелдерінің, батырлардың болмысы мықты жарларының, қазақтың қайсар қыздарының жалғасы сұрапыл соғыс кезінде де қиындыққа мойымады. Бүгінгі жарқын өмір үшін жанын қиған, қан майданда жаумен арпалысқан қазақ қыздарының және әңгімеміздің арқауы, қайраткер Шекер Ермағанбетованың ерлік істері ешқашан ел жадынан өшпек емес.
Қанша жауынгерді жер жастандырған жау оғы, сұм соғыстың көп жылғы зардабы, соның бәрін көзбен көрген апамыздың адал қызметін, табандылығы мен өжеттілігін бір әңгімемен айтып тауысу мүмкін емес. Бұл мемлекет және қоғам қайраткері, гвардияшы, қазақтың батыр қыздарының бірі – Шекер Ермағанбетова туралы бір үзік сыр ғана.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!